САРҚАНДА ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРДЫ ДЕГЕН КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Уақыты: 05.10.2021
Оқылды: 1386
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 32 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің "Қазақпаратқа" берген ресми мәліметінше, Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған. «Аталған бөлімнің басшысы мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында бөлінген қаржынының 32,9 млн.теңгесін жымқырды деген күдікпен ұсталды. Яғни, аталған қомақты қаражат Сарқан ауданының Бақалы, Алмалы және Көкөзек ауылдарындағы спорттық алаңдарына бөлінген. Қазір аталған бөлім басшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген аталмыш департаменттің ресми хабарламасында.

Тергеу жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та Сарқан ауданындағы кейбір спорт алаңдары тек құжат жүзінде ғана салынғаны жайлы ақпарат тараған еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"