Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАҢТАР ҚАСІРЕТІ: СЫН САҒАТТАН НЕ ТҮЙДІК? НЕ ШЕШТІК?

Уақыты: 24.01.2022
Оқылды: 1028
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарт тарих бәріне куә. Сонау 1986 жылдың желтоқсаны барыс жылы деседі. Жастар бойындағы барысқа тән айбат пен қайрат оянды. Алаңда егемендік үшін атой салды. Не керек, сол кезеңде ғасырлар мұраты Тәуелсіздіктің іргесі қаланып, шаңырағы көтерілді. Араға тұп-тура 36 жыл салып Тәуелсіздігіміз тағы да таразы басына тұрды. Мысықтабандап енген пасық пейілділер бейбіт елдің берекесін қашырып, күшпен билікті басып алғысы келді. «Мың өліп, мың тірілген» Алаш жұртының алаңында тағы да қан төгілді.

ЗЕРТТЕУ

Президентіміздің 5 қаңтарда жариялаған Үндеуінде: «Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті», - деді.

Бейбіт елге оқ атылғаны былай тұрсын, таразының бір басына Тәуелсіздік тағдыры көтерілді. Сын сағаты соқты. Сол сәтте мені алаңдатқан әрі түн ұйқымды төрт бөлген мына мәселе болды. Конституциялық міндетін мінсіз атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Бүлік басталғанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір өңірдегі департамент басшылары ғимараттарын, яғни, қызметтік орындарын тастап кетіп қалған. Қажетті көлемде арсенал болғанына қарамастан олар ойран салғандарға қарсы тұрмады», - деп ашынған Президент үні әлі де құлағымда.

Алаш десе атқа қонған есіл ерлер ұрпағы қайда? Өз елінің "ұлтаны" қайда? Ұлт тағдырын уысына сеніп тапсырған бірқатар азаматтарымыз, шенді-шекпенділеріміз антын бұзып, халқына опасыздық жасады деген күдікке ілінгені өзегімізді өртемей ме?

Рас, қатардағы қаншама әскерлеріміздің өмірін оққа байлап, лаңкестердің жолы қиылды, бірақ сын сағаты олқы тұстарымыздың жарасын тырнап берді. Ұрпақ тәрбиесін қолға алған көпбалалы ана әрі жас педагог ретінде осы ойлар мені сарсаңға салды. Қолыма қайта қалам ұстап, ұлтына деген опасыздықтың себеп-салдарын саралауымның сыры осында.

Бәйтеректің тамыры берік болса жайқалады. Ал біздің рухани бәйтерегіміздің түбі терең деп кім айта алады? Әрине, бұл сұраққа шамданарсыз. Әйткенмен, бүгінгі қоғам тамырсыз ағаштай шайқалады. Ол үп еткен желден-ақ байқалады.

Қазіргі дамыған елдер өздерінің өркендеуін, жалпы алғанда, жаңғыруын екі-ақ фактормен өлшейді екен: бірінші – құндылықтар жүйесі, екіншісі – институционалдық жүйе. Осындағы бірінші факторға тереңірек үңілсек, құндылықтар да заманға қарап өзгеріп отырады. Оған да түрлі сыртқы факторлар әсер етеді. Бұл турасында АҚШ, Еуропа елдері зерттеп, жіліктеп тастаған. Алғаш 1940 жылдары Абылхан Манцзло деген америкалық ғалым құндылықтар жүйесі турасында терең ізденген. Оның тарихта «Пирамида Манцзло» деген қолтаңбасы қалған.

Ал, қазақстандық құндылықты зерттеу үшін Роберт Инглхарт деген америкалық профессордың әдістемесі оңтайлы. Неге? Бұл ғалым 1960-70 жылдары Еуропадағы зерттеуге қатысып, 1981 жылы «Әлемдік құндылықтар» деген жұмысын алты құрлықтың 104 мемлекетінде жүргізген, 105-ші болып біз ендік. Бұл тәжірибе жүзінде іске асқандықтан, шындықпен тура жанасады. Әрі салыстырмалы түрде зерттеледі.

Осы тәжірибе біздің елімізде 2014 жылы өткізілген. Сондағы қызықты айтайын, қазақстандықтар үшін ең бірінші орында денсаулық тұр. Екінші – балалар. Үшінші – қауіпсіздік, яғни, жеке қауіпсіздік. Төртінші – ырыздық, бесінші – отбасылық қарым-қатынас құндылықтары. Ал рухани жаңғыру деп жатқан Отанға қызмет ету – жиырмасыншы орын, патриотизм – он тоғызыншы орын, адамның құқығы – он сегізінші, бостандық – он жетінші, әдептілік – он алтыншы, қоғамдағы бірлік пен татулық – он бесінші орындарда тұрақтаған.

