РУХАНИ ОШАҚ АТ ҚОРАҒА АЙНАЛҒАН

Уақыты: 26.02.2023
Оқылды: 2809
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана»  деген парасатты пайымды классик жазушы, абыз Әбіш Кекілбаев тегіннен-тегін айтпаса керек. «Барлық білім кітапта, ерінбей оқып көуге», – деп айшықтаған алып Абай да асыл қазынаның құнын арттырып, бекер толғанған жоқ еді.

Ал бүгінгі біздің елдің рухани әлеміне қарар болсаңыз, оқылатын кітабы түгіл,  «өрісін өрт, өзегін дерт» алғандай руханияты да жұтаң тартып тұрғаны белгілі. Бір ғана Жетісу жерінде бұл ойды қуаттайтын мысал жетерлік. Соның бірі – кітапхана мәселесі.

 

РУХАНИ ОШАҚ АТ ҚОРАҒА АЙНАЛҒАН

Бүгінде елді мекендерде орналасқан кітапханалардың дені Мәдениет үйлері мен клубтардан орын алған. Ал кітапханасы тұрмақ Мәдениет үйінің өзіне күрделі жөндеу қажет болған аудандардағы мәселені айшықтаудың өзі адам жанын діңкелетіп жібереді. Мәселен, бір ғана Ақсу ауданы бойынша 20-ға жуық Мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етсе, кейбірі жамап-жасқауға келмейтін хәлде. Ақын Сара және Қоңыр сынды ауылдардағы рухани ошақ ат қораға айналып, қабырғалары қақырап тұрғаны жайлы жазылған жанайқайы «Jetisy» газетін жүйелі оқып жүрген оқырманға таныс. Ал сол Мәдениет үйлері шаңырағынан орын алған кітапханалардың жай-күйі қалай екенін өзіңіз елестете беріңіз?!

Біздің мемлекетте көп құндылық аса ескеріле бермейді ме деген ойға қаласың. Дамыған елдер иті мен мысығының өзіне жеке емханалық орын ашып жатқан уақытта біздің қазақия кеңістігінде барлық дүние бір жіппен шимайланғандай көзге елес беретіні анық. Мәселен, қарапайым  анықтама алу үшін үш есіктен өтіп, төртінші біреудің мөрін соқтыру керек болып жатады. Онсыз анықтаманың «а» таңбасы түскен күлпара қағаз қолға тимейді. Сол секілді құндылықтың қазығына айналған руханият мәселесі де осы хәлде. Онсызда ауылдағы тұрғындарға шақтап салынған санаулы орны бар мәдениет ошақтарына кітапханаларды теліп қойғанбыз. Мемлекет болып жастарға кітап оқуды үлгі ете алмай жатқан уақытта осының өзі езуге ащы мысқыл ұялататынын кімнен жасырайық?!

 

АЛТЫ АЙЛЫҚ ҚЫСТА ОТ ЖАҒЫП

Панфилов ауданынына барған сапарда бірқатар ауылдағы кітапханаға бас сұқтық. Рухани қазынаға толы, әдеби кітаптар түгелімен сөреде сіресіп тұр деп айта алмаймыз. Уақыт барысымен толығар.

Алайда осынау кітапханалардың кітапханашылары бүгінде алты айлық қыста от жағып рухани мекеннің ішін жылытып отырғанын да тілге тиек ете кетуде парыз деп санадық. Осы орайда белгілі ақын Айнұр Төлеудің әлеуметтік желідегі жазбасы еске түседі. Ол:

«Оқу үшін кітапханаға бардым. Интернеті нашар екен. Кітапхананың интернеті – мен үшін өте маңызды, себебі ғылыми монографиялар мен мақалалардың PDF-нұсқасын іздеймін, сайттардағы кітаптарды оқимын дегендей. Енді барлық кітапхананың интернеті нашар емес шығар деп, үйіміздің қасындағығна бардым. Ол жер өте салқын екен...», – деп пікір қалдырған.

талқылауға түскен осы жазбаның астында кітап функциясын қайтару үшін біраз уақыт керек екені де айтылды.

 

ҚАЗЫНА БІТКЕН ҚАРА ЕДЕНДЕ ШАШЫЛЫП ЖАТЫР

Хош, ұлы құндылықтар тоғысқан, сан ғұлама мен ақын-жазушының өнеге шашар өсиеті топтасқан кітапхана мәселесі туралы толғануымызға түрткі болған мәселенің тағы бір сілемі – Жаркент қаласындағы балалар кітапханасы.

Осыдан үш жыл бұрын жаңа ғимаратқа көшкен кітапханада кітап қояр сөре жетіспейді. Панфилов аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен бірнеше сөре жеткізіліп, бірқатар кітап тәртіппен орналасқан десек те, жергілікті бюджеттен немесе мәдениет, арихвтер және құжаттама басқармасы тарапынан қолдау болмаған соң қазына біткен қара еденде шашылып жатыр. Бұл туралы сұрағанымызда Панфилов аудандық кітапханасының директоры Дария Байжігітқызы:

«Жаркент қаласы Юлдашев көшесінде орналасқан балалар кітапханасы қаладағы 9 орта мектептің 1-9 сынып оқушылары мен көптеген бала-бақшаның тәрбиеленушілеріне қызмет көрсетуі тиіс. Аталмыш кітапханаға 2020 жылдың аяғында жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, жаңа ғимарат берілген еді.  Кітапханаға керекті жабдықтарға, жиһаздар алуға қаржы бөлінбегендіктен,  штаттық бірліктер: (2 кітапханашы, 3 күзетші, 1 еден жуушы, 1 бағдарламашы)  қарастырылмаған», – деп жауап қайтарды.

Сонымен қатар, аудандағы кейбір кітапхананың жай-күйі сын көтермейтінін, кітап қоятын сөрелер жетіспейтінін жеткізді.

Мәселенің мәні осыда десек те, жалпы биілік немесе жауапты басқармалар тарапынан кітапханаларға материалдық-техникалық базаны нығайтуға жалпы қаражат қарастырылмайтынын ұғындық. Соның салдарынан сынған мүлік жамап-жасқалса да жаңамен толықпайды екен.

Міне, осындай олқылыққа жол бере отырып біз жастарға айрықша сын көзбен қараймыз. «Телефонға телмірген, кітапты қажет етпеген буын» деп айыптаймыз. Ал өзіміз «азып-тозған кітапхана кімге керек?» деп бір сәт ойланып көрсек жөн болер еді-ау!

 

АРДА БИ