Отвертонның қауіпті терезесі

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 2282
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жақында бір бейбақ баласын қоқысқа тастап кетіпті. Оны жолай көрген бір әйел тауып алып, дереу «жедел жәрдем» шақырып, ауруханаға апарған. Баланың денесі сәл тоңазып қалғаны болмаса тәнінде ешқандай ақау жоқ. Шарананы емханаға апарған әйел енді асырап алмақшы. Иә, мұндай деректер елімізде көптеп ұшырасып жүр. Көкек аналардың кесірінен (мұндайға жеткізген жігіттің де кінәсі бар) қаншама бейкүнә сәбилер бақилық болды?! Кейбірінен себебін сұрасаңыз: «Бәрі солай істейді ғой», – деп құтылады. Қазаққа мұндай қасірет қайдан келді?

Ең бірінші, адам санасына назар аударсақ. Айталық, өте нәзік келетін ойды арнайы бағдарламалармен өзгертіп жіберуге болады. Қалай десеңіз, азғындықты насихаттау арқылы. Қазақ бұрын жаман жаңалықты айтқызбайтын. Ал қазір аттап бассаң, дүрдараз дүниені көрмеске амалың қалмайды. «Әкесін атып кетіпті, бір отбасыны ойран етті, зорлап кетті», – деген көруге ұялатын, қарап отырып жүрегің қамығатын жаңалықтардан аяқ алып жүре алмайсың. Бұрын аталарымыз мұндайды сап тыйып отырған еді. «Көршінің қызы босағада отырып бала тауыпты», – десең, екі елі ауызды алақанымен қалқалайтын. «Бәлекет өзімен кетсін, айтпа, мал құлағы саңырау, ести көрме тәңір-ай», – деп тыйып тастайтын. Өйткені жаманды айта-айта етіміз өліп кетпесін, үйреншікті жаңалыққа айналмасын деп қауіптенетін.       
Өткен жолы бір оқиғаға тап болдым. Көпқабатты үйдің есік алдында темекі шегіп тұрған досымды көзім шалды. Қасына барып, хал-жайды сұрастық. Ол екі саусағымен қысқан шылымын будақтатып, әзер дегенде тоқтады. Ғаламтордан темекі зияндылығы туралы бейнефильм көргенмін. Онда темекіден шыққан түтін көзге түссіз болып көрінгенмен, әртүрлі химиялық қоспалардың әсерінен сары түске боялады екен. Міне, денсаулыққа зияндылығы да осында. Ал құрамындағы никотин бірте-бірте миға түсіп, тәуелділікке душар етеді. Осы турасында бірер сөз қозғап,  темекінің залалын айтқанмын. Абай атамыз сөз еткен «ұқпасқа айтқан сөзім жетімнің күйін кештім». Әңгімемді тыңдап болып:  «Бұл темекіні бәрі шегеді ғой», – деп беймаза қалыпта тұра берді. Иә, қазақты тұқыртып жүрген дәл осы сөз – «бәрі солай жасайды». Өзімізде бар кемшілікті бағамдай қалсақ, өзгеде осы қасиет бар ма деп барлай кетеміз. Егер табыла қалса: «Е, мен ғана емес екенмін, бәрі солай екен», – деп өз кінәмізді ақтап шығамыз. Бұған дәлел келтірер болсақ өте көп. Бәрі жасап жүр ғой деп зина жасаймыз, мен ғана емес деп пара аламыз. Өз бойымыздағы кемшілікті көре тұра жөндемейміз. Өзгенің бойындағы кемшілікті көрсек бейпілдеп, өзімізге жұбаныш тұтамыз. Бұл нәрсені ойдан шығарған жоқпын, осыдан жүз жыл бұрын Абай атамыз жиырма үшінші қара сөзінде жік-жікке бөліп айтып кеткен. «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. Оның қуанышы елде бір жаманды тауып я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады-дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұ- рар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?» – деген екен. 
