ШАҢҒА ТҰНШЫҚҚАН АУЫЛ. ТҰРҒЫНДАР КІРПІШ ЗАУЫТЫН ЖАБУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Уақыты: 05.08.2022
Оқылды: 3674
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Неге? Себебіне үңіліп, ой таразысына салайық. Егер сіздің ауылыңыз Алатаудың етегінде болса, айналасы көкораймен көмкерілсе, соған қарамастан шаң жұтсаңыз, тынысыңыз тарылса, қолқаңыз қабынса, не істер едіңіз? Сөз жоқ, ашуланасыз. Осыған ұрындырған адамдардың жағасына жармасасыз. Жазалануын  талап етесіз. Ендеше, қайназарлықтардың әрекетін орынды деп ұғайық.

Қайназар ауылының маңында 4 кірпіш зауыты жұмыс істеп тұр. Солардың екеуі елдімекеннің дәл іргесінде орналасқан. Тұрғын үйлер мен өндіріс орындарының арақашықтығы небәрі 40-50 метр ғана. Ауыл жұртының таза ауаға зар болып, зауыттан шыққан шаң-тозаңды жұтып жүргеніне 16 жыл болыпты. Олар бұл мәселе бойынша тиісті орындарға талай рет шағымданған. Бірақ ешқандай нәтиже шықпаған. Кәсіпкерлер қайназарлықтардың жанайқайына пысқырып та қарамаған. Тіпті, есіргендері соншалық, жақында ескі зауыттың орнына су жаңа кірпіш зауытын тағы салған. Оны көрген жұрттың шыдамы таусылып, дүр сілкінді.

– «Қайназар» ЖШС, «Құрылыс көмек» ЖШС деп аталатын кірпіш зауыттары экологиялық шекараны шектейтін «қызыл сызықтарды» елемейтін болды. Сары топырақты бөктердің бойын қуалап, елдімекеннің іргесіне жақындады. Елдің жайын, жұрттың қамын ойлауға ықыластары аз. Санитарлық талаптардың сақталмауы қалыпты жағдайға айналды. «Пайданы көрсе бас ұрудың» қызығын бірінші орынға қойды.

– Бұрқыраған шаң есік-терезені басып, ауылды тұншықтыруда. Одан қашып қоныс аудара салатын баяғы киіз туырлықты қазақтың өмірі қазір жоқ. Шыдаудан басқа амалымыз қалмады, – дейді ауыл тұрғындары.

- Тозаңдатқан шаңға күннің ыстығы мен ұйытқыған жел қосылса, жанды қоятын жер таппайсың. Бала-шаға шетінен жөтеліп, аллергияға ұшырауда. Ол асқынса  демікпеге ұласады. Өмірлерін кірпіш заутының өнімдеріне айырбастап жатқан сияқты. Ауыл адамдарының хал-жайын жергілікті дәрігерлер жақсы біледі. Осы жайға тосқауыл  қою үшін наразылық акциясын ұйымдастырдық, – дейді қайназарлық Айдар Қайнаров.

Ауылдасының сөзін жалғастырған Келгенбай Тұяқовтың  да айтары аз емес.

– Бұлар топырақты қаза-қаза зираттарға таяп қалды. Осылай кете берсе, беткейдің қыртысы түгелдей опырылуы мүмкін. Атам қазақ қорымға аяқ бастырмаған, әруақтарды құрметтеген. Құдайдан да қорықпайтын тасжүректерге бәрібір екен, – деп басын шайқады Келгенбай ақсақал.

Ашу-ызаға булыққан тұрғындардың жайы осындай. Алайда бұл мәселені осыншалық шиеленістірмей, ушықтырмай дер кезінде шешуге неге болмайды деп ойланасыз. Жергілікті биліктің оны реттеуге шамасы жетпейді деген «аңызға» қазір ешкім сенбейді. Осыған орай, өзімізге жолыққан Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайсар Бөгісбаевқа бірнеше сұрақ қойдық.

– Аумақтарыңызда орналасқан зауыттарға сіздер тараптан қандай бақылау бар?

- Өндірістік мақсаттағы кәсіпорындарға жұмыс істеу рұқсатын облыстың құзырындағы мекемелер береді. Біз ауыл тұрғындарының талаптарын жоғары жаққа дер кезінде жеткізіп отырдық.

- Әрекеттеріңізден нәтиже бар ма?

– Облыс тарапынан зауыттың заңдық негіздері жіті тексеріліп жатыр. Мәселе сотқа дейін жетті. Оның  шешімі көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттемін.

Ауыл тұрғыны Нұржан Қалиевтің айтуынша, жыл басында арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына аудан әкімінің орынбасары бар бірнеше билік өкілдері және ауыл белсенділері кірген еді. Тексеріс барысында зауыт жұмысының заңсыз әрекеттері тайға таңба басқандай дәлелденді.

«Өткенде қайтыс болған бір ауылдастың жаназасын шығарғанда, ас бергенде айнала шаңнан көрінбей кетті. Жұрт әбігерге түсті.  Қызуқанды жастардың ашуы қазандай қайнады. Әрең тежедік. Қашанғы бұлай бола береді? Осыны басшылар да, қосшылар да, кәсіпкерлер де тереңнен ойлауы керек», – деген ауыл тұрғындарының ескертпесі көп жайды аңғартады.

Егер заң үстемдік құрып, Қайназар жұрты шаң жұтқаннан құтылса, мұны – халықты тыңдайтын мемлекеттің ауданда жүзеге асқан жүйелі шарасы деп түсінер едік.

Зауыт орналасқан аумақты жақыннан  көрсеңіз, әсері тіптен сұмдық! Топырағы алынған кешегі жасыл дөңдер енді арса-арсасы шыққан жарқабақтарға айналыпты. Сұлу табиғаттың өңі сылынып түскен. Бір кезде бұл маңда қызғалдақтар жайқалған деген әңгімеге қазір ешкім сенбейді. «Қайран қадірі жоқ дүние!» дейсің іштей күбірлеп. Бұл аймақ туризмнің нағыз қайнар көзі ғой. Зауыт салатын жер таппағандай айналаны бүлдіргенін қарашы. Ол – заңға да, адамгершілікке де жатпайды. Осындай ой жетегінде тұрғанда аспаннан жаңбыр себеледі. Табиғат-Ана пенделердің аяусыз тірлігіне назаланып жылап тұрғандай.

Болат МӘЖИТ

Фото - автор

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы