"ТЕХНОДОМ" ДҮКЕНІН ТОНАҒАН 31 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ ҚОЛҒА ТҮСТІ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 22.01.2022
Оқылды: 1204
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кербұлақ ауданының полицейлері жедел іздестіру шаралары барысында Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 1990 жылы туған тұрғынды ұстады. Бұлтартпас айғақтардан кейін ұсталған азамат өз қылмысын мойындап, заңсыз иемденген заттарды қайтарып берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Тергеу барысында күдікті 5 қаңтарда облыс орталығына келіп, заңсыз шеруге қатысқан. Түнде белгісіз біреулердің «Технодом» дүкенін тонап жатқанын көріп, қолына тиген телефондар мен басқа заттарды жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмысын жасыру мақсатында ұрлаған заттарын өзгелерден жасырып қойған.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған тұрғынның мекенжайынан 10 ұялы телефон, 2 дана планшет, 16 дана смарт сағат, 8 дана құлаққап, 1 роутер мен 1 антирадар құрылғысы табылып, тәркіленді. Сот шешімімен күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, - деді Кербұлақ аудандық полиция бастығының орынбасары, полиция майоры Алмас Бекиев.

Тергеу барысында күдіктінің ұрлаған заңсыз дүниелерін сатып, ақшасын өз пайдасына жаратуды жоспарлағаны белгілі болды. Дегенмен, тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысы қылмыскерлердің жымысқы әрекеттерінің алдын алуда.

- Жауапкершілікті ескермей, ұрлап алған немесе тауып алған қарулар мен бағалы дүниелерді полиция органдарына өз еркімен әкеліп тапсыруды сұраймыз. Бұл әрекеттер сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде көмек болады. Әсіресе, қаруларды бірден құқық қорғау органдарына тапсырғандар жауапкершіліктен босатылатынын ерекше атап өткім келеді. Заңсыз табылған заттарды тасымалдау немесе сату кезінде ұсталған жағдайда қолданыстағы заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертемін, - деді полиция майоры Алмас Бекиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"