Мақаламыздың алғашқы бөлігінде айтып өткен «бәрі солай істейді» деген сыңаржақ ұстанымды Абай  сынапты алғаш. Мұндайды «Овертон терезесі» деп те атайды. Қарапайым сөзбен жеткізсек, мұны «миды атала қылу» техникасы деп түсінген жөн. Қоғамдағы кеселдер мен бейбастыққа психологиялық әсердің нәтижесінде ет үйреніп кетеді. Америкалық әлеуметтанушы Джозеф Овертон 1990 жылы қоғамның бір кездері тыйым салынған мәселелерге қатысты көзқарасын өзгерту технологиясын жасап берді. Овертон біраз уақыттың ішінде БАҚ арқылы сананы шырмау технологияларын қолдану арқылы кез келген қоғамда қабылданбайтын құбылыстарды байқатпастан үйреншікті нормаға айналдырып жіберуге, тіпті, оны заңмен бекітуге де болатынын дәлелдеді. Ол былай жүзеге асады: бастапқыда бұрын-соңды өрескел көрінетін құбылыстар талқылауға шығарылады. Ол сөз бен ой еркіндігі, ұлт мүддесі деген сияқты уәждермен бүркемеленеді. Бі-  раз уақыт өткеннен кейін қоғамның оған еті өліп кетеді де, кәдуілгі өте орынды, ешқандай сөкеттігі жоқ нәрседей қабылдай бастайды. Аталмыш үрдіс ақыры тыжырына қараған құбылысты қоғамның санасы мен заңына орнықтырумен аяқталады. 
Көшеге шаранасын тастап кетті дегенді естігенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Әртүрлі ойлар санаңды сан-саққа жіберіп, темірдің тотындай жаныңды жейді. Біз мұндай бейбастыққа қалай жеттік деп ойланасың. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел еді ғой. Ал, біз батыстың сойылын соғып әлекпіз. Әлқисса, бәрі жоспарлы дүние екен. Әлгінде айтып өткен «Овертон терезелері» арқылы бұрын оспадар болып көрінген дүние қазір ақылға салып ойланса құптарлықтай. Айталық, Овертонның алғашқы терезесі қоғамда туындаған мәселе алғашында «ақылға қонымсыз» болады. Иә, біз де қоқысқа сәбиін тастағандарды естігенде жанымызды қоярға жер таппай, әлгі көкек ананы барынша қарғап-сіледік. «Құдай-ау, хайуан да баласына озбырлық қылмас болар, ал адамның мұнысын қалай түсінуге болады?», – деп пікір білдірдік. Қарсы болдық, бірақ біз тулап жатқанда Овертонның екінші агрессивті түрде қабылдату терезесі ашылып та кетті. Енді көкек аналар сәбиін қоқысқа емес, әжетханаға керексіз дүниедей лақтыратынды шығарды. Бұл бөлігінде қоғамның қарсылығы шегіне жетті. Осы кезде үшінші терезеге келдік. Барлық газет, журнал, теледидар жарыса жазды, айтты. Елдегі мұқым бағдарламалар тастанды сәбилер тақырыбында сөз қозғады. Кейбірі оларды түсінуге тырысты. Тараптардың екінші бөлігі басқа амалы болмаған шығар деп қоғамның ашуын сейілткендей болды. Міне, осы кезде төртінші терезе ашылды. Қоғам көкек аналардың жағдайына жанашырлықпен қарай бастады.  Тіпті, кейбірі тастанды сәбилерге арнайы орын тағайындағандай болған. «Бэби-бокс» деп аталатын бұл жәшіктер қаланың кез келген бұрышына қойылады деп шешкен. Бауыр еті баласын керек етпеген оспадарлар «Бэби-боксқа» тастауы керек екен. 
Осындай насихаттан кейін сана қараяды. Екі адамның басы қосыла қалса әлгілерді талқылай бастайды. Кейін қоғам түбегейлі өзгереді. Өзгерді де. Өте өкінішті жағдай, артымызға бір қарап өткенді еске түсірсек, пұшайман халде қаламыз. Ықылым заманнан бері өрісіміз кеңіп, ырысымыз артып тұрғанда бұлай болады деп ойлап па едік? 
Бесінші терезе – «танымалдылық». Қоғамды дүр сілкіндірген мәселені дүйім жұрт біледі. Тіпті, оттың басында, дастарқанда отырып қаузайтын тақырыпқа айналды. Осы реттілікпен, астыртын жоспармен алтыншы терезе ашылуы керек. Алайда, бағымызға орай қоғамның табандылығының арқасында соңғы терезе ашылмай қалды. Бұл терезеде адамдардың пікірі өзгереді, бұрын қабылданбаған, қарсылыққа ұшыраған дүние көп уақыт өткен соң қалыпты нәрсеге айналады. Міне, «бәрі солай жасайды» деген ой осылай туындайды. 
Әрине, біздің ой жамандықтан тыю. Діттегеніміз – жаман қылықтан қоғамды жирендіру. Ақиқатында ақыретке сенген мұсылманбыз. Демек, шариғат бойынша есеп күнінде әркім өз күнәсін өзі көтереді. Бұл дүниедегідей «бәрі солай істейді» деп жайбарақат жүре беруге әсте болмас.
 
Думан КЕҢШІЛІК