ПАРА БЕРУШІ ДЕ СОТТАЛАТЫНЫН ҰМЫТПАҢЫЗ! "АНТИКОР" ӨКІЛІ МЫСАЛ КЕЛТІРДІ

Уақыты: 23.09.2021
Оқылды: 1309
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы-іс қимыл аясында пара берушілерді де мейлінше қатаң жазалау практикасы қолданылып келеді. Сондай шаралардың бірінде алматылық тұрғын пара ұсынғаны үшін 7 жыла сотталды.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметі басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы мәлім етті.

- Өкінішке қарай, жыл басынан бері республика бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысқан 724 адам анықталды. Олардың үштен бірі – пара беруші (273 адам немесе 37,7%). «Пара беру» Қылмыстық кодексте мүлкі тәркіленіп және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырмадан алпыс есеге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деген агенттік өкілі бірнеше мысал келтірді.

- Мәселен, Қостанай облысында сотталғанға құқық қорғау органдарының бірінің лауазымды тұлғасына 800 000 теңге пара бергені үшін 24 млн.теңге айыппұл салынды. Ал Шығыс Қазақстан облысында пара берушіге коммуналдық мекеменің лауазымды тұлғасына 500 000 теңге пара бергені үшін 10 млн.теңге көлемінде айыппұл салынды. Алматы қаласында пара берушілердің бірі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай мысалдар көп, - дейді превенция қызметі басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, ірі көлемдегі параны қойып, көлемі 2 АЕК-тен кем пара беру пара беру әрекетінің өзі жауапкершілікке әкеп соқтырады.

- Заңсыз материалдық сыйақының және сыйлықтардың мұндай түрі 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай құқық бұзушылықтар, қылмыстық немесе әкімшілік болсын, сіздің жеке ісіңізде із қалдырады. Бұл сіз үшін де, жақындарыңыз үшін де жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Мысалы, бұл мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналасуға кедергі болады. Сондай-ақ, Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау жұмыс берушінің өзінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу үшін негіз болып табылады, - деді Ғанижан Асанұлы.

"ҚАЗАҚПАРАТ"