ТАҒЫ ДА ҚАТТЫ ОТЫННЫҢ ЖЫРЫ. ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ? ХАЛЫҚ НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 16.11.2021
Оқылды: 1112
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ төрағалығымен аймақ тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету туралы кеңес отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, селекторлық режимде аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Биылғы жылыту маусымы қалай өтуде? Көмірмен қамтамасыз етудің жалпы жағдайы қалай? Облысқа күніне қанша тонна қатты отын жеткізіледі? Осы сұрақтар төңірегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбілқасымов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі жылыту маусымы штаттық режимде өтуде.

– Жетісулықтар үшін биылғы жылыту маусымына жеткілікті көмір қажеттілігі 1,33 миллион тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда облыс аумағында барлығы 994 тонна қатты отын сатылды. Сондай-ақ, тұйықтарда жаз мезгілінен бергі 5,1 мың тонна көмір қалдығы бар. Күн сайын облысқа 82 вагон көмір жеткізіледі. Оның 47-сі облыс елді мекендеріне, 35-і Талдықорған қаласындағы тұйықтарға түсіріледі. 1-12 қараша аралығында облыс орталығына Шұбаркөл және Қаражыра көмірінен 148 вагон келді. Біз күн сайын мониторинг жүргіземіз. Бағаның өсуі байқалмайды. Нарықтық бағасы 14500-16000 теңге айналасында, – деп атап өтті ол.

– Көмір тапшылығы жоқ және болмайды да. Күн сайын облысқа қатты отын тасымалдайтын 82 вагон жеткізіледі. Сонда қандай тапшылық болуы мүмкін? – деді Лаззат Махат­ұлы кеңесте.

Осы тұста облыс бойынша барлығы сегіз көтерме көмір жеткізуші, 50 тұйық және 27 қойма бар екенін айта кеткен жөн.

Баяндамашының сөзінен кейін Лаззат Махатұлы тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуді бақылауда ұстауды, сондай-ақ, көмір мен жеткізу бағасының өсуіне жол бермеу қажеттілігін тапсырды.

– Өздеріңізге жаздан бері қатты отынмен қамтамасыз етуге байланысты жағдайды бақылауда ұстау керектігін тапсырып келемін. Әсіресе, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың қатты отынмен қамтамасыз етілуін назардан шығармаған жөн. Аудан, қала әкімдіктері, жоғарыдағы санаттағы отбасылардың тізімін жасап және олардың көмір сатып алуына көмектесіңіздер, – деп тапсырды облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Кеңес барысында Лаззат Тұрлашов көмір тапшылығы және ұзын-сонар кезек туралы әлеуметтік желіде таралған Қаратал ауданындағы жағдайды да талқылады. Жақында әлеуметтік желіде Үштөбе қаласының тұйығында көмір алуға келген көлік тізбегінен кезек пайда болғаны туралы бейнебаян таралған болатын. Видеода тұрғындар қатты отынның жетіспейтіндігіне шағымданған.

Өз кезегінде Лаззат Махатұлы Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабековтен:

– Неліктен сіз басқарған ауданда осындай мәселе туындады? –  деп сұрады.

Аудан әкімі тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі әкімдіктің қатаң бақылауында екенін айта келіп:

– Апта сайын Үштөбеге 12-14 вагон жеткізіледі, бұл шамамен бір мың тонна көмір. Жазда көмірді уақытылы сатып алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан ауданның кейбір тұрғындары күн суытып, қысыла бастағанда қатты отын сатып алуға тырысуда. Сондықтан, кезек пайда болды деп ойлаймын, – деді.

Жалпы, Қаратал ауданының тұрғындарына жылыту маусымынан қысылмай шығу үшін 40 мың тонна қатты отын керек. Бүгінгі күні оның 28,6 мың тоннасы немесе 71,5%-ы жеткізіліп, сатылған. Аудан орталығында "Гортоп" ЖК (Шұбаркөл), "Идигов" және "Томирис" ЖК-лар (Семей) көмір сатумен айналысады. Көмірдің нарықтық бағасы бойынша Семей көмірі 14200 теңге, Шұбаркөл 14400 теңгеден сатылуда. Ал Үштөбе бойынша жеткізу құны қашықтықтың жақын-­ алыстығына байланысты 5-8 мың теңгені құрайды.

Күз тұрғындардың қатты отынды қамтамасыз етіп алатын уақыты. Міне, бір-екі аптада қоңыр күз де бітіп, қыс мезгіліне ауысамыз. Кеңеске қатысқан аудан-қала әкімдері осы аралықта барлық күшті жұмылдырып, тұрғындарды мазалаған сұрақтарды шешеміз деп уәде берді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы