ТАЛҒАРДЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ЖҮРГІЗУШІДЕН 200 МЫҢ ТЕҢГЕ ПАРА АЛҒАН

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1145
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талғар ауданында 200 мың теңге пара алған полицейлер айыппұл төлеп құтылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Олардың пара алатыны туралы мәлімет сыбайластықпен күресетін 1424 Сall-орталығына келіп түскен.

«Талғар аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция ротасы инспекторлары, 1987 және 1992 жылы туған аға лейтенанттардың әрекеті әшкере болды. Олар алдын ала сөз байласу арқылы 200 000 теңге пара алды. Параны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 612-бабы, 3-бөлігі (көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы) бойынша әкімшілік жауапқа тартпау және көлік құжаттарын қайтарып беру үшін алған», - делінген аталған департамент хабарламасында.

"Антикордың" ақпаратына сәйкес, Талғар аудандық сотының үкімімен екеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсы 7 миллион теңге мөлшерінде (пара сомасының 35 еселенген мөлшері) айыппұл төлейтін болды.

Айта кетейік, халықтың құқықтық сауатын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларының тиімділігі, жасалған фактілерге уақтылы ден қою мақсатында тәулік бойы 1424, 24/7 Сall-орталығы жұмыс істейді. Яғни, түнгі уақытта, демалыс күндері сіз сыбайлас жемқорлық фактілері туралы елдің кез келген жерінен 1424 Сall-орталығына хабарлай аласыз. Орталық қызметкерлері азаматтарға құқықтық мәселе бойынша кеңес береді, келіп түскен өтініштерді одан әрі талқылау үшін өңірлік департаменттерге дереу береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"