Алаш аманатын алқалаған керуен

Уақыты: 06.08.2016
Оқылды: 2263
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ тарихындағы ұлттың ары мен ұяты болған тұлғалардың бірі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Сүйегі хан тұқымынан болса да ақ­сүйектікке, байлыққа, дақпыртқа қызықпай, қасық қаны қалғанша ұлтына, еліне адал қызмет еткен қазақтың Әлиханы шын мәніндегі әлемдік деңгейдегі ірі тұлға. Жыл басталғалы Алаш көсемінің 150 жылдық мерейтойына арналған түрлі шаралар өтіп жатыр. Сондай шараның бірі – «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспе­диция. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» (Шәкәрім) демекші, бұл шараның маңы­зы да, мәні де, мақсаты да, түр-сипаты да бөлек.

«Қазақ географиялық қо­ғамы» деп аталатын қоғамдық ұйымның басшылық тізгінін ұстап отырған жаны да, жүрегі қазақ деп соғатын қалталы аза­мат­тар «Өз елі өз ерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемең­герді»  (Ілияс Жансүгіров) деген аталы сөзді ескеріп, ғалымдар мен журналистердің басын қо­сып, Алаш көсемінің өткен жолмен жүріп, жастар мен жас­өспірімдерге ұлттық мұраны кеңінен дәріптеуге демеушілік жасады. Көрнекті алаштанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қыз­меткері Айгүл Ісімақова бас­таған экспедиция құрамына  Әлихан Бөкейханның сенімді серігі болған, Алаш арысының өзі: «Қарағым, Қошке!» – деп еркелеткен Қошмұхаммед Ке­мең­гердің шөбересі, алаш­та­нушы-ғалым, филология ғы­лымының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, филолог Серік Үр­кінбай, осы жылы туғанына 100 жыл болып отырған ақын Хамит Ерғалидың немересі, журналист Айжан Хамит, Қазақ гео­гра­фиялық қоғамының маманы Қайсар Тұрсынғожа бәріміз кірдік. Алаш көсемі туып-өскен Желтау, Ақтоғайдан басталған экспедиция  Қарқаралы, Семей, Омбы, Кереку, Санкт-Петербор, Выборг, Минск, Самара, Орын­борда болып, бағдарын Мәс­кеуде аяқтады.

Алаштың Әлиханы дүниеге келген өңір – қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ау-д­а­ны. Алаш көсемі 1866  жыл­дың 5 наурызында  Тоқырауын болысының №7 ауылында  қо­ныстанған Нұрмұхамед пен Бегім ханымның шаңырағында дүниеге келген. Жарты әлемді уысында ұстаған атақты Шың­ғыс ханның 23-нші ұрпағы. Әлиханның анасы Бегім ханым Шәкәрім Құдайбердіұлының кіші анасы Бошантайдың сіңлісі болған.

Шіліңгір шілдеде Алматы қаласынан шыққан біздер Жеке­жал қыстағына келдік. Жеке­жалда Әлихан Бөкейханның ата-бабасы, туған-туыстары жатқан қорым бар. Талдыбейіт қоры­мына барып, Алаш көсемінің туған-туыстарының рухына арнап құран-хатым түсіріп, Әле­кеңнің көзі тірі туыстары Ай­сәуле (Әйіш) Смаханқызының рұқсат беруімен, бабалар қоры­мынан Мәскеудегі  «Дон» зира­тына  топырақ алдық. Осы жерде  айта кететін жайт, бұрын-соңды ешкім бабалар қорымы – Талды­бейіттің топырағын Мәскеудегі Алаш көсемінің күлі көмілген жерге жеткізген емес.

Сосын бір қызығы, 1901 жылы Мұқан төре (Нұрмұхамед) қайтыс болады. Бұл кезде Алаш көсемі Ф.А.Щербина жетекшілік жасаған экспедицияның құра­мында болатын. Әлекең әкесінің сүйегін Жіңішке өзенінің жаны­на жерлеген. Оны «Талдыбейіт» деп арнайы атаған екен.  Бейіттің қасына Бразилиядан әкелінген ағаш тұқымын еккізіпті. Осы жылы ағаштың егілгеніне 115 жыл болыпты. Ағаш әлі күнге дейін дін аман жайқалып өсіп тұр.

Әлихан Бөкейханның бала­лық шағы өткен жер бұл. Қыс­тақтың маңында Желтау тауы бар. Экспедиция құрамына Ақ­то­ғай ауданының Құрметті аза­маты, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан Әлекеңнің балалық шағы өткен жерді толықтай таныс­тырды.  Тұңғышбай ағамыз бізді «Әлиханның тасы» деп аталатын Желтау баурайындағы тасқа алып барды. Қара тасты және айналасын тамашалап тұрға­нымызда, профессор А.Ісі­ма­қова: «Мен Италияға барға­нымда, Марко Полоның кар­тасын көрген едім. Сонда таң­ғалғанмын. «Жібек жолы неге Қарағандыны емес, Тоқырауын жағасын басып өткен деп», – деді. Енді қараңыз, Алаш көсемі әкесінің сүйегін бұрынғы ба­балары жатқан ескі бейітке емес, бөлек қойды емес пе?! Мұның мәнісі Тоқырауын, Желтау тоғыз жолдың торабы болған жер. Ары-бері өткен жолаушылар Талдыбейітке тоқтап, Құран оқып өтсін деген ойы болыпты. «Әлиханның тасы» деп аталатын қара жартасқа да шығып көрдік. Шіркін-ай, сол уақытта бойы­мызда небір тылсым күш пайда болды. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл аймақ – бұрын хан Кененің, арысы Абылайдың жорық алдындағы әскерін даяр­лайтын арнайы тактикалық алаң. Қаратас таққа ұқсайды. Бұрынғы өткен көнекөз қария­лардың айтуынша, Әлекең осы тасқа шығып алып, елінің бола­шағын ойлапты. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деп бала кезінде-ақ, өз-өзіне ант беріп, патшалық империяға бодан болған қазақ­тың тағдырына өзін жауапты еткен-ді.

Тәуелсіздік пен еркіндікке, бостандыққа ұмтылған Алаш қайраткерлерінің идеялары то­ғыс­қан әрі жүзеге асқан жер – Қарқаралы өңірі. Қазіргі таңда Қарқаралыда Әлихан оқыған мектептің ғимараты сақ­талып­ты. Бірінші қабаты кірпіштен, екінші қабаты ағаштан салынған мектептің үстіңгі бөлігі өртеніп кетіпті. Ал астыңғы қабатында қазір дүкен орналасыпты. Бір өкініштісі, Әлекеңнің мақа­лаларында жазылған осы мек­тептің қабырғасына Алаш кө­семі оқыған мектеп-интернат деген ескерткіш тақта қойыл­мапты.

Әлихандай арда туған қазақ­тың асыл перзентінің ізімен Семейге жеттік. Семей – зама­нында «Алаш Орда» ұлттық-территориялық автоно­миясы­ның астанасы болған қала. Се­мей – Алаш рухты қала. 1917 жылы Әлихан Бөкейхан Семей қаласына келіп, шаһар тұрғын­дарымен кездесу өткізген. Бұл – тарихи оқиға. Ел ішінде әлі күнге дейін айтылатын «Әли­ханның Семейге келуі» деген оқиға осы. Семейдегі түрме «Е» әріпі үлгісінде  Екатерина пат­шаның бұйрығымен салынған.  Бұл қасіретті түрмеге Алаштың көсемі, сан қырлы талант иесі, саңлақ  Әлихан Бөкейхан да қамалып, негізсіз жазасын өтеді. 1906 жылдың 9-10 шілде күндері  бірсыпыра депутаттар Бірінші мемлекеттік думаның таралуын заңсыз деп танып, «Выборг үн­деуін» жариялап, оған қол қойып, халыққа таратқан болатын. Бір жылдан соң, яғни, 1907 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербор сот палатасының ерекше оты­рысы Әлихан Бөкейханды әйгілі «Выборг үндеуіне «қол қойғаны және таратқаны үшін»  3 ай мерзімге түрме жазасына кесіп, сайлау-сайлану құқынан айы­рады.

Бұл оқиға турасында Ә. Бө­кей­хан: «Соттан кейін бірінші дума депутаттары саясат әдісіне сайлаған жерде абақтыға оты­ралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908 жылы Семейге келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп шат болған едік», – деп жазды.

«Әлихан Бөкейхан ізімен» атты ғылыми-танымдық экспе­дициясының арқасында  «Вы­борг үндеуі» құжатының қай қалада қабылданғанын нақ­ты­лап, тарихи шындықты анық­тадық. Бұрын-соңды қазақ ға­лымдары Выборг қаласына ке­лмеген болатын. Біз, араға 110  жыл салып, 12 шілде күні Санкт-Петербор қаласының іргесінде орналасқан Выборг қаласына барып, «Бельведер» қонақүйін таптық.

«Халықтан – халық өкіліне» деген атаумен даярланған «Вы­борг үндеуі» қазіргі Санкт-Пе­тер­бор қаласынан 140 шақырым жерде өткен. Депутаттар тоқтап, бас қосқан  «Бельведер» қонақ- үйі де әлі күнге дейін тұр. Тари­хи құжаттағы мәліметке назар аударсақ,  «Выборг үндеуінде»  «9 (22) шілде, 1906 жыл»  деген жазу жазылған және 180 депутат қол қойғанын байқаймыз.  Бір ескерер жайт, кейбір деректерде  «Выборг үндеуі»  Выборг қала­сында жазылған десе, кейбірінде Териоки қаласында даярланған делінеді.  Алайда үндеу  Выборг қаласының  «Бельведер»  қонақ- үйінде даярланып, жазғы алаң­қайда талқыланған және де оны  фотосуреттер айғақтайды.

Петербор  –  ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс империясының бас шаһары әрі мәдениет пен білімнің ор­дасы болған қала. Қазақтың тағдырына алаңдап, білім іздеп, мамыражай Сарыарқасынан қоңыр салқын Петерборға ке­ліп, «инемен құдық қазып», өкпелеріне құрт ауруын түсір­ген Алаштың зерек те ақылды, ізденімпаз жастары көп болды. Ә. Бөкейханның ғылыми-шы­ғар­машылық ғұмырбаянын қа­рап отырсаңыз, оның өмірінің  елеулі кезеңі Санкт-Петербор қаласында  өткенін байқайсыз. Қазақтың біртуар азаматы бұл қалада жоғары білім алды, журналист һәм ғалым ретінде танылды, қазақтың болашағы үшін І мемлекеттік думаның мінберінде депутаттық сауал­дар жасап, қазақ мәселесін көтерді.

Биыл жетісулық жерлесіміз Барлыбек Сырттанұлының да мерейтойы. Барлыбек – Әли­хан­ның түйдей құрдасы әрі саясаттағы қоян-қолтық ара­ласқан досы. Екеуі студенттік жылдарынан бастап араласып, қазақтың тағдырына қатысты түрлі бағдарламалар жасаған. Білімді заңгер Барлыбек Сырт­танұлы 1911 жылы тұңғыш рет Әлихан Бөкейханның тапсыр­масымен «Қазақ елінің уставы» деген конституциялық еңбек жазды. Алаш көсемі «Бар­лы­бекті ұмытпасқа» деп қазанама жазған.

Әлихан Бөкейханның жо­лы­мен жүріп отырып Минск қаласына келдік. Алаш көсемі 1916 жылдың қыркүйегінен 1917 жылдың көктеміне дейін осы қалада қызмет атқарған. Әлекеңнің Минсктегі қызметі жайында оқырман түгілі ғы­лыми көпшіліктің өзі жетік білмейді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей пат­ша­сының жарғысымен қазақ дала­сындағы 19-43 жастағы аза­маттар қара жұмысқа алынған болатын. Сол қазақ жұмыс­шыларының құқығын қорғау үшін ол батыс майданына ар­найы барған. Әлекең Минсктің  «Льеж» деп аталатын қонақ- үйіне тоқтаған. Белоруссияның Орталық мұрағатының маман­дарымен бірлесіп  Әлихан тоқ­та­ған қонақүйдің мекенжайын анықтадық. Екінші дүние­жүзі­лік соғыс кезінде Минск басы­нан түрлі қауіп-қатерді өткізген қала болғандықтан, көптеген тарихи ғимараттар алапат қыр­ғын кезінде жермен-жексен болған екен.

 

Жер бетіндегі әрбір ұлттың болмысы мен бітіміне айналған  тұлғалары болады. Қазақтың мақ­танышы да, мерейі де «Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшы­мыз» (Міржақып Дулат­ұлы) болып қала беретін тарихи қайталанбас тұлғамыз осы – Әлихан Бөкейхан.

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ.