Ана тілдің қадірін ұғыну арқылы біз ұлттық құндылықтарды сақтап қаламыз. Қаланың кей безбүйрек бозбалалары өз тілін менсінбейді. Көбіне қыздарымыз орыс тілін алға тартып, алдына келіп қазақша сөйлеген жігіттің бетін «колхозник» деген сленг сөзбен қайтарғанына талай рет куә болдық. Сонда ана тілге деген құрмет қайда? Тілімізді сақтап қалу жолында еңбек етіп « Болашақ жастардың қолында» деп шырылдап жүрген жандардың еңбегін жерге таптағанымыз емес пе?
Жаргон (французша jargon) – шағын әлеуметтік топ қолданатын, ешқандай жеке тілдік дербестігі жоқ жалпыхалықтық тілдің тармағы. Ал бұл тобы тек жастардың арасында қалыптасып қалған әлеуметтік диалект. Бұл сөздердің етене қалыптасуына әлеуметтік желілер, араласатын ортасы серпін береді. Әлеуметтік желі тілдің бұрмалануы мен қысқаруына да әсер етуде. «Не істеп жатырсың?» деген сөзді «Нестеп», «Нестеватсың» деп қысқа қайырады. Киелі сөзімізді сүреңсіз, нәрсіз дүниеге алмастырудың ақыры тілдің жойылуына әкеледі.
Қазақты қазақ қолдамаса басқа кім қолдайды? Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда тек жастарды ғана кінәлауға болмайды. Оған әлеуметтік желідегі сананы улайтын сайттар мен пайдасы жоқ теледидардағы бағдарламалар да әсер етеді екен. Жастар арасындағы жеңіл әңгімелер, тіпті, отбасыдағы кәкір-шүкір сөз, тәрбиелік мәні жоқ дүниелер де санаға әсер етеді.
Киноиндустрия саласына көз жүгіртейікші. Соңғы 10 жылда елімізде көптеген қаралым жинап, түркітілдес халықтарды мойындатқан кинолар орыс тілінде түсірілсе, одан қала берді жаргондарға толы. Тіпті, былапыт сөзді рөлдер де көрініс беріп жатады. Халыққа ұнаған сол туындылар толыққанды құндылыққа негізделмеген, классикалық тұрғыда жоғары мәнге ие емес. Езу тарттырғанымен, елдік тұрғыда салмағы жоқ. Неге? Өйткені елдің табиғи тазалығы, рухани болмысы, шешендігі мен көсемдігі көрініс бермейді. Сол туындыларда тілдік мағынасы жоқ диалект сөздер мен жаргон, сленг сөздер көп. Мұндайды жібермей көретін жастардың тілі, сөздік қоры сонда қандай деңгейде болатынын өзіңіз бағамдай беріңіз...
Шыны керек, біз тіл туралы толғанғанда үнемі әдебиет пен журналистикадан бастап мәселенің мәнін тарқатқымыз келеді. Алайда бүгінге дейін қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасы ұлт руханияты тұрғысында өз миссиясын толығымен атқарып келе жатқан ең ұлы сала. Бұл жағынан келгенде біз назарды кино, әлеу- меттік желілердегі бағдарламаларға бұрғанымыз жөн. Жаргондаған жастардың тәлімінің ошағына айналған әлеуметтік желі мен кинотуындыларын таза жүргізгенде ғана, тілдік құнарымыз кемелдене түсетін секілді көрінеді.
Ерасыл ИМАНБЕК,
ЖУ білімгері