Электронды темекінің кесірінен елімізде жылына 18 000 адам көз жұмады

Уақыты: 29.05.2023
Оқылды: 1677
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгін қозғалып отырған тақырып емес һәм көңілдегі елең-алаң бұл мақаламен сейіле қоймасы тағы да анық. Телеарналар мен радиоларда, түрлі басылым беттерінде және әлем-жәлемі көп болса да әлеуметтік желіде де жиі айтылып жүрген жанайқай. Ұрпағын ойлаған әрбір әке мен ананың ұйқысын бұзатын бұл жағдай заңның қуатымен бір шешімін таппаса, әлі талай айтылатыны сөзсіз.

Жақында Парламент мінберінен депутат Нұргүл Тау дабыл қақты. Халық қалаулысы көтерген мәселе өзін ақылдымын деп санайтын кез келген адамның санасына салмақ салары анық. Ендеше мұндай мәселеге неге жұрт болып жұмылып, ұлт болашағы болатын ұрпақ қамын бірге күйттемеске?!

Одан да маңызды мәселелер бар ғой деп аттап өтіп кетуге бола қоймас. Себебі, Ата Заңымыздың бірінші бабында мемлекеттің ең басты байлығы – адам  екені тайға таңба басқандай айтылған. Солай бола тұра заңды белінен басып, бабқа қайшы, адамзатқа қиянат жасайтын дүниеге көз жұма қарауды қояр емеспіз. Тағы бір мәрте аға буынды айтпағанның өзінде балиғат жасқа толмаған балалардың санасын улап алған ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ жайлы оқырманға ой тастауды жөн көрдік. Жас шыбықтай өсіп келе жатқан жеткіншектерді мезгілсіз кесіп түсетін кеселді айта бергіміз де келмейді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген елміз ғой. Бірақ «ауруын жасырғанның өлетінін» де естен шығармағанымыз абзал.

Сорақысы сол – бағасы удай бұл темекінің сауда орындарында шектеусіз сатылуында. Алкагольді ішімдіктер мен темекіге белгілі бір мөлшерде заң аясында тыйым салынғанымен электронды темекіге ешқандай да тосқауыл қойылмай тұр. Нәтижесінде –  ұрпағымыз уланып, болашағымыз бүлінуге бет алып бара жатыр. Түнеукүні ұлттық арнамыздағы «Мың бір түн» бағдарламасының мінберінен осы тақырып тағы қозғалды. Ұзақ жыл ұстаздық еңбек етіп, ұлт ертеңі болатын жеткіншектермен жұмыс істеп, тәжірибелі маман болған халық қалаулысы жанайқайын жалпақ жұртқа жеткізді. Тыңдар құлақ болса, жан шошытарлық ақпарат айтылды сонда. Бұған дейін де сан мәрте көтеріліп, «бір шешімі шығар-ау» деп күтіп жүргенде аяғына дейін жетпей сиырқұймышақтанып кететіні жасырын емес. Нұргүл Таудың ұлттық арнаның тікелей эфиріне көтеріп келген таудай мәселесі қай жерге дейін баратыны да белгісіз. Солай екен деп тағы да үміт үзуге болмайды. Тым болмаса ата басылым арқылы өз оқырманымызға сөз арнап, ауылдағы ағайынға отбасындағы тәрбиеге аса мән беру керегін ескерткенді жөн көрдік. Өйткені бұл індеттің сынаптай сырғып ауылдарға да жете бастағаны жайлы деректі де жоққа шығара алмаймыз. Індет емей немене – өз ақылы өзіне жететін аға буынның есі кетіп, езуіне қыстырған электронды темекі желмен бірге желп етіп, елпілдеп тұрған жастың есін аударып жатса.

Нақты деректерге сүйенсек, дәл осы электронды темекінің кесірінен елімізде жылына 18 000 адам көз жұмады екен. Естігенде құлағымыз шыңылдап, көргенде көзіміз шарасынан шығып кететіндей-ақ қорқынышты ақпар. Сөйте тұра осындай кесапат әкеліп жатқан электронды темекіден саналы түрде бас тартуға құлықсызбыз. Ақылын нәпсі билеген кезде пенде біткен ақымақтың қылығын істеп жүргеніне аса мән бере қоймасы анық. Әйтпесе жоғарыда көрсетілгендей, осынша адам 1 жылда жарық дүниемен қоштасып жатқанын естігенде селт етпеу – өз өміріңе өзің балта шабу емес пе?!

Бұл неменің балаларымыздың жан дүниесін баурап, аға буынның санасын жаулап алатын қандай сиқыры бар сонда? «Бақсам, бақа екен» демекші, бұл пәле кәдімгі темекідей түтіні айналаңда тұманданып тұрып алмайды, сонымен бірге түрлі жемістің дәмін беретін қоспасы бар. Баласының күнделікті сөмкесі мен қалтасын ақтарып тұрмаса, үйдегі ата-ана олардың электронды темекіге әуестеніп жүргенін байқай да алмайды. Өйткені кәдімгі темекі сияқты қасыңа келгенде мүңк ете қалатын иіс жоқ мұнда. Қарап отырсаңыз, өзін мәдениетті санайтын адамдар пайдаланатын дүние сияқты. Көз ашытар түтіні, мұрныңды тыжырындыратын иісі жоқ. Құтысы да әдемі. Қолыңа алғанда өзіңді сондай ақсүйектің ұрпағындай сезінуің мүмкін. Ал оның ішінде денсаулығыңа кері әсер ететін, нәтижесінде өміріңе қош айттыратын қаншама кеселдің бар екенін бағамдай бермейміз.

«Отан – отбасынан басталады»! Әр адам «Отан» деп аталатын алып шаңырақтың бір-бір уығы, әр әулет оның керегесі. Шаңырағымыз шайқалмай, мемлекетіміздің іргесі берік тұруы үшін ұрпағымыздың дені сау, рухы мықты болғаны керек! Үйіміздегі ұл-қызымыздың тәрбиесі мен денсаулығына ата-ана өзіміз жауаптымыз. Ұрпағымызды улап, ұлтымызға қауіп әкелетін кеселмен белгілі бір адамдар ғана емес, жұрт болып жұмыла көтергенде ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз. Аға буын – тоңмойын. «Менің денсаулығымда шаруаң болмасын» деуі де мүмкін. Ал өмірдің ащысы мен тәттісін ажыратып үлгермеген, ақ-қараны толықтай бағамдай алмайтын жас жеткіншектерімізді бұл індеттен сақтандырмасақ, сөзімізді өткізе, санасына жеткізе алмасақ, ертең асқынып кеткенде қызыл тіліміз байлауда, бармағымыз шайнауда кетуі бек мүмкін! 

Осылай ой қозғауымызға себеп болған Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау айтқан әңгіме, тіпті, ашуыңды келтіреді. Тәуелсіздік алған 30 жылдан аса уақыт ішінде сан түрлі салада дамыған елдердің тәжірибесін алып, кейбірі ұлттық болмысымызға келсе де, келмесе де заң аясында өмірімізге ендіріп жатырмыз ғой. Ендеше неге электронды темекіні жасөспірімдерге сатуға заңның қуатымен тыйым салмасқа. Дәл осы көтеріп отырған мәселенің адамзат баласының басына алапат індет әкелетінін білген әлемнің 32 мемлекеті электронды темекіні саудалауға заңмен тосқауыл қойып отыр. Бұл тізімде бізден 100 жылдай алға кетіп қалған, дамыған елдің алдыңғы бестігіне кірген мемлекеттер бары Нұргүл Тау келтіріп отырған нақты дерек. Депутат ханым: «Өзге елдің озық тәжірибесі деп өзімізге қабылдауға шеберміз, ендеше неге осы 32 елдің ішіне кіріп, электорнды темекіні жасөспірімдерге сатуға тоқтау салмаймыз», ­­­– деп ақылға қонымды уәжін айтты. Осы мәселеге қатысты ұсынылған Заң қатарынан 3 мәрте қаралып, қолдау таппай кері қайтқан. Оның себебі, электронды темекі мемлекетімізге қыруар пайда әкелуде-мыс. Сол үшін Ұлттық экономика министрлігі бұл Заңның қабылдануына қос қолын төбесіне қойып, қарсы болып отырса керек. Электронды темекіден түскен қаражатпен жыртығымызды жамап, тесігімізді бітейміз деп жүргенде онсыз да саны аз ұлтымызды санасы уланған жастармен толықтырып, уланғаны былай тұрсын, ерте солған гүлдей қылып, болашағымыз болатын ұрпағымыздың ғұмырын қиып, санымызды да кемітіп алмасақ жарар еді!

Осыдан 100 жыл бұрын айтылған ұлт перзенті Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» деген ұраны әлі құнын жоя қоймапты. Ұрпағымыздың ертеңін ойласақ, ұл-қызымыздың денсаулығы мен тәрбиесі үшін өзіміз алаңдайық. Оян, қазақ! Ойлан, қазақ!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ
Сурет ғаламтордан алынды