ҚОРШАҒАН ОРТАДА ТЕПЕ-ТЕҢДІК БҰЗЫЛАДЫ. СОҒЫСТЫҢ ЭКОЛОГИЯҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 10.04.2022
Оқылды: 1384
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мамандардың есептеуінше, бес мың жыл бойында адамзат 14550 үлкенді-кішілі соғысты басынан кешіріпті. Соңғы екі дүниежүзілік соғыста 4,5 трлн.доллар шығын келген. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша дүниежүзінде бір жыл аштық апатының алдын алу үшін 1,5 млрд.АҚШ доллары жұмсалады екен. Ары қарай есептей беріңіз. Мұнымен қатар, соғыстың салдарынан соңғы бір ғасырдың өзінде мыңдаған қала мен ауыл, тұрғын үйлер мен мәдениет, оқу, денсаулық нысаны, кәсіпорындар мен мекемелер қиратылып, көптеген ауылшаруашылық жері бос қалды, миллиондаған адам баспанасынан, мал-мүлкінен айырылып, босып кетті. Осы ресурстар мен шығындарды бейбіт мақсаттарға, адамзат игілігіне пайдаланатын болса, ғаламдық мәселелерді дұрыс шешуге мүмкіндік туар еді. Тіпті, жоғарыда көрсетілген соғыс шығынының оннан бір бөлігін қоршаған ортаны қорғауға жұмсаса, қаншама игі іс жүзеге асырылатын еді.

Адамзат тағдырына алапат апат әкелген соғыстардан қазақ даласы да шет қалған жоқ. Басқасын айтпағанның өзінде Екінші дүниежүзілік соғыста Қа­зақстаннан 1 миллион 600 мыңдай жауынгер жауға қарсы аянбай шайқасты. Сол соғыста экономикалық тұрғыда тартқан шығынымызды айтпағанның өзінде 600 мыңнан астам адам опат болып, рухани, адам ресурсы тұрғысынан да көп зиян әкелді. Егер осындай адам шығыны болмағанда өркениет үшін қаншама ұлы жетістіктер жасалар еді. Сол қатардан табиғатқа жанашырлықпен қарайтын, экологиялық мәселелерді шешуге құлшына еңбек ететін талай талант шығар еді.

Соғыс жылдары Мәскеудің 40, Украинаның 70, Белоруссия, Ленинград және басқа жерлерден барлығы 220 фабрика, зауыттар мен артельдер Қазақстанға көшірілді. Соғыс үшін қазақстандық түрлі-түсті металлургия саласының маңызы да айрықша болды. Шымкент, Лениногор қорғасын зауыттарының, Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының, Балқаш және Қарсақпай мыс еріту зауытының ұжымдары ерекше көзге түсті. Солардың қатарында 1942 жылы іске қосылған Текелі қорғасын-мырыш комбинатының да үлесі зор болды.

Қысқасы, сол тұста Қазақстанда жалпы Кеңес елі бойынша өндірілетін қорғасынның 85 пайыздан астамы, мыстың 90 пайызынан астамы, көмірдің 1/8, молибденнің 60 пайызынан астамы, полиметалдың 70 пайызы шығарылды.

Әрине, соғысқа үлес қосып, ерлік пен елдік көрсеттік деп айтуға болатын шығар. Алайда осы әрекеттердің салдарынан қазақ даласының тозғанын, Жер-ананың уланғанын жоққа шығара алмаймыз. Сол жылдары экологияға келген апаттың салдарын әлі күнге тазалай алмай келеміз. Ал 40 жыл бойында 468 рет сынақ жасалған Семей полигоны жергілікті халықты «сынақ материалы» еткенін, радиацияның әсерінен туған аурулардан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын көзіміз көріп жүр. Сол полигонның өзі болашақта туындауы мүмкін соғыс қатерінен сақтану үшін жасалған әрекет екендігі анық. Полигон жабылғанымен оның зардабы әлі күнге жойылған емес. Осындай апат қайғысын көп тартқан үлкендер қашанда отбасына соғыс болмасын деп соңғыларға бейбітшілікті аманаттап отырады. Сондықтан, мәселені соғыспен емес, келісіммен шешуге жиі ұмтылатынымыз осыдан.

Өкінішке қарай, адамдар соғыс қатерінің өркениетке орасан үлкен шығын, адам денсаулығына қатер, ортаның бүлінуіне қауіп әкелетінін толық біледі. Дей тұрғанмен, тағы да әлемде соғыс өрті басылмай тұр. Әлем елдері күннен-күнге өркендеп, ғылыми жаңалықтарды игерген заманда соғыс түрлі елдердің құлдырауына себепкер болуда. Шиеленіс күшейген елдерде денсаулық сақтау саласы кенжелеп, медициналық қызметке зәрулік артты. Жарылған снарядтар, қолданылған қарулардың зардабынан себебі анықталмаған ауру-сырқау саны көбейген. Бүлінген ғимараттар, өртелген, шағылған, қиратылған мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштердің санында есеп жоқ. Осының бәрі, айналып келгенде, қоршаған ортаның тепе-теңдігін бұзып, жер шарының бүлінуіне, табиғи ресурстардың шығындалуына әкеледі. Оны күнделікті өмірде көріп, сезіп, біліп жүрміз.

Қысқасы, халықаралық экологиялық ұйымдар соғыс мәселесіне қатты алаңдаушылық білдіруде. Себебі, соғыс қысқа уақытта бейбіт жолмен тоқтамаса, адам, қаржы, экономикалық шығынмен қатар адам баласының өміріне ауыр қауіп төндіретін экологиялық апаттар сөзсіз орын алуы мүмкін. Мысалы, 1986 жылы болған Чернобыль апатын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Бейбіт күннің өзінде сол апатты ауыздықтау үшін қаншама шығын болғанын бәріміз білеміз. Соғыста қолданылатын химиялық, биологиялық қарулар ауаны ластап қоймай, жер шарындағы тепе-теңдікті бұзады. Қалай десек те, соғыс экологиялық жағдайға қатер төндіреді. Әрине, қираған үйлер қайта жасалып, бүлінген дүние қалпына келер, өлген адамдардың да қайғысы бірте-бірте ұмытылар. Ал ғылымның жеткен жетістігі тосқауыл бола алмайтын экологиялық қатерлер орын алса, оның зардабы жақын арада жойыла қоймайды.

Біз жекебастың жалған намысы үшін адамзаттың болашағымен есептеспей отырмыз. Бұл дәуір кез келген мәселені қарумен емес, келісіммен шешетін кезең екенін ұмытпайық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы