ТУРИЗМ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1385
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Шалқыған көлі, асқақ тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласқан Жетісу өңірінің табиғаты адамды баурап алады. Тұмса табиғаттың сұлулығын сезініп, ғажайыбын көзбен көруге алыс-жақын шетелден келетін туристер саны да жыл санап артып келеді. Сол себепті де отандық туризмді дамытып, оның өзекті мәселелерін тарқату назардан тыс қалған емес. Осыған орай біз туризм саласындағы түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерді жазуды жөн көрдік.

ДҰРЫС ДЕМАЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?


Жұмыстан еңбек демалысына шығып, қым-қуыт тіршіліктен бір сәт қашықтап, жаз айында туған жердің топырағында аунағанға, қыс мезгілінде басын мұнар шалған таулардың құшағына еніп кеткенге не жетсін?! Қатпар-қатпар тастары, әдемі өзен иірімдерімен көмкерілген Жетісудың қай жеріне барып демаламын десең де туризмнің ошағы емес пе?! Бірақ біз табиғатты орынды пайдаланып, дұрыс демалып жүрміз бе? Жалпы, демалыс дегенді қалай түсінеміз?
Жазда отбасымызбен Текелі қаласынан жоғары орналасқан «Қыз құлаған» шатқалына, кейін Алакөл мен Көлсай көліне бардық. Айтайын дегенім жол мәселесі емес. Біздің қалай демалатындығымызда. Саф алтындай таза ауамен тыныстайын деп келген халықтың қарасы өте көп. Ішінде өзге ұлт өкілдері де бар. Бір таңғалғаным, олар демалып болған соң, артынан қалған заттарды жинап, тазалап кетеді. Ал бізде керісінше. Демалысқа шығып, шаршап қайтамыз. Өйткені, таңнан қара кешке дейінгі уақытымыз тамақ жасап ішумен өтеді. Ең сорақысы, отырған жерге күл-қоқыс шашып кететіндігінде. Өйткені жинап-тазалап кетуге күш те, уақыт та қалмайды. Әсіресе, көлікпен келетіндер демалыс орындарындағы тазалық сақтау мәселесін ескере бермейді. Халықтың туристік мәдениеті, экотуризм талаптарын сақтамайтынын көріп, налып қайттық. Кейбір туристік нысандарда, тіпті дәретхана, қоқыс тастайтын арнайы орындар жоқ.
 «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, туризм де мәдениеттен басталады. Туризм өркендесін десек, табиғатты таза ұстап, ең әуелі өзіміздің ішкі мәдениетімізді түзеуден бастайық. Сізден кейін де бұл жерге басқа адамдардың демалуға келетінін естен шығармайық.
Кез келген адам бір жаққа барып демалуды жоспарласа, алдымен демалыс орнының ғаламтордағы сайтын қарап шығады. Өкінішке қарай, бізде сервис өте нашар. Қазақстандағы кейбір демалыс орындардың сайтынан ештеңе таппайсың. Ал ақпаратпен толық қамтылмаса, туристер шұрайлы жерлерді қайдан біледі? Сондықтан демалыс орындарының сайттарын дамытып, қонақтар экскурсияға шығып, сол жердің тарихынан мол ақпарат ала алатындай жасау керек. 

 

МӘДЕНИЕТТІ БОЛУ – қаздиып қатып киініп, шіреніп машина мініп, шікірейіп қызметкер болу емес. Мұның бәрі көз алдар сыртқы қабық қана. Маймылды малындырып үлде мен бүлдеге орап, машинаға отырғызып қоюға болады. Одан маймыл мәдениетті болмайды, бәрібір ол битін теріп жегенін қоймайды. Өйткені, тегі солай. МӘДЕНИЕТТІЛІК адамның рухани өрісімен өлшенеді. Қаныңда бар ТЕКТІЛІГІҢ мен бойыңа сіңген ЖАҚСЫ ТӘРБИЕҢ қандай деңгейде екендігінен мәдениетің көрінеді. 

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ 


КӘДЕСЫЙДЫ ҚАЙДАН АЛАМЫЗ?

Қазақ қонағын құдайындай сыйлаған халық. Келген мейманына ат мінгізіп, шапан жауып күтіп жіберген. Қонақ күтудің өзі үлкен мәдениет. Шетелден келетін туристер де біздің қонағымыз. Яғни, оларға да кәдесый беріледі. Өкінішке қарай, бүгінде көп туризм ошақтары кәдесыйға қазақтың ұлттық туындыларын емес, шетелдің тауарларын береді. 
Өзге жұрттан елімізді айшықтап, даралап тұратын оюлы домбыра, Көк ту, құрақ көрпе, тарихи жәдігерлеріміз емес пе?! Қазақтың әрбір қолөнер туындысында ұлттық болмысымыз жатыр. Онда неге біз кәдесыйды шетелден алып әуре боламыз. Елімізде қолөнер шеберлері жетіп артылады. Тек қазақтың ұлттық өнерін дамытамын деген жандарға жағдай жасасақ болғаны. Мәселен Текелі қаласында «Мамания» шығармашылық мектебі» қолөнер этноорталығы жұмыс істейді. Бүгінде онда 200-ден астам қолөнерші біріктірілсе, «Мамания» шығармашылық мектебінде 6 қолөнер шебері сабақ береді.
Осы қолөнер этноорталығының негізін қалаушы Динара Бәкірова:
 – Біз туризм орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Кәдесый жасаймыз. Бірақ елімізде әлі де қолөнер шеберлеріне жағдай жасалмаған. Мәселен, біз мектепте мүмкіндігі шектеулі жандарға қолөнер бұйымын жасауды үйретеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандар болған соң барлығы тегін әрі оқушыларға қажетті жағдай жасалу керек. Өкінішке қарай, мемлекетке ұсынған әлеуметтік жобалар бойынша өтініш білдіріп едік, әлі жауап таппай келеміз. Мәселен, бауырлас Өзбекстанда 30 000 қолөнерші бар. Мемлекет қолөнерді, туризмді дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, ата-бабадан қалған мәдени-тарихи мұраны сақтауға үлкен қолдау білдіруде. Бізге осындай қолдау қажет, – дейді.
Шетелден келген қонаққа қазақтың салт-дәстүрін таныту үшін өзіміздің ұлттық кәдесыйларымызды беру аса маңызды. Ол үшін қолөнер шеберлеріне мемлекет, кәсіпкерлер тарапынан қолдау керек. 


ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ ТУРИЗМДІ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?


Гастрономиялық туризм дегеніміз – сапарлап келген мейманға ұлттық тағамдарымыздан дәм татқызу. «Қазақтың тағамы керемет қой» деп «бесбармақ», «сірне», «қымыз», «қымыранның» денсаулыққа пайдасын жарыса айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Иә, еліміздің келбетін айшықтайтын негізгі құндылықтардың бірі – ұлттық тағам. Өкінішке қарай, біз соны әлі күнге дейін ұлықтай алмай келеміз. Қазір туризм ошақтарының басым көпшілігінде ұлттық асхана атауымен жоқ. Қаланың қақ ортасынан кафе салып, бизнесін дөңгелентіп жатқан кәсіпкерлеріміз жетіп артылады. Бірақ ұлттық тағам дайындайтын асхана салынар емес. 
Жеріміздің шұрайлы табиғатына қызығып, елімізге сапарлатып келушілер өте көп. Шетелдіктер қазақтың тағамдарына құмартатыны жасырын емес. Олай болса, қазақтың ұлттық тағамдары мен қазақстандықтардың тағам мәзірін, азық-түлік өнімдерін отандық танымал бренд ретінде көтере алмай отыруымызға не кедергі? Қазір туризм ошақтарын былай қойғанда, үлкен қалалық жерлерде ғана болмаса, шағын аудан орталықтарында дәстүрлі асхана жоқтың қасы. Оның орнына шығыс, түрік, өзбек, кәріс асханаларын ашуға кәсіпкерлер құмар-ақ. Ал таулы аймақтарға бара қалсаң фасфудпен қатырады. Денсаулыққа пайдасы мол ұлттық тағамдарды іздеп жүріп, әрең табамыз. Соның өзі санаулы жерде ғана сатылады. Бұған себеп – түрлі тағамдардың, соның ішінде басқа елден келген астың көбеюі. Бірақ бұл тағамдардың пайдасынан зияны басым екенін зерттеушілердің өзі дәлелдеп отыр.
Туристерге шетелдің тамағы жаңалық емес. Қазы-қарта, жал-жая, қымыз-қымыран, тағы да басқа ұмыт болып бара жатқан тағамдарымызды жасап, оның тарихымен таныстырып, қай кезде жейтінін айтса, әлбетте келушілердің де қызығушылығы артады.

ТҮЙІН: Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Қазақ туризмін дамытамыз десек, әуелі мәдениетімізді арттырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік. 

 

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы