Шолпың қайда, қазақ қызы?

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 2206
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ қоғамында қыз баланың орны қашанда айрықша болған. Халқымыз сондықтан да «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаса керек-ті. Баяғы заманғы аналарымыз, аяулы қыздарымыз қандай еді? Бүгінгі қыздар неге үйір, неден қалыс? Қазіргі қазақ қыздарынан не күтеміз? Осы сауалдың мені мазалап жүргеніне біраз уақыт болған еді.

Қазақ қызы әрқашан өзге ұлттан инабаттылығы, ибалылығы, ақыл-парасаттылығы, ең бастысы, қазақы болмысымен ерекшеленіп тұратын. Шашына таққан сылдырлаған шолпысын айтсаңызшы?! Тіпті, бұрынырақта үлкен кісілер қазақ үйде әңгіме айта отырып, сырттан келе жатқан қыз баланың шолпысының сылдырынан әңгімені доғара қойған екен. Бірақ жақында ғана өз көзіммен көрген көрініс көңіліме қаяу түсірді. Қазіргіқыздардың қылығы көңіл көншітпейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Сондай ұятты көрініске куә болғаннан соң газет бетінде оқырманмен өз ойымды бөліскім келді. Өйткені, бұл еліміздің болашағын берік қалап, үлкен үміт күттіретін жас қыздарымыздың бүгіні.

Қазақ халқы қыз тәрбиесіне бұрыннан-ақ ерекше мән беріп, қыз баланың қонақ екенін санасына сіңіре отырып, бойына бар жақсы қасиетті дарытуға тырысқан. Өйткені, қыз – болашақ ана, аяулы жар. Бір шаңырақтың ұйытқысы, отанасы. Осыны бойына сіңіріп өскен қыз баланың болашағынан үлкен үміт күтуге болатыны анық. 

Енді өзім көзбен көрген көріністі айтуға тіпті аузым бармайды. Кешқұрым тамақтану үшін қаланың қақ ортасындағы кафеге ат басын бұрдым. Адам лық толы екен, шуылдаған музыка дауысы сыртқа естіліп тұр. Жап-жас өрімдей қыз-жігіттер. Он сегізге толған-толмағаны белгісіз. Жалпы білетінім, жиырма бір жасқа толмаған жастарды мұндай орындарға түнделетіп кіргізбесе керек-ті. Жеке куәлігін тексереді-мыс. Бірақ, он сегізге толмаған өрімдей жас қыздар қулыққа басып, аяғына биік өкше төпли мен қысқа белдемше немесе қысқа көйлек киетін көрінеді.

Яғни, бұл көрініс қыз баланың жасының 18-ден асқанына айқын дәлел іспеттес. Көрші үстелден көзіме екі жігіт түскені. Шеккені қор-қор, ішкені арақ. Жап-жас жігіттер. Сол мезетте кафеге үш-төрт қыз кіріп келді. Кигендері қысқа көйлек пен белдемше. Шынымды айтсам, оларды көріп ұялып кеттім. Қазақ қызы деп айтуға ұялдым. Ең сорақысы, жаңағы қыздардың әлгі көршілес үстелдегі жігіттердің жанына барып отырғаны. Әп-сәтте баяу ән қойылып, жастар  вальс билеуге шықты. Жігіттің түр-әлпетіне, киіміне назар аударсам, бақуатты отбасынан  шыққан секілді. Ана қыздың жігітке жабысып билемесі бар ма. Одан үстелге барып бір стақан арақты тартып алып, қор-қор шегіп отырғаны. Ұят-ай! Ар-намыс қайда? 

Көз алдымда өрімдей жап-жас қазақ қызы жігітке жабысып отыр. Жай ғана күрсініп, санамдағы сан түрлі ой сан-саққа кетті.  Кейде осының бәрі ата-ананың тәрбиесі ме деп қоямыз. Жас қой, жүрсін, қыдырсын деп ата-ана қыз баланың тәрбиесіне салғырт қарайтын секілді. Соның салдарынан осындай жағдайлар жиі кездесіп жатады. Кейде бала-шаға қалада жүріп, ауылдағы ата-анасының артқан сенімін ақтамайды. Айтсақ өзімізге тиеді, айтпасақ тағы болмайды. Қыз баланың түнгі клуб, кафе кезіп жүргені қазаққа жат, ұят. Сондықтан, ар-намыс деген нәрсені ұмытпай, қазақ қыздары деген атқа лайық болайық. 

Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы