ШЕЛЕКТЕ ҮШ ҰРЫ БІРІГІП, 70-ТЕН АСҚАН ҚАРИЯНЫҢ ҚОЙЫН ҰРЛАП КЕТТІ

Уақыты: 07.12.2021
Оқылды: 1524
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Шелек ауылында мал ұрлығын жасаған бір топ азамат ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шелек ауылдық полиция бөліміне 71 жастағы жергілікті тұрғын белгісіз тұлғалардың 11 бас ұсақ малын ұрлап кеткені жайында жазбаша арызбен жүгінген. Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы аталған деректі растады.

- Еңбекшіқазақ ауданы Шелек полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмысты жасады деген күдікке ілінген адамдар тобын анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта барлық үш күдікті де 11 бас ұсақ малды, яғни, қойды ұрлағандарын мойындап отыр. Жәбірленушіге жалпы соммасы 750 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген, - деді Шелек полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ермек Жәмеңкеев. Сонымен қатар, полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты алдын алу шаралары туралы да хабарлады. Мәселен, жыл басынан бері автомобиль жолдары бойында жайылып жүрген мал иелеріне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 1000-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылған.

- Мал ұрлығын жасаған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған 18-24 жас аралығындағы барлық азаматтар қамауға алынды. Полиция қызметкерлері олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде, - деді подполковник Жәмеңкеев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"