"3 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген": арақтан бас тартқан ауылда тәртіп реттелген

Уақыты: 24.04.2023
Оқылды: 1754
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлытау өңіріндегі Жаңаарқа ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұрғындар соңғы 3 жылда ішімдіктен бас тартқан. Содан бері ауылдық округте бірде-бір қылмыс тіркелмеген деп хабарлайды  "Хабар 24" арнасы. 

Жергілікті тұрғындардың сөзінше алкогольден бас тарту бастамасын алдымен жастар көтерген. Кейін бұл идеяны ауыл тұрғындарының барлығы қолдаған. Осылайша ішімдік дүкен сөрелерінен шығарылды.

“Біздің жастар өте белсенді. Біз алкогольді пайдалануға үзілді-кесілді қарсымыз. Алкогольдік сусындардың болмауы – тыныш өмірдің кепілі. Бұл ауылдық округ құрамына 3 елді мекен кіреді. Жергілікті учаскелік инспектор қазір іс жүзінде ауылдарға бармайды”, – деді Сейфуллин атындағы ауылдың тұрғыны Нұрлан Орынбайұлы.

Учаскелік инспектор Сәкен Қартаев ішімдіктен бас тартқалы ауылда қылмыстың мүлде жоқтығын айтады. 

“Соңғы жылдары бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауыл жастары жеке кәсіппен, мал шаруашылығымен айналысады”, – деді инспектор. 

Сәкен Сейфуллин атындағы ауылда қазір барлық мерекелер ішімдіксіз өтеді. Дүкендері бар кәсіпкерлер де, тұрғындар да бұл өнімдерден өз еркімен бас тартқан.

“Есігіміз күндіз-түні ашық. Ешқандай ұрлық-қарлық жоқ. Көбі ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ біздің ауылдың жігіттері спортқа бейім, мықты. Жастар егін егеді. Ауылда шаруа қожалықтары көбейіп келеді. Қазір олардың саны 85”, – деді Сейфуллин ауылының тұрғыны Алданыш Әменов.

Материал: Stan.kz  сайтынан алынды

Фото: көрнекілікке