Көрдіңіз бе, басымдық бойынша берілген бағыттар біздің санамыздың қай қиырында тұрғандығын! Яғни, ұжымдық қатынас төмендеп, адамның жеке басы бірінші орынға шыққан. Бұл Отанға деген опасыздықтың баспалдағы. Рас, ащы да болса, ақиқат. Жоғарыда атағанымыздай, «тамырсыз ағаштың шайқалуы, үп еткен желмен байқалуы» осы.

Еліміздің басына үйірілген қара бұлттың да қайдан келгенін аңғару қиын емес-ау мынадай нәтижелерден кейін. Қару-жарақ қоймаларын тастап, тым-тырақай өз басын сауғалап қашқан қаншама шенділердің әрекеті – тамырсыздықтың көрінісі.

Осы орайда ұстаз ретінде – алдымызға келген шәкірттерімізге тек білім берумен шектеліп қалмай, болашақта елін сүйетін, жанын сала халқына адал қызмет ететін, патриот қылып тәрбиелеу деген ауыр жүктің артылғанын сездім. Ертеңгі қазағын көркейтетін жаңа леп – бүгінгі алдымызда отырған білім алушылар.

Педагог ретінде арманым біреу: атам қазақ айтқандай – ТЕКТІ, ар-намысты, ұлтына адал, иманды, заманауи интеллект ұрпақ тәрбиелеп шығару. Олай болса, қайтпек керек? Тәуелсіз елдің жас педагогы ретінде ұрпақ тәрбиесінде төрт бағытты терең қамтуды ұсынамын.

ТІЛ

Бірінші – ана тілін үйрету керек әр ұрпаққа. Ал, ана тілін білмеген ұрпақ әдебиетінен, мәдениетінен де мақұрым қалады. Сөйтіп, тамырынан ажырайды. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Демек, ана тілін үйретуді мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнімен ғана шектеп қоймау қажет.

Қазақ тілінің қадір-қасиетін, құдіретін түсінген бала ғана ұлтының шын жанашыры болмақ. Ал, ол үшін партадағы өскелеңге арнайы уақыт бөліп мақал-мәтелдер, жыр-дастандарды жаттатып, ақын-жазушылардың шығармаларын оқытып, талдау ләзім. Байқайтын болсақ, батырлар жырын жаттау арқылы бала бойында тіліне деген құрметпен қатар патриоттық сезім де өздігінен дами бермек. Ашығында, ауыз әдебиетінің ең үлкен саласының бірі ретінде батырлар жырын педагогика ғылымында зерттесе, зерделесе, патриоттық тәрбиенің түпқазығы осында жатыр. Белгілі әдебиетші-ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем», - деген.

Айталық, «Ер Тарғын» жырындағы Тарғын бір рудың емес, барша жұрттың батыры ретінде ерекшеленеді. Ол басқыншы жаудан елін қорғайды,сол елдің бүтіндігі мен бірлігін сақтауға қызмет етеді. Оны Тарғынның өзі былайша айтқан:

«Еділдің ар жағында

Атаңа нәлет қалмақтың,

Сыңсып жатқан малы үшін -

Аттанбадым олжа үшін,

Аттанғанмын дұшпанға

Ата-бабам ежелден

Ескі кегі бар үшін!»

Бұдан Тарғынның дүние-мүлікке қызықпайтын, ел намысын жоғары, бірлік пен ынтымақ туын биік ұстайтын адал азамат екендігі көрінген.

Эпостық жырлардың қай-қайсысында да бірінші кезекте негізгі қаһарманның күш-қайраты, ептілігі, шабандоздық, мергендік, қылыштасу, күресу сияқты қасиеттері дәріптеле бейнеленеді. Демек, қазақ тілінің тұла бойында қазақ ұлтының қадір-қасиеті жатыр. Ал оны жас буынға ұғындыру – елдік мақсат.

АТАТЕК

Идеология – көзге көрінбейтін, адамның ой-санасымен жүргізілетін ұзақмерзімді процесс. Оның нәтижесі бір күнде немесе бір айда белгі бермейді. Жылдар жылжыған сайын жемісін көрсететін еңбек. Әр күні адамның ойлау қабілетін дамытып, елін, жерін сүюге, шынайы патриот болуға, болмысымен адал еңбекке баулу – ұзақ кезеңдерді қажет етеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалуда. Жаратқанға сансыз шүкір, өз шекарамыз бар, Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз әр таңда айтылып жатыр. Экономикамыз да еселеніп, ел қоржыны қоңды.

