АРЗАН АТАҚ НЕМЕСЕ ХАЙП ЖАСАУ ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ПЕ? СТУДЕНТ ПІКІРІ

Уақыты: 18.09.2021
Оқылды: 1047
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Хайп! Иә, дәл осы сөз бүгін сәнге айналды дерсіз. Себебі қолданылатын аясы өте кең. Қайда жүріп естісең де  құлағыңа таңсық сөз. Әлі де түсінбей отырсаңыз айтайын.

Хайп сөзі – ағылшынша «High Yield Investment Program» деген сөздердің қысқарған түрі. «Табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағынаны білдіреді. Хайптың тарихы XX ғасырда АҚШ-тан бастау алған. Американдық медиа-маман Дуглас Рошкоффтың жазуынша, мұның түпкі мағынасы «тері астындағы ине» дегенді білдіреді. 1920 жылы бұл сөз есірткіге тәуелділерге қатысты қолданылған екен. Яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, тәуелділік дегенге келеді. Бұл рас. Дүниежүзі бойынша «хайпқа» тәуелділердің саны артты. Арзан атаққа құмарлар күннен-күнге бір-бірімен жарысып, абыройын төгуде.

Әлемді шарлаған хайп біздің елді де айналып өтпеді. Соңғы бір-екі жыл ішінде танымалдылық пен сұранысқа ие болды. Бүгінде хайп жасау заманнан қалмау деген түсінікпен ұштасып жүр. Ал соның бәрін, хайпты хайп етіп жүрген – бәріміздің қолымыздағы төртбұрышты кішкене экран. Біреу қит етсе хит ететін әдетімізді де жасыра алмаспыз. Қарап отырсаң, қоғамдағы адамдар екіге бөлінген. Хайп жасаушылар және сол жасаушылардың сойылын соғушылар.

Мойындаңызшы... Мәселен, әлеуметтік желіге танымал болып жүрген адамдардың өмірін, ішкен-жегенін, киген киімін өз алдына қойғанда, қайда қыдырып, тіпті, асырайтын ит-мысығына дейін қарап отырасыз. Халықты алдап, гив атты үлкен бәлесін ұйымдастырып, байқау жарияласа қалмай қатысып, үміт отыңызды үлкен бір көлік ұтуға, одан қалды ұялы телефон алуға арнайсыз.

Содан кейін осындай керемет өмірді өзіңізден іздейсіз. Жарайды, сол тізімдегі адамдардың ішінде пайдалы нәрселер жасап, үлгі көрсететіндер де бар. Бірақ кей адамдар атақ-абырой үшін тәнін жалаңаштап, намысын аяққа таптап, ұлы қызға, қызы ұлға еліктеп, ойларына келгенін жасап жүр. Оны көрген жас буын не ой қалыптастырады? Олардың болашағына зияны келсе ше деген сұрақтар мазалайды.

Сол үшін олар айыпты. Жаспын, кәрімін демей  намысын таптағаны үшін, бәлкім, кейбіреудің ала жібін атағаны үшін. Есіргендері сонша, хайп жасаушылар ар-ұят дегенді ұмытты. Әкені әке, ананы ана демей арзан атақтың артынан жүгіреді. Кейде қарап отырып неге біздің елімізде осындай адамдарға арнап заң шығармайды деп ойлайсың. Болмашы кішкене дүниелерге тыйым салатын заң көп. Ал, болашаққа маңызы бар нәрсеге келгенде үнсіздік орнайды. Барлығы қарапайым нәрселерден басталады. Қазірден бастап алдын алмаса, кейін кеш болуы әбден мүмкін. Болашағымыз жастардың қолында дейміз. Ал, сол жастардың қазіргі тірлігіне қарап тұрып налимыз.

Қазіргі қоғамда, барлық жерде бұл мәселе айтылып келеді. Оны ары қарай көтеруіміз де, түсіруіміз де өзімізге байланысты. 

Арайлым НҰРЖАПАР,

І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дің студенті

Алматы облысы