ТАЛАП ЕТУ ЖЕТІСПЕЙДІ

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1098
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өзіміз куә болғандай, көбіне мінберде қазақ тілінен гөрі орыс тілінің мерейі асып, абыройы артып тұрады. Ал өзге емес, өз елімізде жүріп, ана тілімізді асқақтата алмағанымыз ұлтқа жағылған қара күйе, азаматтығымызға артылған сын.

Елім деген әрбір азамат тілім деп еміреніп, қазақша сөйлеп тұрса нұр үстіне нұр болар еді деп армандап келе жатқанымызға қаншама жыл?! Бұл арман бізді адастырмас деп ойлаймын. Өзге ұлттың алдында шүлдірлемей, ана тілде сайрап тұрсақ, олардың да үйренуге құштарлығы бек артады. Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне салсақ, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Егер біз Мәңгілік Ел болудың, болашаққа қадамды нық басудың басты шартын орындаймыз десек, ең бірінші тілді құрметтеуді үйренгеніміз абзал.
Иә, бұл тақырыпты қозғамаған қаламгер, айтпаған адам қалмаған шығар, сірә?! Тіпті, әзіл-сықақшылар да бір кездері: «Өз тілімізде сөйлейік. Басқа ұлттар шетелде жүргендей сезініп қалсын»,– деген әзілдерімен сынаған. Әзіл болғанымен, амал қылуға тұратындай астары бар. 
Қоғамның бұл дертіне ең бірінші халқым дейтін азаматтар кінәлі деп ойлаймын. Себебі, күнделікті телеарнадан көріп жүрген жиындарда есеп беретін кейбір басшының бүгінгі көрінісі көңілге қаяу түсіретіні рас. Тіл білмеуді бір десек, жазылған қазақша баяндаманы оқи алмай әлек болуын екі дейік. Кез келген істің нәтижелі болуы талап етуге байланысты десек, қате болмас. Демек, бүгінгі қоғамға талапшылдық ауадай қажет. Мұның барлығы тікелей заң бойынша жүзеге асуы тиіс. Егер осы мәселеге қатысты арнайы заң шығарылып, ол жерде «ҚР әр азаматы қазақ тілінде сөйлеуге міндетті», деп тайға таңба басқандай жазылса, ешкім де заң шеңберінен аттамас еді. Бұл да арман болып қалмас. Әрине, мұның бәрін уақыт шешеді. Дегенмен, асығу керек. 

Д. РАХЫМЖАН