АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДЕН ҚҰТЫЛА АЛМАЙ ЖАТҚАНДА... ТАЛҒАРДА ТАҒЫ НЕ ШУ?

Уақыты: 12.11.2021
Оқылды: 1877
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әлеуметтік желіде Талғар ауданында салынып жатқан жаңа мектептердің бірі қазақ және орыс тілдерінде оқытады, яғни, аралас болады деген ақпарат тарады. Аталған жайтқа қатысты Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Аруна Ортай түсініктеме берді.

Алдымен, желіде тараған постқа назар аударсақ, онда Талғар ауданының тау баурайында салынған жаңа мектебінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетіні қуантқанымен, аралас болады деген жаңалық тұрғындардың қуанышын су сепкендей басқан.

"Ол аз болғандай, жаңа мектепке баратын оқушы бар ма деген хабарлама "Ватцап" желісінде тарап жатыр. Бұл мектеп негізі Т.Рысқұлов атындағы №9 мектепке берілуі тиіс болған. Өйткені, Талғар аудандық №9 мектеп ескі, балабақшаға арналған ғимаратта оқып жатырмыз. Ешқандай жағдай жасалмаған. Бұрынғы аудан әкімі Жолан Омарұлы осы мектепті №9 мектепке беріледі деген болатын. Ол кісі қайтыс болған соң әкімдік өз білгендерін істеп отыр. Талғар қаласында №1, №5, №6, №8 мектептер аралас мектеп, №3,№4 таза орыс мектептері. Аудан халқының саны 196 567 адам (2019), ұлттық құрамы қазақтар (63,77%). Қазақтар 63% тұратын қалада қанша аралас мектеп болуы керек? Аралас мектепке қажеттілік барма? Не үшін жаңа мектепті аралас мектеп деп ашқалы отыр? Халықпен неге санаспайды? Құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін мектеп неге сайтқа жарияланбаған? Жоқ, бұл өтіріктің бір ұшы ма? Мемлекеттің ақшасына салынған мектеп неге қазақ балаларының білім алуына берілмейді? Аралас мектепте ашылған орыс сыныптарында түгел қазақ балалары оқып отырғаны басшыларды неге ойландырмайды? Жоқ, бұл кезекті орыстандыру саясаты ма? Ұлттың болашағы кімнің қолында?" - деп ашына жазған Сәния Нүсіпәлі есімді желі қолданушысы.

Аталған мәселеге Талғар ауданының тұрғыны, журналист Бақтияр Қабас та әлеуметтік желі арқылы үн қосқан. "Ал, керек болса. Аралас мектептердің санын азайта алмай жатқанда, жетпегені осы еді. Таза қазақ мектебі етіп ашқанға кім кедергі? Тіліміз ақсап жатыр деп жай ғана ұрандататынымызға бірден-бір дәлел! Қолданыстағы аралас мектепті айтпай-ақ қояйық. Осылай араластырып отырған өзіміз сорлымыз ғой. Кімнен не сұраймыз?! Сонда біз кімге жалтақтап отырмыз?" - деп жазды ол.

Талғар ауданының әкімдігі аталмыш мектептің құрылысы әлі толық аяқталмағанын мәлімдеп, аралас білім ордасы болатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. "Бұл мектептің қай тілде білім беретіні әлі белгіленген жоқ. Құрылысы жүріп жатыр. Мектеп құрылысы 91 пайызға аяқталған. Пайдалануға берілгеннен кейін комиссия қабылдайды. Одан кейін ономастикалық комиссия шешім шығарып, атауы беріледі. Содан кейін ғана қай тілде білім беретіні облыстық деңгейде қаралады", - деді Аруна Ортай.

Оның айтуынша, желіде ешқандай дерекке сүйенбей тарататын осындай ақпарат өте көп. "Әлеуметтік желіде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жүре береді. Сондықтан, тұрғындарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз. Әлі пайдалануға берілмеген, құрылысы жүріп жатқан мектептің сыртынан тон пішудің қажеті жоқ", - деді Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, жуырда мектептің құрылыс барысын Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов бақылап қайтты. Өңір басшысы бастауыш пен жоғары сынып кабинеттеріне кіріп, жиһаздардың жай-күйін тексерді. Қазіргі кезде инженерлік желілдерді іске қосуға әзірлеп жатыр. Ішкі әрлеу және сыртқы абаттандыру жұмыстары да жүруде. Мердігер жаңа мектепті осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр.

Жаңа мектепте үш ауысыммен оқыту деген болмайды. Жаңа мектепке ата-аналардың өтінішімен балалар қабылданады. Қазіргі кезде тізім жасалуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"