Әлемдік ақиқатты арқалаған

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1305
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Айдаһар бейнесі қазақ ертегілерінде жиі кездеседі. Құбыжық, зор күштің иесі, адамзатқа қиянат жасайтын жағымсыз бейненің батырлармен арпалысқан кескіні санамызда мәңгі қалған. Үш басты алып айдаһар ақыры жеңіліп, ертегі көңілді аяқталады. Қорқыныштан шошып отырған бала көңіл әлгі айдаһардың өлгеніне кәдімгідей қуанады. Жағымсыз кейіпкер ретінде берілетін құбыжықтың тірі қалған немесе жеңіске жеткен кезі жоқ.

 Демек, ертегінің мақсаты – жағымсыз бейнені құрбан ету арқылы балаға жақсылықтың, әділеттің жеңетінін ұғындыру. Ал адамды тірідей жұтуға құмар осы бір құбыжықты неге айдаһар сомдаған? Әдебиеттанушы, фольклоршы ғалым Сейіт Қасқабасов: «Айдаһар, түптеп келгенде, ғаламат алып жылан» деп пайымдайды. Біз үшін тек ертегі кейіпкері саналатын алып жылан, шын мәнінде, шексіз мейірім иесі болмағаны анық. Сондықтан болар үйдің шаңырағынан мойнын созып, өзеннен су ішіп, кейде ысқырып аспаннан жаңбыр жаудыратын, өлілер әлемін күзетіп, жанды о дүниеге жеткізуші рух ретінде суреттелетін қорқынышты кейіпкер санаға жұмбақ жаратылыс болып орныққан.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің төрінен орын алған мүсінші Сәкен Нарыновтың «Менің атамның әлемі» деп аталатын еңбегі көп ойландырады. Өз құйрығын өзі тістеген жылан бейнесі қоладан құйылған. Қарапайым жыланға мүлде ұқсамайтын кескіннің денесіндегі жал тәріздес қанаты мүсіннің сұсты көрінісін толықтырып, жыланға айбат беріп тұрғандай. Алақанға ұқсас бес саусағы бар қолдар әлсіз, күш-қуатсыз. Мүмкін, аяқ шығар. Әйтеуір, қимыл үстінде.
Әлгі жұмбақ жаратылыспен сырласқым келді. Кез келген шығармадан автордың жан дүниесін көруге болады. Бұл таңғалар нәрсе емес. Ақын, жазушы, композитор, суретші, мүсінші де айтар ойын туындысы арқылы жеткізеді. «Жылан тәріздес жануардың Сәкен Нарыновтың атасына қандай қатысы болды екен?» деймін. Әлде, бала кезінде атасы айтып берген ертегіден естелік ретінде жасалған дүние ме? «Менің атамның әлемі» дегеніне қарағанда, атасы тек ертегі әлемінде өмір сүргендей. Өмірін бір шетке ысырып қойып, саналы адамның ертегі кейіпкерлерімен шектеліп отырмасы анық. Солай болған күннің өзінде бүкіл ертегі әлемін жылан бейнесімен жеткізіп тұр ма? Ертегінің жағымды кейіпкерлері көп емес пе? Қарасаң көз тоятын көңілді образдардың да мүсінін жасауға болады ғой. Ойым онға, санам санға бөлінді. Әлгі мүсін арқылы автордың айтпағын іштей түсінгім кеп жыланға қайта-қайта қадаламын.
Жануардың қауқарсыз қолдары мен жәудіреген жанары санамды сілкіндірді. Өз көзіме өзім сенбей, жыланның жүзіне үңілдім. Мейірімге мұқтаж қарттың жанары. Дәл өзі. Еш айнымайды. Бір нүктеге қадалып, кенже баласының жолын күтіп ұзақ отыратын марқұм атамның әлсіз жанары санамда жарқ ете қалды. Не деген ұқсастық?! Таңданып тұрмын.
Әлде, автор аузынан от шашқан құбыжықты мүсіндеу арқылы кеудесін көкке көтеріп, жолындағыны жаншып өтіп, қарсы шыққанды қағып түсіретіндердің де әлсірейтінін, мейірімге мұқтаж болып, аянышты халге түсетінін жеткізгісі келді ме екен? Кісі мүсінді бір көргенде «жауыз» деуге келетіндей сұсты бейнені анық байқайды. Бергеніңді қолдан, бермегеніңді жолдан  жұлып алып, таптап өтіп, тарпа бас салуға дайын қатыгездің бейнесі. Ашкөздігі соншалық, тіпті ойындағысы орындалмаса, өз-өзіне қиянат жасауға дайын адуынды ашу, кек, ызаның иесі. Долданып, ысқырып, үш оралып, өз ашуын өзінен алып тұрған жыртқыш бейнесі мені өзіне баурай түсті.
«Атамның әлемі»... Өз атам есіме түсті. Ол кісінің әлемі қандай еді. Егер бірауыз сөзбен атамның әлемін жеткізу керек болса, не айтар едім? Ой көп, жауап жоқ. Мүмкін, «ата» дегені қоғам шығар? Сенің жағдайыңа қарау былай тұрсын, дәл әлсіз тұсыңнан соққы беріп, жығылып, сүрінгеніңе мойын бұрмай, аяусыз, қойған талабына көндіргісі кеп, ойына келгенін іске асыруға тырысып жатқан дәл қазіргі қоғамның қатігез келбеті осы мүсіннен айнымайтын сияқты. Қарсы шығуға қауқарың жетпейді, жөн сұрауға жөнді ешкім жоқ, бас көтерсең, жұлып түсіруге дайын дұшпан табасың. Тек ілесу керек. Мынадай адуынды күшпен күресуге ешкім де ниетті емес, тәуекел етіп көндігуден басқа амал жоқ. Автор осыны айтқысы келді ме? Қайдам...
Көзін қара тастан жасамағанына қарағанда, автор, мүмкін, жағымды кейіпкерді мүсіндеді ме? Болмысы сұсты, қауқарсыз қолдарымен жерге сүйеніп тұрған жұмбақ жаратылыстың жүзінде сәл де болса жылу бар. Мейірім байқалады. Бір қарағанда, өз құйрығын өзі тістеген жылан бармағын шайнап, өкініп, шарасыздықты амалсыз мойындап тұрған қарияны елестетеді. Айтқанына көнбей, дегеніне құлақ аспай, азғырылып, жүгенсіз кеткен ұл-қызының қылығына күйініп тұрғандай. Себебі, жанары мұңға толы. Санасы уланған ұрпағын кері қайтару мүмкін болмайтынын іштей сезініп тұрған атаның жан әлемінде ашу бар. Енді бір қарағанда, өз заманында қайсар рух, қажырлы қайрат пен көзсіз батылдықтың иесі болған батырдың келбетін байқадым. Әлі де алға ұмтылғысы кеп, әлі де әжетке жарағысы келіп, қарттығын мойындамай айбаттанғанымен, кәрілікті жеңе алмай, сонысына көндіге алмай қиналған хас батырдың бейнесі. Кезінде өзі бастаған қарулы топқа ілесе алмағанына күйініп, күштілер мен мықтылардың соңынан қадалып қарап тұрғандай әсер берді.
Ойыма келген түрлі ой маза берер емес. Қанша топшыласам да, өз болжамыма көңілім тоймады. Көп мүсінге бір қарап-ақ, мағынасын ойша тоқисың. Тарихын танып, айтпағын үнсіз ұғып аласың. Ал мына жануар бір нәрсе жасырып тұрғандай. Қызығушылығым артып, жасырған сырын білуге құмарта түстім. Сәкен Нарыновқа телефон соғып, тілегімді айттым. Ол кісі әңгімеден бас тартпады. Тәлейіме автор Алматыдан Астанаға келе қалып, әдемі әңгіменің сәті түсті.
Мен үшін «жұмбаққа толы әлем» болған жыланға жақындай түсіп, автор жыланды аялай сипады. Сан түрлі сұрақтың астына алған маған сабырлы қарап, Сәкен аға әңгімесін бастады.
– Барлық халықтың түсінігінде «ғалам, әлем» деген ұғым қалыптасқан. Ертеде кейбір халықтар піл немесе алып жануар шарды, яғни жерді ұстап тұр деп сенген. Сондай-ақ, шаршы тектес ғаламды белгісіз нәрсе тіреп тұр деген де түсінік болған. Ал Африка елі ғаламды осы айдаһар мүсінінің  бейнесінде елестетеді. Ал қазақтарда басымен аспанды, денесімен жердің үстін, аяғымен жердің астын тіреп ұстап тұрған айдаһар деген түсінік болған. Бұл, әрине, көне дәуірде қалыптасқан мифтік таным болса керек. Жалпы жыланды айдаһарға ұқсатып, оны киелі деп тану – осыдан бастау алған. Қазақтардың баяғы заманнан жыланның басына ақ құйып құрметтейтінін баршамыз білеміз.
Автор «Менің атамның әлемі» деп аталатын бұл жұмысымен бұрынғы ата-бабаларымызды меңзегенін жеткізді.
– Зер салып қарасаңыз, айдаһардың мүсіні сақина кейіпте үш рет оралған. Әр оралған сақина бөлек түсінік береді. Оның әрқайсысында аяқ бар. Мұнда үш түрлі аяқ тұр. Біреуі – бір орында қозғалыссыз тұр, екіншісі – жүгіріп барады, үшіншісі – жай жүріп барады. Бір орында қозғалыссыз тұрған аяқтың денесі тістеліп тұр. Ізденбеген, дамымаған кісі жеңіліс табады, құрбан болады, қоғамға ілесе алмайды деген ұғымды білдіреді. Ал жүгіріп бара жатқан аяқтың денесі айдаһардың басына ұласып, дененің басқа бөлігін тістеп тұр. Яғни, үнемі ізденіп, біліп, үйреніп, көзі ашылған кісі мақсатсыз адамды басып озады дегенді білдіреді. Ал жай жүріп бара жатқан аяқтың денесі тістеп те, тістеліп те тұрған жоқ. Ол бірқалыпты қозғалуда. Осы үш аяқ арқылы адамзат дамуының нәтижесін көрсеткім келді, – деген Сәкен Нарынов мүсіннің әр бөлігіне жете тоқталып, астарын ашып берді.
Бұл мүсін жоңышқа жапырағының формасымен жасалыпты. Өсімдіктің бұл түрі туралы деректер сақ мәдениеті жөніндегі жазбаларда кездеседі. Сол дәуірде беденің жапырақтары шексіздіктің, мәңгіліктің сипатын білдіріпті. Мүсіндегі үш сақина – белгілі бір ғаламның үш түрлі көрінісі. «Киелі жылан неге өз құйрығын тістеп тұр?» деген сұраққа мүсінші:
– Мен ерте дәуірдегі қазақ танымын бүкіл халықтың мифтік түсінігімен үйлестірдім. Сол арқылы жалпы адамзатқа ортақ ұғым қалыптастырғым келді, – деп жылан бейнесі жасырған сырды ашты. – Қалай дейсіз ғой? Бұл мүсінде уроборостың бейнесі бар. Уроборос – сақина түрінде оралған, өзінің құйрығын өзі тістеп тұрған айдаһар бейнесі. Мүсіндегі жыланның сақина түрінде оралуы  ғаламның үздіксіз қозғалысын білдіреді. Уроборос, яғни, айдаһар, күндіз белгілі бір көлемге дейін өз денесін жейді, ал түнде сол жеген көлеміне дейін қайтадан өседі. Бұл туралы ғылымда айтылған. Бұл – тепе-теңдік заңы. Ал егер ол артық жесе, онда өсіп үлгермейді де, өз-өзін құрбан етеді. Егер аз жесе, бәрібір көп өседі де, өте зор көлемге ұлғайып, өзін-өзі меңгере алмайды. Өмірде осы заңдылық сақталу керек. Өмірден өз үлесіңді алу үшін, барыңды өзгемен бөлісуің қажет. Білгенін басқаларға үйреткен адам ғана бағалы болады. Мен осыны насихаттағым келді. Мүсінде қазақ халқы құрметтейтін киелі жыланмен бірге айдаһардың бейнесі үйлестірілген.
Уроборос алғаш рет Мысыр елінде бейнеленіп, уақыттың тұрақсыздығын сипаттайтын белгі ретінде танылыпты. Кейінірек бұл белгі түрлі елдерге кеңінен таралып, әр халық өз танымына сай түсінік берген. Ежелгі Грецияда уроборос басы мен соңы жоқ белгісіз кезеңді сипаттайды. Сондай-ақ, бұл белгі үнді, қытай халықтарында да кездеседі. Өмір өлшемін, өмір мен өлім, үнемі даму мен өлу, өсу және жоқ болу секілді ұғымдарды насихаттау үшін пайдаланылған. Бұл бейне дін тарихында да кездеседі. Уроборос алхимиядан да көрініс тауып, өзіндік сипатқа ие болған. Аталған бейнені магия, психология, мифтік көзқарастардан да кездестіруге болады.
Ұлттық музейдегі бұл мүсін екінші рет өңделіп, қайта  жасалған жұмыс екен. Алғашқысы ҚР Тұңғыш Президент музейінде тұр. Автор идея туғаннан кейін, екі жыл жұмыс істеген. Екінші жұмыстың қоладан жасалғаны болмаса, қос жұмыстың айырмашылығы көп емес. Жыланның терісіндегі қабыршықтар жеке-жеке қолмен жасалып, қатар тізілген. Жалпы мүсіннің формасы дайын болған соң, екінші мүсінді жасауға көп уақыт қажет болмапты. Бұл жұмыс үш айда аяқталған.
Өзіне магниттей тартып, «жұмбағын» жария етуге асықтырған айдаһарға құрметім арта түсті. Бұл мен ойлағандай қоғам да, өкінген ата да, қауқарсыз хас батыр да емес, бабаларымыздың әлемінен хабардар етіп тұрған туынды екен. Он сегіз мың ғаламның жазылмаған, бірақ адамзатқа ортақ «беру мен алу» туралы басты қағидаттарын насихаттап тұрғанын енді ұққандаймын. Ол қағиданы атам қазақ: «Кең болсаң, кем болмайсың» – деген бірауыз сөзбен түйіндеген. Көрген жақсылығына себеп болған кеңпейілділіктің қадірін түсініп, сол асыл қасиетті өз нәпсісінен қызғыштай қорып, құдайға «барымды алсаң да, пейілімді алма» деп жалбарынғаны баршамызға аян. Ұлттық музейге бас сұқсаңыз, ғаламдық ақиқатты арқалап, адамның сау, табиғаттың бар болып, тіршіліктің түзу жалғасуына өзіндік үлесін қосып тұрған айдаһарға амандаспай кетпеңіз.

Ләйлә НОҒАЙБЕК,
ҚР Ұлттық музей қызметкері
Астана қаласы