Ақиқатында, азаттық бiзге жаңа жолымызды, соны соқпағымызды табуға зор мүмкiндiк берді. Демек, тарихқа тағзым жасау, елдікті құрметтеу, тәуелсіздікті одан әрі нығайту – бәрімізге артылған үлкен міндет, бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Ендігі мақсат – осы елімізге, ұлан-асыр жерімізге ие болу.

Қазақтың рухани дамуының алтын діңгегі болған ұлы тұлғаларымыздан ұрпақ қалды ма? Бұл мәселе бәрімізді алаңдатары сөзсіз және бұл сауалға жауап беруден қиналамыз. Иә, ұлы адамның тұқымын құрту үшін ұлы даламызда қаншама солақай саясат жүргізілді?! Патшалық Ресей қыспаққа алды, репрессияға ұшыратты, атом қаруын жарды. Мұның бәрі қазақтың қаймақтарын қағып алудың қағидаты еді. Тұлғалардан қалған ұрпақтың көбі қазақша дұрыс білмейді, осылайша, өз тамырымызды ұмыттық.

Олқылықтың орнын қалай толтырмақпыз? Ең бірінші, тамырымызды тереңге жіберуіміз міндет. Өйткені, сыртымыз жылтырағанмен, тамырымыз құрттаса, үп еткен желге төтеп бере алмасымыз анық. Біз тұрғызып жатқан қазіргі қоғамымызда құлаған бәйтеректер қаншама?! Президенттен кейінгі ең үлкен қызмет саналған Премьер-Министрлер, талайдың арманы болған министрлер, жарты Құдай саналатын әкімдер замана сілкінісінен сұлап жатыр. Бұлардың әрбірі бір бәйтерек емей немене? Мұның бәрі тамырдан ажырағаннан деп білеміз.

Тамыр дегеніміз не? Ол – ататек. Қазір бәріміз баланы қалай тәрбиелейміз? Бірінші – оқы, білім ал, екінші денсаулығың мықты болсын деп спорт секцияларына береміз. Үшінші – өнерлі бол деп үйірмелерге жаздырамыз. Әрине, заманына қарай тіл меңгеруіне мүмкіндік туғызамыз. Дұрыс. Алайда тамырынан ажыраған ұрпақ жасанды жол іздейді, яғни, басқа жақтан нәр алады. Олай болмау үшін ең бірінші балаға ататегін үйрету керек. Ол жеті атаны ғана жаттап ал деген сөз емес. Олар қандай адам болды, еліне, жеріне қандай еңбегі сіңді? Ұрпағына не қалдырды? Қандай жақсы істері, қасиеттері бар? Олар тек ас ішіп, аяқ босатқан адам ба? Қысқасы, жеті атаңның жүріп өткен жолын таны деген сөз бұл. Бүгінгі жас буынға осы бағытта саналы тәрбие беру маңызды.

ДӘСТҮР

Үшінші – салт-дәстүрді сақтау. Оған мысал десеңіз айтайын, жапон елі қазір ең үздік дамыған мемлекет. Ал барып көрсеңіз, баяғыша татамиде жатады, алтын қасық берсеңіз де, ағаш таяқшаларымен ас ішеді. Яғни, бабаларының салт-дәстүрін әлі күнге жалғап келеді. Шындығында, Ғабиден Мұстафин айтқандай, қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды. Құлқынның емес, ұлтының құлы болуға үндейді. Бауыржан Момышұлы да айтпады ма: «Халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз. Нағыз жауынгерлерді тәрбиелеуде дәстүрдің алатын орны зор», - деп?! Демек, асыл мұраны жаңғырту – ұлы іс. Ұлы іс жолына жұмылуда мектептің алар орны айрықша.

Ұстаз болған соң, алдыңнан түрлі шәкірт өтеді. Дәл осы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ мәдениеті тақырыптарында ой қозғағанда оқушылардың үнсіз қалатыны қынжылтады.

Шыны керек, дәстүрді былай қойғанның өзінде мәдениетіміз – термені тыңдаудан қалдық. Онда айтылып жатқан мысал, сөздің құдіреті естір құлаққа кірмек түгілі, жетпей, жолда қалуда. Тіпті, күйдің тілін түсінетін де қазақ аз қазіргі қоғамда. Оны тек дыңғырлаған домбыра деп қана түйсінетін мүшкіл күйге түстік. Қос ішектен шыққан күй құдіретінің бір көрінісі «Бозінген» күйінің шығу тарихының бір нұсқасында: «Күйші домбырасын күйлеп, ағызып тарта жөнеледі. Күйге құлақ салған бозінген иіп қоя береді», - деп келтіреді. Баршамызға аян – «Ақсақ құлан». Күйдің тілін түсінген хан шарасыздықтан домбыраның шанағына қорғасын құйғызады емес пе?!

Міне, біз тиекке тіл бітірген, Алаш десе атқа қонған, ақсақал сөзі – талай тентекке ноқта болған тегі мықты, тамырлы ұлттың ұрпағымыз. Осынау қасиеттерді жаңа қырынан жаңғыртып, бүлдіршіндер санасына сіңіру – бүгінгі күннің басты талабы деп білемін.

ШЕШЕНДІК

Қазіргі қоғамда мінберге шыққан ел ағаларының ежіктеп, тілін бұрап жатып, әйтеуір, қағаздан бірдеңе оқитынына көз де, құлақ та үйреніп қалды. Алысқа бармай-ақ, халықтың қалаулысы деген депутаттарымыздың берген анттарын көріп, қос сөзді қиыстыра алмағандарына қапа болдық. Бұған қоғам дүр сілкінді. Тіпті, бейбіт митингтерде көпшіліктің мұңын тыңдап, келісті сөздерімен қиып түсер ой айтқан қай шенді бар?

Қазақ қашан да түйін сөзге тоқтаған халық. Байтақ дала төсінде жан сезімін жырмен ағытқан, қылпылдап тұрған қылыштан қынбаса да, жүйелі сөзге жүгінген ұлт. Шамырқанса – көңіл көгі найзағайдай шатырлап, тебіренсе – телегей теңіздей буырқанып, ақ жаңбырдай ақтарылып халықты өрлікке, елдікке, ерлікке, бірлікке шешендік қасиетімен үндеген бабалар ұрпағымыз. Бұған қазыналы қарт тарих куә. Демек, көнені көгендей көзден өткізе отырып, жаңамен сабақтастыру, жалғастыру да – ұрпақ парызы.

Өзім ұстаздық ететін Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат №1 орта мектебінде жыл басынан бері «Жігерлі жастар» дебат клубын ұйымдастырып, 9-10 сынып оқушыларымен шешендік өнердің шымылдығын түрдік. О баста сасқалақтап, сөзі мен ойы қабыспаған оқушылар ашық алаңда қымсынды. Дегенмен, тыңғылықты дайындық, ізденістің нәтижесінде бірнеше дебат ойындарынан кейін оқушылардың көзінде – от, сөзінде – сенімділік, ойында – жинақылық пайда болғанын көрдік. Көрдік те қуандық. Ойын ашық әрі ұтымды, жалтақтамай, өз сөзімен жеткізе алатын алғашқы қарлығаштарымыз пайда болды. Сөздеріне ұлылардың ұлағатын, мақал-мәтелдерді қосып, шешен сөйлеу ұнаған жастарымыздың қатары бүгінде көбейіп келеді. Десек те, масаттанып отыруға жол жоқ. Бұл мыңнан бірі ғана. Алда от ауызды, орақ тілді, ұтқыр шешім, тапқыр ой айтатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

P/S: Түмен ойдың түйіні: ұлт болып құндылықтар жүйесін қалпына келтіруіміз қажет. Рухани жаңғырудың мақсаты да осы! Ана тілімен сусындаған, ататегі – тамырынан нәр алып, ұлттық мүддені қара басының қамынан биік қойған, салт-дәстүрін санасына сіңіріп, шешен де көсем сөйлей алатын интеллект ұрпақ – жаңа Қазақстанның жарқын бейнесі болуы тиіс. Осы ретте өзім тәлім беретін 5-сынып оқушыларымен «Руханият» жобасын ұсынып, жүргізуді бастадым. Жоғарыда ұсынған төрт бағыт негізінде тақырыптық жоспар әзірленді. Осылай ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы атаған әділетті һәм адал ұрпақ тәрбиелеуді өзімнен бастағым келеді. Әлбетте бұл, «Мәңгілік ел» болу жолындағы мемлекетімізге жас ұстаз ретінде қосқан тамшыдай ғана үлесім һәм міндетім деп білемін. Мен алыптарымыздан арыстай ұл туатынына, ол ататегін қуып, елдің, жердің қамын ойлайтынына бек сенемін. Қазақ елі тұқымын жоғалтпай, ұрпағын жалғайды! Ал оған жол ашу, бүгінгі партада отырған ұрпақ тәрбиесінен басталады.

Алмагүл НҰҒМАН,

№1 Рахат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«Мәңгілік ел тұғыры» қоғамдық қорының директоры

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы