АЛМАТЫДА ТЕРЕЗЕДЕН СЕКІРУШІЛЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ. ТАҒЫ БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 04.12.2021
Оқылды: 1284
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматыда көпқабатты үйлердің терезесінен секіретіндер көбейе бастаған. Өткен жолы үш сәбиімен бірге 28 жастағы келіншек терезеден секіріп көз жұмса, осы жолы жасөспірім қыз өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Қыздың 12-қабаттан секіргені жайлы видео мен фото әлеуметтік желіде тарады. Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті мәлімет берді. Оған сенсек, қайғылы оқиға кешкі сағат 16:00 шамасында Алмалы ауданында болған. «Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады полициядан.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 28 жастағы әйел мен оның 2015, 2016 және 2019 жылы туған үш кішкентай баласы 9-ншы қабаттың терезесінен секіріп кеткен болатын. Әйел мен екі баласы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір бала "Жедел жәрдем" көлігінде қайтыс болды. Кейін әйелдің өлім алдындағы қоштасу хаты табылды. Одан бөлек, ғаламторда күйеуінің басқамен көңіл қосқандығы жайында ақпарат тараған еді.

Әлеуметтанушы ғалымдар мен психолог мамандардың сөзінше, үш сәбиімен бірге тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен әйелдің әрекеті қазақ қоғамында үлкен сілкініс тудырды. Отбасылық мәселелерді қайта қарап, халық арасында шаңырақтың шайқалмауын түсіндіретін құндылықтарды насихаттау қажеттігі айтылды. Сонымен бірге, мамандар психологиялық көмек көрсететін орталықтарға терезеден секіремін деп қорқытатын әйелдер хабарласа бастағанын мәлімдеді. Бұл қатарға ерлер де қосылған. Қалада секіруге оқталған оқиғалар да көбейген. Олардың көбі қаржылық қиындықтарға тап болғанын, несиелерін өтей алмай жүргендерін айтып шағымданған. Алайда психолог мамандар мұндай қайғылы жағдайға тек материалдық мұқтаждық себеп емес, отбасылық жанжал, қысым, көзге шөп салу, өтірік айту, жауапсыздық, екіжүзділік секілді теріс әрекеттердің де қатысы бар екенін алға тартуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"