ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ ЖОЙҚЫН ЖАРЫЛЫСТЫҢ АЛДЫН АЛДЫ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 06.12.2022
Оқылды: 2551
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Халық сайлаған Шеңгелді ауылының әкімі қайсарлық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Күндегі жұмыс кестесіне сәйкес әкімдікке бағыт алған Мақсат Жазиев жолай отқа оранған үйді көріп, көмекке жүгіреді. Мұндайда уақыт жоғалтып, ойланып тұруға тағы болмайды. Елді мекен басшысы қызыл жалын шарпыған үйге кіріп, газ баллонын көтеріп шығады. Сөйтіп, ауыл әкімі жойқын жарылыстың алдын алып, үлкен қауіптің бетін қайтарды.

Оқиға таңғы сағат 7:50-де болған. Ауыл жұртшылығы малын өріске шығарып, жұмысқа асығатын қарбалас уақыт. Осы кезде ауыл тұрғыны Сәбит Айтбековтің отбасы да жұмысқа асығыс жиналып жатқан. Жары мектепте мұғалім, үйде үш бала бар. Таңғы қарбаласта отбасы мүшелері қонақүй бөлмесінің төбесі түтіндей бастағанын байқап та үлгермеген. Электр сымының тұйықталуынан шыққан ұшқын әп-сәтте үй төбесіне жайылып, бөлме іші түтінге толады. Үй иесі жалма-жан әйел, бала-шағасын алып, түпкі бөлмеге өтеді де, терезе арқылы сыртқа шығады. Ауыл әкімі дәл осы сын сағатта алғашқылардың бірі болып үйге кіріп, қол ұшын созған.

- Үйге кіріп барсам, қонақ күтетін бөлменің төбесі өртеніп жатыр. Көзімді ашып-жұмғанша жалын қабырғаға қарай ойысып, шоқтар еденге түсе бастады. Ал үйдің иесі арғы бөлмеге өтіп, бала-шағасын терезеден шығарды. Жанымда тағы бір жігіт болды. Қорқыныш, қауіп туралы мүлде ойлаған жоқпын. Бар ойым көмектесу болды. Бөлменің оң жақ қапталында газ баллонын көзім шалды. Дереу қасымдағы бейтаныс жігітпен баллонды сыртқа алып шығып, қауіпсіз жерге қойдық. Өрт бұл аралықта шатырды шарпыды. Шлангыны суға жалғап, саты қойып, шатыр ішіндегі өртті сөндірдім. Қайтадан үйге кіріп, сау қалған жиһаздарды тасыдық. Қызыл жалынмен жарты сағаттай арпалыстық. Өрт сөндірушілер келіп, "тілсіз жауды" толықтай ауыздықтады. Өртті сөндіруге Шеңгелді ауылындағы әскери бөлім қызметкерлері де жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр жарығынан пайда болған. Барлық ауыл тұрғындарына қауіпсіздік ережесін сақтап, электр сымдарын, тұрмыстық техникалар мен жарық шамдарын тексеріп, ақаулар болса, жөндеуін сұраймын. "Сақтықта қорлық жоқ" дегендей, төтенше жағдайдың алдын алып, салғырттық танытпауымыз керек. Ауылымызда өрттің алдын алу бойынша кеңестер, нұсқау қағаздары беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Енді мұндай оқиғалар қайталанбасын деп тілеймін, - дейді Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Жазиев.

Ауыл тұрғыны Сәбит Айтбеков әскери қызметте. Төтенше жағдай орын алған уақытта демалыста болған. Үйі төрт бөлмелі. Жуырда ғана күрделі жөндеуден өткізіп, үйдің ішкі, сыртқы қабырғаларын, есік-терезесі мен шатырын түгел жаңалаған. Өрт салдарынан үйге қайтадан жөндеу жұмыстары қажет. Ауыл әкімінің айтуынша, зардап шеккен отбасына барлық көмек көрсетіледі. "Ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен жанашырлығының арқасында қауіптің бетін қайтардық. Әкімдік тарапынан баспанасыз қалған отбасына уақытша тұратын үй ұсындық. Сондай-ақ, қызмет орнынан да уақытша баспана берілетіні айтылды. Алайда олар туған-туыстары көмектесетінін, басқа үй барын айтып, біздің ұсыныстан бас тартты. Қандай көмек болса да, беруге дайынбыз. Ел болып, жұрт болып, бірлігімізден ажырамасақ, кез келген қиындықты еңсереміз. Барлық мәселе шешімін табады. Ауылымызда қайырымдылық қоры бар. Қордың мүшелері үйдің шығынын есептеп, осы бір айдың ішінде қайта жөндеп шығуға уәде беріп отыр", - дейді Мақсат Өмірғалиұлы.

- Ауыл азаматтары бір-бірімен тату-тәтті, қайғыда да, қуанышта да біргеміз. Ел іші болған соң түрлі жағдай орын алады. Сондайда жұмылып, көмектесіп, қиналып жүрген жандардың бір жағына шығысамыз. Халық сайлаған әкіміміз де қамқор, іскер азамат. Өртті көре салып, көмекке жүгірді. Ауылда қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Олар да қарап отырмай, үйді жөндеп береміз деп отыр. Ауыл азаматтары да осындай сәтте бір жерден табылып, қол ұшын созуда. Басқа да атқарылып жатқан игі істер көп. Ең бастысы, ауызбірлігіміз ажырамасын", - дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Батыр Кемалұлы.

Айта кетейік, Мақсат Жазиевтің Шеңгелді ауылдық округіне әкім болып сайланғанына бес айдың жүзі өткен. Жасы 47-де. Шеңгелді ауылында туып-өскен. Мамандығы - зооинженер. Әкімдіктен бұрын түрлі салада қызмет атқарған. Аталған ауылдық округке бес елді мекен кіреді. 9000-нан аса тұрғын бар. Ауыл тұрғындарының сөзінше, халыққа жақын әкімнің бірі Мақсат Жазиев. Ауылдың жағдайын көтеруге бар күш-жігерін салып, адал қызмет етуде.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Шеңгелді ауылы

Алматы облысы