ҚАЛЫҢ МАЛЫ - 10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ. АРАБ ПЕН ҚАЗАҚ МЫҢЖЫЛДЫҚ ҚҰДАҒА АЙНАЛДЫ

Уақыты: 20.02.2022
Оқылды: 1602
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қоғамда талқыға көп түсетін тақырыптардың бірі – қазақ қызының басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы. Аталмыш жайт бұрыннан бары белгілі. Тек ол кезде интернет пен смартфон жоқ болған соң ондай жаңалық көп айтылмайтын. Қазір әлеуметтік желіге осыған қатысты сурет, бейнеүзік салынса, жер-жаһанның бүкіл бұрышына жетеді десек қателеспейміз. Былтыр күзде қара нәсілді жігітпен шаңырақ көтерген қыз туралы тек әлеуметтік желі қолданушылары ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазған еді.

Аз уақыт бұрын араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы туралы видеоүзік жылдам тарады. Оған себептің бірі – жігіттің қалыңмалға 10 млн.теңге ақша салынған конвертті ұсынуы. Әрине, желіде сан түрлі пікірден көз сүрінеді. Осы оқиға жайлы кино саласында болсын, басқа да ұлттық болмысқа, отбасылық құндылықтарға қатысты ойын ашық айтатын продюсер Перизат Мырзахмет «Инстаграм» парақшасына мынадай жазба (қысқартылып алынды) жариялады:

«Әлемде «бақыт тілей алмау және оның жолдары» деген жарыс болса, біздің ел жүлделі орынды жарыспай алайын деп тұр. «Даламыздай кең халықпыз» дейтін жұрттың пейілі неден тарылды екен, а? Күзде «қазақтың қызы қаранәсілді жігітке тиді» деп ұлардай шулады. Енді «қазақтың қызы арабқа кетті» деп бөрінің артынша шулап жатыр. Батасын беріп, бақыт тілеп шығарып салғанның орнына намысына тиіп, көңіліне келетін сөздерді қарша боратты. Парақшасына кіре қалсаң «бір үйдің азаматы» деп ауыз толтырып айтатын жігіттер. Жазғандарына қарасаң қазан-ошақтың жанында күңкілдеген әңгіме.

Бақыт тілей алмасаңыздар, жақсы сөз таба алмасаңыздар, тілді тістей отырыңыздар. Бақытын іздеу – адамның жаратушы берген құқығы.

Өмірлеріне өкпелі, тұла бойы толған комплекс жігіттердің бар тапқан сылтаулары: «арабқа көп ақшасы үшін тиді», «түрікке түрі үшін тиді». Ойлансаңыздар, шын себептерін көрер ме едіңіздер, сезер ме едіңіздер?! Кеудесінде жаны барда бақыт іздеген адамға кедергі болмаңыз».

Жазбаға қалдырылған пікірлердің көбі авторды қолдаса, бірен-сараны қарсы ой айтады. Мысалы, ademi_writer атты «Инстаграм» қолданушсы: «Біздің еркексымақтар өздері бала жіберсе де, қыз алады», – деп ашынған. Ал dinarabolat: «Қысыр әңгімеге үйір, тым ұсақ жігіттер қыздарды бақытты қыла алмайтыны осыдан-ақ белгілі», – десе, karlygash_amangaliqyzy: «Еркін, ашық, тура айтылған ойыңыз үшін алғыс айтамыз, әпке! Естірге құлақ, көрерге көз болса, мінекей! Тоқтауға қоя салатын бар болса. Орынды тұсы көп. Сезімдерімізді ойланып, ол ойды тілге салу оңай шаруа емес. Сіздің де тіл ұстарту шеберлігіңізден, тәжірибеңізден, бақылай білу әдетіңізден үлгі алып отырмыз. Байыппен түсіндірілген ақиқат!» – деп жазған. nazimgul_zhanibekova болса: «Бұлай жазғаныңызға жол болсын. Қазақ қыздарын шетелдікке тұрмысқа шығуға үгіттеген постыңызға жүздеген қыздың жүзіне күлкі үйірілгені өкінішті. Қазақ қыздарын алақанына салып, аялап жүрген қазақ жігіттері де аз емес. Артық кетпеңіз», – деп қарсы пікір қалдырған.  Ал, esmakhan_berkinbai_: «Не десем екен? Қаншама қызға арам ой салып отырғаныңызды білсеңіз ғой. Қазақ жігіттерін ез етіп көрсеткіңіз келеді. Қаншама үлгілі отағасы бар отбасылар бар. Оларды көзге ілмей, бүкіл қазақ жігіттеріне тіл тигізіп, шетелдің жігіттерін идеал етіп көрсеткіңіз келетіні байқалады. Соған біздің қазақ қыздары мәз. Аға, бауырларыңыз жоқ па? Армандарыңыз шетелдік жігіт болса не деймін, әке, аналарыңды «қуантыңыздар». Сіздердей қазақ қыздарының осындай деңгейге түсіп кеткеніне (контент үшін) қарным ашып отыр», – деп ой қосады.

Біз сөз еткен Кентау қаласының тұрғыны Динара Мұсабаева сұхбатында өзінің бұрын тұрмыста болғанын, бір баласы барын ашық білдіреді. Сонымен қатар, бір-бірін шынайы сүйіп, сезіммен қосылғанын айтады. Тіпті, күйеуі елге келмей тұрып қазақтың бүкіл тарихын, дәстүрін зерттепті. Қай елде тұратындары жайлы қойылған сұраққа: «Біздің қайда тұратынымыз күйеуім маған тұрмысқа шығуға ұсыныс білдірген сәтте-ақ шешіліп қойды. Мен шетел асып кетпеймін. Қазақстанда, соның ішінде Шымкентте тұрамыз. Ол кісі біздің елге инвестиция салып, кәсіппен айналысуды жоспарлап отыр», – дейді.

Елді елең еткізген жайттың бірі, жоғарыда айтқанымыздай, күйеуінің қалың малға 10 млн.теңге беруі. Бізде бұл қаржы көп көрінуі мүмкін. Сол себепті «ақша үшін тұрмысқа шықты» деген пікірдің айтылуы шартты дүние. Ал Араб мемлекетінде бұл қаржы көп емес екені түсінікті жайт. Қос елді бұл тұрғыдан салыстыру қисынға келмейді. Қарапайым ғана мысал, ол елдің таксишілері «Тойота Камри – 70» маркалы көлікпен жүрсе, бізде, шыны керек, көбіне шыққанына 20-30 жыл болған көлікпен тасымалдайды. Қазақстанның Араб елімен екі жақты қарым-қатынасы, эконималық байланысы әуелден жақсы. Сондықтан, біздің елге инвестиция салып, кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтуы құптарлық іс. Ал, шаңырақ көтеру мәселесі әр адамның өз таңдауы. Жеке өмірге, жеке адамның таңдауына ешкім араласпауы тиіс.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды