Күретамыр

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 2535
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз".

Әлихан БӨКЕЙХАН

Әрбір пенденің өмір сүруі үшін күретамырының алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сол жеке адамнан құралатын ұлттың мөрі, анығын айтқанда қазақтың ең қасиетті де қастерлісі, анасының сүті арқылы дарып, бабасынан баласына жеткен күретамыры – тілі баға жетпес ұлы мұра. Дейміз ғой енді... Бірақ сол баба тіліміздің бағасы қашан жоғарылап, бағы ашылып, бәсі артады?! Өкініштісі, қасиетті тіліміздің қадірін кетіріп жүрген өз қандасымыз екені есі бар қазақтың өзегін өртейтіні ащы да болса шындық. Сол бейбақтар тіл дегеніміз – Алланың сыйы, Пайғамбардың жолы (с.ғ.с), бабалар аманаты екенін жете түсінсе ғой, шіркін?! ҚАЗАҚТЫ СҮЮДІҢ қарапайым да қадірлі жолы тіліңді білуден басталатынын қашан түсінер екен тілін шұбарлап, оны ар санамай абырой көріп жүрген пақырлар.

Неге Алланың сыйы?! Арабша білмесеңіз де қазақша Құранды қолыңызға алып көріңізші. Адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығарып, надандықтан адамдыққа бастаған қасиетті Құрандағы «Рум» сүресінің 22-аятына зер салыңыз. Онда Алла тағала былай дейді: «Көктер мен жаратылысы және тілдерің мен түрлеріңнің әралуан болғандығы да оның (шексіз құдірет иесі екенін көрсететін) ап-айқын дәлелдерінің бірі. Әрине, осында да (жаратылыстың қыр-сырын) білетіндер үшін айқын белгілер мен талай ғибрат бар». Мына заманда денсаулығында туа бітті ақаулық немесе надандықтың шырмауына шырмалып қалған адам болмаса, көрсоқыр ешкім жоқ. Бәрінің көкірегі ояу, көзі ашық. Айналасына жүрек көзімен қараған жан жер бетіндегі сан түрлі ұлттың өз қалауымен бола қоймағанын, сол сияқты тілдерінің де өздерінің ықтиярымен жасалмағанын білсе керек. Ананың құрсағында жатқанда ұл не қыз болатынымыз, әкеміз бен анамыздың кім екенін таңдау құқығы берілмегені сияқты, қай ұлттан тарайтынымыз да Алланың шешімі. Ендеше, біздің қазақ болып жаратылуымыз Құдай тағаланың бізге берген үлкен нығметі. Ал сол нығметке құрметпен қарап, Ұлы Дала иесі болған кез келген қазақтың өзінің баба тілімен сөйлегені де зор мақтаныш емес пе?! Міне, Алланың сыйы осы болса керек!
Неге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жолы? Оны да шариғат шеңберінен іздеп көрейік. Ол үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с) мүбәрәк хадистеріне зер салсақ жетіп жатыр: «Мен күмәнсіз Пайғамбармын және мен Әбділмүтәліптің ұрпағымын. Мен арабтардың ішіндегі араб тілін ең әдеби сөйлеушімін әрі Құрайыш руынанмын». Пайғамбарлардың падишасынан жеткен хадис осылай дейді. «Енді жетпегені арабша сөйлеу еді, Құрайышың кім?», – деп ер-тоқымыңызды бауырыңызға алып, туламай тұра тұрыңыз. Ешкім араб болуға үндеп отырған жоқ. Тек Құран Кәрімдегі аятқа зер салыңызшы: «Сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар», – дейді. Бұдан түсінеріміз не? Айтып көрейін. Тура осы аятта айтылғандай Пайғамбардың көркем өнегесін алсақ қанеки. Яғни, кез келген қазақтың ұл-қызы: «Мен қазақпын. Атамыз Алаш, керегеміз ағаш. Әлемдегі ең бай әрі әуезді ғажап тіл ол – менің тілім. Сондықтан мен өзге тілдің қаншасын білсем де оларды керек жерінде ғана пайдаланып, қалған уақыттың бәрінде өзімнің бабамның тілінде сөйлеймін», – деп тұрса ғой, шіркін. Дұрыс түсініңіздер, бұл айтып отырғандарым ақыл емес, менің арманым. Ал армандар орындалады. Тек әр қазақтың жүрегіндегі ар мен намыс, иман мен ұят күшті болса ғана. Әркім өз тілінде әдемі сөйлеуі керектігін Алла Елшісі айтып кетті. Пайғамбар (с.ғ.с) жолы дегенім осы. 
Ал неге бабалар аманаты? Бар қазақтың рухани бағдаршамына айналып, ұрпағына ұлағатты жол көрсетіп кеткен әйгілі ақын, әулие, кемеңгер, бірнеше тілді меңгерген Мәшһүр Жүсіп бабамыздың сөзіне құлақ түріп көріңіз.
«Жер жаһанда жетпістен астам ең ірі деген тілдер бар (ірілі-ұсақтысын қосса одан да көп бес мыңнан асатындай). Солардың ішіндегі ең асылы, ең жауһары арабтың тілі. Себебі, арабтың тілі – қасиетті Құранның тілі. Арабтың тілі – жәннәттің тілі. Арабтың тілі – Пайғамбарлардың сұлтаны, адамзат қауымының  «Асыл тәжі» атанған Алланың ең сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедтің(с.ғ.с.) тілі. Ал одан кейінгі кезекті иеленетін қазақтың тілі», – деген екен жарықтық. Алласын танып, Пайғамбарына бойұсынып, ұлтының ұлы құндылығы болған қасиетті тілінің қадірін аспандатқан асқақ рухты бабалар-ай кешегі. Мәшһүр Жүсіптен жеткен жетелі сөз бізге аманат еді ғой. Сол аманатқа қаншалықты қиянат жасап, тарих алдында ұлттық болмысымызға қара таңба басып жатқанымызды қашан ұғар екенбіз?! Ана тілінде сөйлеуді талап еткені үшін заңға тартылып, сотта маңдайынан соққы алып, салы суға кетіп, еңсесі езіліп, қазақ судьяның алдынан қос жанарымен жер шұқып шығып жатқан қандастарымыз да аз емес мына қоғамда. Сөзімді жала десеңіз әлеуметтік желіні ашып қалыңыз да, пернетақтаны басып қалыңыз «Google» жеңешеміз қуыс-қуыста жатқан осындай келеңсіздіктерді алдыңызға сүйреп алып шығып, нақты деректермен сүйреңдеп айтып береді. Өз жерінде, өз елінде, өз төрінде төбесінен бір қойып, төмен қаратып қоюға ыңғайлы тіл болса ол – біздің қазақ тілі болып тұр. Мұның бәрі ҚАЗАҚТЫ СҮЙЕ алмаудың, сүйе алмағанына ұялмаудың жемісі. 
Осы орайда қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының мына бір хатын қысқартпай, өзгертпей, қаз-қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Оқып шығыңыз да, көңіліңізге тоқып, ар-ұят таразысына салып, ойланып көріңіз!
1944 жылы майдан даласынан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің басшыларына жолдаған Бауыржан Момышұлының

X А Т Ы

Мен әскери адаммын. Тіл мәселесіне араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-санасы, ел намысы, адамгершілік ары, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп-біліп, сезіп тұратынымды айтпағанды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінемін.
Сондықтан тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше, мынадай ұсыныстарды тілейді:
Аяқасты елеусіз болып кеткен қазақтандыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділеттікпен көтеріліп, қолға алынуы жөн.
Тиісті оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы міндетті сабақ болу керек. Осы кезде қаладағы қазақтың ұл-қыздарының төрттен үші орыс мектебінде оқитындықтан, ана тілінен хабарсыз болып өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс тілінде оқытуға өте әуес-ақ. Қазақ мектептерін менсінбейтіндері де екеудің біреуі болғандықтан, барлық қазақ ұл балалары, қыз балалары алдымен ана тілінде білім алатын болуы қажет.
Барлық ана тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, тіл шұбарлығынан тазаланып, елгезер мен елеуішпен еленгендей тазартылуы керек.


Тіл мәселесі бұдан былай аяқасты болып кетпес үшін:

* Барлық сырттан алынған сөздер теріліп, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «дауысы жайында» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта берілуі қажет. Қазақ тілінің бұқаралық қатарға қосылып, бұдан былай да ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек. 
* Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты мен атауы теріліп, заңды жүйеге салынуы керек.
* Дәлдік үлгісімен атам заманнан бері қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып түсіндірілетін, ғылыми аумақты кітапты шығару шараларды қолдану керек.
* Профессор Ушаковтың (Орфография сөздігінің авторы) үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмек болатын кітапша көп кешікпей шығарылуы керек.
Ер Баукең батыр ғана емес, әулие, кемеңгер екен ғой жарықтық. Тура бүгінгі күннің басты мәселесі десеңіз де болады. Қойылған талаптардың да қазіргі сұраныстан соншалық алшақ емес екендігі де тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бабалар мен ұлт зиялыларынан қалған мұндай орамды ой, өткір пікір мен аталы сөзді тізбектей берсек, баба тіліміздің, ана тіліміздің болашағы үшін қам жемеген бірде-бір қайраткер болмағанына көз жеткізесіз. Көрер көз, құйма құлақ, намысты қазақ болса, шағын мақалада бабалар аманаты аз айтылған жоқ. Ұлттың КҮРЕТАМЫРЫН қиып, шыңнан шыңырауға құлатуға құмар қандастарым ойланар, оянар деген үміт пейілмен сөзімді аяқтайын!

Жұматай ӘМІРЕЕВ