Ұстазға қол жұмсады

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1248
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

О заманда бұ заман «ұстазды соғып кетіпті» деген сөз естімеп едік. Енді естідік. Іле ауданына қарасты Боралдай ауылында жұртшылықтың жағасын ұстатқан оқиға орын алды.

«Қазақпарат» ақпараттық агенттігінің хабарлауына қарағанда Кенен Әзірбаев атындағы №15 мектептің      6-сынып оқушысы ата-анасына өзін мұғалім ұрды деп шағымданады. Оқиғаның анық-қанығын анықтамаған анасы мен әпкесі мектепке келіп, мұғалімді соққыға жыққан. Қазір таяқ жеген ұстаз Боралдай ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің пікіріне қарағанда ұстаздың миы шайқалған. Сонымен қатар, шыққан айғай-шуға барып, таяқ жеген әріптесін арашаламақ болған тағы бір мұғалімнің қолы жарақаттанғаны айтылады.
«BNews.kz» сайтының хабарлауынша, Вагив Кулиев есімді оқушы сабақ үстінде тыныштық сақтамағаны үшін ескерту алған. Осыған байланысты түсініктеме берген аудандық білім бөлімі таратқан мәліметке қарағанда қаңтардың 13-і күні мектепке келіп, инспектормен кездескен ата-анаға оқушылар сыныптастарын ешкімнің ұрмағанын бірауыздан растап берген. Алайда оған көнгісі келмеген ата-ана жергілікті прокуратураға шағымданады. Сөйте тұра сол күні Кулиевтің анасы мен 10-сыныпта оқитын әпкесі кабинетінде жалғыз отырған мұғалімді соққыға жыққан. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Мақсұтованың айтуынша, жәбір көрген қос мұғалім құқық қорғау органдарына шағымданған.

Өз тілшіміз