БЫЛТЫР 63 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР ТӘРТІП БҰЗЫП, ТЕРІС ҚЫЛЫҚ ЖАСАҒАН

Уақыты: 16.03.2022
Оқылды: 1629
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова арнайы брифинг өткізіп, былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.

Баяндамашының айтуынша, облыстағы 661 мемлекеттік органда 7073 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың 51%-ын әйелдер құраса, қалған 49%-ы ер адамдар. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40,2 жас, орташа еңбек өтілі 10,5 жылға тең. Мамандардың 91,5%-ы жоғары білімді. Оның ішінде «Болашақ» стипендиаты бесеу, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері – 13.

Былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өтіп, 112 мәселе қаралды. Кеңесте қаралған 112 мәселенің 74%-ы тәртіптік істер. Тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша жауапкершілікке тартылған 63 лауазымды тұлғаның бесеуі мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасаса, 58-і Әдеп кодексін бұзған. Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызмет көрсету саласында жүргізілген 71 тексеру кезінде 991 заңбұзушылық анықталған. Соған орай заңбұзушылықтарды жою туралы 25 ұсыныс, 37 ұйғарым берілді. Қорытынды бойынша 13 кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, лауазымды тұлғалардың 2 қаулысының күші жойылды, 17 азаматтың құқығы қалпына келтірілді.

Департамент басшысының айтуына қарағанда, электронды форматта көрсететін қызметтердің үлесі артқан. Яғни, былтыр облыста көрсетілген 13,5 миллионнан астам мемлекеттік қызметтің 91%-ы электрондық нысанда алынған. Осыған қарап халықтың электронды қызмет алу деңгейі артқанын байқауға болады.

Осындай мәліметтерді таныстырған департамент басшысы қойылған сұрақтарға жауап беріп, көпшілікті мазалаған мәселелердің түйінін тарқатып өтті.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы