Бала шақтан болашаққа...

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1402
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бәріміз де бала болдық. Сол балдәурен шақта өткізген қызықты сәттерді қағазға түсірген жағдайда «шыр етіп дүниеге келгенде» деп бастайтын едік. Мен де сол қалыптасқан үрдістен тайқымай, солай бастағанды жөн көрдім...  
Анамыздың құрсағында тоғыз ай жатып, шыр етіп дүниеге келген сәтімізден бастап өмір атты үлкен керуеннің соңынан ілесеміз. Уақыт өткен сайын қоршаған ортаны танып, айналамызда не болып жатқанын байқаймыз. Деніміз сау, он екі мүшеміз аман болса, балалықтың бал дәмін татып өсеміз. Әрине, ол кезде ештеңеге аса зер салмай, ойымыз тек даладағы қызықта болатыны бәрімізге аян.                     
Балалық шақ – өміріміздегі ең бір алаңсыз, бейқам кезеңнің ең тәттісі. Қазақта «адам болар бала алысқа қарайды» деген осы сөз бекер айтылмаған. Қазір біз қандай болсақ, соның бәрі жастайымыздан бойымызға сіңірген жақсы қасиеттеріміз. Сондай-ақ «баланы бастан» деген салмақты  сөзіміз осы сөздерге демеу беріп тұрғандай. Себебі, бізді кішкентай күнімізден қалай тәрбиелеп өсірсе, солай қалыптасамыз. Әрине, жастықтық әсерінен көп нәрсені түсіне бермейміз. 
Ержеткен соң келешегімізге немқұрайлы қарап, қателесуімізге жол бермеуіміз керек. Өйткені біздің алдымызда ұзақ жол жатыр. Сол жолмен тура жүріп, болашағымыздың жарқын  болатынына сеніп, еңбектенуіміз қажет.

Ұлжалғас Хасен
Ескелді ауданы