"ЖОЛ НАШАР, ҚОЮ ШАҢНЫҢ АСТЫНДА ҚАЛАМЫЗ": АЛМАТЫ ТҮБІНДЕГІ АУЫЛ МҰҢЫ

Уақыты: 21.07.2021
Оқылды: 1731
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылы Алматы қаласынан 10 шақты шақырым ғана жерде орналасқан. Аталған ауылдық округке қарасты «Полет» саяжайы Райымбек ауылының жоғары трассасынан 2 аялдама жоғары орналасқан. Алайда осы жерден қалаға қатынау мұң болып тұр. Халық сол жерді жаяу жүруге мәжбүр. Үйден жоғарғы трассаға жету де бір мұң.

Бұл жерде көпбалалы отбасылар, үлкен кісілер көп тұрады. Кішкентай балаларымен 1-2 шақырым жаяу жүру өте ауыр. Үйге келген қонақтар қайта алмай отырады. Ауыр жүктерімен трассаға жете алмайды, ал такси шақырса бұл жаққа келмейді. Шалғай ауыл болса бір сәрі, қазіргі ғылым мен техниканың шарықтап дамыған заманында Алматының түбінде осындай ауыл бар дегенге сенгің келмейді.

Тағы бір айта кететін жайт, осы 1-2 шақырым жолдың өте нашарлығы. Кедір-бұдыр, ал көктем мен күзде батпақ. Асфальт жоқ болған соң, үйден тап-таза болып шығып, барар жерімізге жетпей, қою шаңның астында қаламыз.

Үлкен, ұзақ жол емес, айналдырған 1-2 шақырым жерді асфальттауға болады ғой. Кейде қалада кетіп бара жатсақ, жап-жаңа асфальттарды аударып, қайтадан төсеп жатқандарды көріп, оданша асфальты жоқ жерлерді неге жөндемейді деп ойлайсың.

Осы жоғарыда айтылғандардың негізінде Қарасай ауданының әкімдігі Райымбек ауылына қарасты «Здоровье», «Полет» саяжай массивтеріндегі 1-2 шақырым жерді асфальттап берсе және бір автобус бөлсе деген тілегіміз бар. Саяжай массиві деп аталғанымен, бұл жерде жаңа құрылыс өте көп.

Біз бұл туралы бұрын да жазғанбыз, бірақ біздің өтінішіміз әлі күнге дейін жауапсыз қалып отыр. Құлақ асатын ешкім жоқ.

Марита ЖАНСЕРІКОВА

Қарасай ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан