ТОЙ ЖЫРЫ: ҚҰР МАҚТАННАН ҚҰТЫЛАЙЫҚ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 2681
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ қашан да той десе, ішкен асын жерге қойып, барынша мәрт болуға даяр тұрады. Байырғы замандағы тойдың жөні бөлек еді, ал қазіргі той ше? Оның өзі бір мақалаға жүк боларлық тақырып. Біз тойды емес, оған кететін шығынды тарқатып көрелік.

Бәрі демейміз, әрине, бірақ көбі тойды несиеге жасайды. Оған кеткен шығын да толық жабылатынына кепіл жоқ. Шақырылған қонақ толық келмей, кейде үстел бос қалып жатады. Содан кейін бәленбай жыл сол тойдың несиесін өтеп болған соң, келесісі келіп тұрады. Әсіресе, өмірдің жаңа белесіне қадам жасап, шаңырақ көтерген жастар «ағайын, туған-туыстан ұят болады» деп тойдың қамына кіріседі. Жағдайы жетсе жасамасын демейміз, елдің батасын алғаннан артық не бар? Ал қаржылық қауқары жетпесе ше? Кредиттен басқа көмекке келер ештеңе жоқ. Той өтті делік, жас жұбайлар 3-4 жыл сол несиені өтесін, аталған уақытта екі баласы өмірге келді. Онсыз да шығыны көбейген жастарға материалдық қиындық туындайды. Өздері қалағандай өмір сүрмегенсін түсінбеушілік белең алады. Енді ғана бір-біріне үйренісіп келе жатқанда, жиі ыдыс-аяқ сылдырлап, ажырасуға жол ашылады. Белгілі журналист Бейсен Құранбек ұстанған жеті қағидасының бірі: «Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды».  Ажырасудың нәтижесінде еңіреп бала жетім, әйел жесір қалады. Бірнеше ай дайындалған той бір күнде өтіп кетеді. Мейрамхана, люмизин, қалыңдықтың көйлегі, асаба, торт, тойбастар дегендей, бітпейтін жыры шыға береді. 5-6 сағаттық думан 5-6 жылға жүк болады.

Сондықтан ақша болмаса, құр шығынданып қажеті жоқ. Болған күннің өзінде оны депозитке салып, келешектің қамына кіріскен жөн. Кейін ипотекаға үй алуға да болады. Ата-анасы тойға кететін ақшаға пәтер алып берген жағдайды да кездестірдік. Қандай керемет, иә? Ай сайын пәтерақы төлемей, үйден-үйге көшпей жүргенге не жетсін.

Кейде есептеп көрсеңіз айлығымыздың біраз бөлігі сол тойға кетеді екен. Қарап тұрсақ, той жасамасақ та шығынданамыз. Шақырған соң бармаған тағы ұят. Әр орынға төлеген соң, жоқ дегенде 10 мың теңге алып баруың керек. Алматы, Астана дейтін алып шаһарда кемі 20-30 мың. Келіншегіңнің бетін әрлеуі, шаш үлгісі, көйлегі бар. Бір тойға киген көлекті екіншісіне киюді құп көрмейтін нәзік жандылар жоқ емес. Сол себепті әр тойға әртүрлі көйлек алу қажет. Бізді жарға жығатын бір жаман әдет ол – мақтан. «Басқаның аты бәйгеден озып жатса, неге менікі келмеді» дейтін қызғаныш та бар. Қазақты ғана емес, бүкіл адамзатты сынаған Абай дана 21-ші қара сөзінде: «Аз ба, көп пе, адам баласы біртүрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс», – дейді. Шынымен, «Ананың тойы олай өткенде, біздікі неге былай өтпейді?» дейтін мақтан мен қызғаныш шығынға итермелейді. Мысалы, қарапайым ғана тірлік кешіп жатқан жаңағыдай мақтаны бар адамды алайық. Ол тойға барын киіп барғысы келеді. Себебі, сыртқа мәрт, бай болып көріну керек. Ол өзгелерді ғана емес, өзін алдап жүргенін қайдан білсін.

Осындайда, қазақтың «Ұят» деген сөзі еріксіз еске оралады. Бұрынғының ұяты мен қазіргінің ұяты екі бөлек. Қазір: «Ел-жұрттан ұят болады, ертең бір той жасауға жарамады деген сөзге қаламыз. Қой, одан да бірдеңе қылып осы міндетті атқарайық» дейді де, жұрттың сөзінен қашып, той қамына кіріседі. «Ана тойда шарап құйды, біз құймасақ ұят болады» дейтін жағдайлар да шашетектен. Қазақ қабылдаған бұрынғы ұят қандай еді? Әжеміз «Қонақ келіп қалса, ұят болады. Шәйің қайнап тұрсын, үйін жинаулы болсын. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп анамызды жөнге салып отыратын. Оның түбіне үңілер болсақ ұяттың арғы жағында иман жатыр. Өйткені иманды адам адалдыққа, тазалыққа жақын жүреді. Қазақ сондықтан «Ұят кімде болса, иман сонда» дейді де, «Ұялмағаннан ұял» деп бірауыз сөзбен түйіндейді. Түсінген адамға осы екі сөздің астарында біраз дүние жатыр.

Той – қазақтың ұлттық сипаты, салт-дәстүрі, атадан балаға қалған мол мирасы. Ислам діні де той жасауға қарсы емес. Оған дәлел ретінде Анас (р.а) жеткізген мына бір хадисті алсақ болады. «Пайғамбарымыз бірде Абдурахман ибн Ауф сахабаның үстінен сары жылтырақ көріп, бұл не деп сұрайды, сонда сахаба: «Уа, Алланың елшісі, мен бір ансарлық әйелге мәһірін беріп үйлендім» деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла береке берсін, бір қоймен болса да, той жаса», – дейді. Шынымен той жасап, ағайын-туыстың басын қосып, батасын алған дұрыс. Бірақ тойды қоймен емес, жылқымен жасаймын деп шығынға батқан дұрыс емес. Бастысы бір шәугім шаймен болса да ырымын жасау керек. Одан кейінгі бір мәселе – ысырап. Дастарқанға қажетсіз зат қою, жарамсыз сыйлық әкелу секілді ысырапқа апаратын жайттан аулақ болған жөн.

Батасымен елді көгерткен бабаларымыз бесік той, сүндет той, үйлену, алтын, күміс той деп кете беретін басқосуларды бекер жасамаған. Құтты қонақ келсе, қойы егіз табатын ел қай жағынан да ұтылған емес. Тек ата жолынан айнып, сол тойдың бастапқы болмысын жоғалтып алған ағайынға айтарымыз, құр мақтан үшін несие алып, ұят болады демей, көрпеге қарай көсілген жөн!

Мәулен Әнербай