Ажырасу неге жиілеп кетті?

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 2532
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жүз шақты отбасынан құралған таза қазақы ауылда ер жеттік. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдастар бір-біріне мүмкіндігінше қарайласып, дәстүр мен әдет ғұрыпты берік ұстанатын еді. Жаз шыға жасы жеткен жігіттердің көпшілігі үйленіп, бойжеткен қыздар тұрмыс құрып, мәре-сәре болатынбыз. Осылайша, барлығы той әлегімен қара күздің қалай келгенін де байқамай қалатын.

Біз, балалар әженің тойдан алып келген жылы-жұмсағы мен тәттілеріне әбден тоятынбыз. Бір қызығы, жаңадан отау құрғандардың ең болмаса арасынан бірінің «ажырасып кетіпті» дегенін естімей ержеттік. Меніңше бұл – сол кездегі қазақ ауылдарына, жалпы ұлтымызға тән құбылыс. Онда ерлі-зайыптылардың ажырасуы екі жақтың ата-анасы, отбасы үшін де ұят саналатын. Қазіргі кезде ажырасу да, таңсық болмай қалды. Ол жаңалыққа ешкім елеңдей қоймайды. Айналдырған ширек ғасырдың ішінде қалайша тез өзгеріп кеттік?! Бұған себеп не?
Оның басты салдары – имансыздықта. Болашақ – жастардың қолында. Бірақ олардың көпшілігі үшін өмірге деген жауапкершілік азайып бара жатқандай. Тіпті, кейде жастардың жасаған әрекеттеріне қарап, «Отбасы» деген киелі ұғымды жете түсінбей ме деген ойға қаласың. Шаңырағының шайқалуына жастардың бір-бірін жете танымай отау құруы туысқандардың ретсіз ортаға түсуі, материалдық қиындықтар әсер етеді. Мұндай жайттарды талқылағанша, ажырасудың қырына үңілген жөн. Ұлы сөзде ұят жоқ. Қазір жастарымыз өкінішке орай бірінші төсектес болып, кейін бас қосып жатады. Содан ойнап жүріп от басады да, барлығын «білдірмей жібереміз» деп асығып-үсігіп шаңырақ көтереді. Бұрындары халқымызда босағаны ақ болып аттау, «алғашқы түн», «ақ неке» деген ұстанымдар болды. Демек ата-бабаларымыз шариғаттың талаптарын өзінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен тамаша үйлестіріп, ислам қағидаларына адалдық танытқан. Сондықтан да, отбасы құндылықтары қасиетті ұғымға айналды. Ақ неке қиылмай жыныстық қатынас жасау – зина. Ол ең үлкен күнәлардың бірі. 
Себептердің тағы бірі – жігіт пен қыздарымыздың жасы есейіп барып (30-дан асқанша үйленбеу әдетке айналып келеді) отбасы құруында. Психологтардың айтуынша отыздан асқанда шаңырақ көтергендер ақыл тоқтатты дегенмен, аса кінәмшіл келеді екен. Өйткені, олар жалғыз өмір сүруге дағдыланып қалған. Ол үшін барлық шаруа өзінің ойлағанындай болуы керек. Әйтпесе сылтау шығарып, ұрсысуға дайын тұрады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ мұндай оқиғалардың бары даусыз. Соңғы кездері «Ата-бабаларымыздың ұстанған» жолы деп, болашақ құдаларымызды қатты қинап қоятынымыз да жасырын емес. Ал мұның соңы түсініспеушілікке ұласып, жастардың ажырасуымен аяқталатыны өкінішті-ақ. Осы жайында бір апамыз:
– Жалғыз ұлым үйленетін болды. Құдалар «ана сүтіне 3 мың доллар әкелесіңдер», «қызымызды қолдан ұзатамыз, қазақта мініс деген болады» сынды жөн-жоралғыны айтты. Бердік. Жолдасым да, өзім де банктен несие алып, ұлан-асыр той жасадық. Тойдан кейін құдаларды күтіп жатқанбыз. Олардың талабы бара-бара күшейіп кетті. Бір уақытта «Атамыздың тақиясы жоғалды» деген шу шықты. «Ұят болды-ау кім алды, беріңдер?!» деп тақия іздеп жүрсем, ол да ырымдары екен. Сонымен не керек құдалар жағы ақшаны сыпырып ала бастады. Осыған дейін сабырлық танытып отырған күйеуім шарт кетті. Отағасының сөзіне шыдамаған құдалар да қалысқан жоқ. «Қызымызды әкетеміз», – деді салған жерден. «Жаңылдық, жаңылыстық деп жүріп әупірімдеп келінімізді алып қалдық. Алайда бұдан кейін құдалар мен ара-қатынасымыз онша болмай келін біржолата төркініне кетіп тынды, – деп күйінішін жеткізді.
Ажырасудың негізгі себептерінің бірі – ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне селқос қарауында. Олардың алдында бірнеше міндеттері бар. Ердің жары мен бала-шағасы алдындағы міндеті  – бала-шағасының қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, тәрбие беру. Ал әйелдің ері алдындағы міндеті – отбасы шаруаларымен айналысып, күйеуіне мойынсұну. Ал олардың барлығы міндеттерін орындап жатыр деп айта алмаймыз. Осыдан барып, ұрыс-керіс, жанжал шығады. 
Ислам діні ерлі-зайыптылардың міндеттерін толықтай көрсетіп берген. Тек соны орындай алмай жүрміз. Әйел – анаң. Сондықтан өз анаңды қалай құрметтесең жарыңа да солай қарауға міндеттісің. Мемлекетіміздің іргесі берік, шаңырағы шайқалмасын десек, әркім өз отбасына ие болып тату-тәтті өмір сүруі қажет. Өйткені, «Отан – отбасынан басталады».

Болат Кенжеғұлов
Талдықорған қаласы