АРЫЗ-ШАҒЫМЫ ЖОҚ АУЫЛ

Уақыты: 13.07.2024
Оқылды: 3566
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Шалғай ауыл шырағы» айдары бойынша осыған дейін тіршілігі жүдеген, кезіндегі даму беталысынан ажырап қалған бірқатар ауылдар жайлы жаздық. Толып жатқан мәселелер мен жетіспей жатқан тұстарын көрсеттік. Қаусаған қабырғалары қалған қара шаңырақтарды көрсеттік. Олардың мұң-мұқтажын көтеріп, келеңсіздіктерді шешудің жолын басылым арқылы оқырмандарға жеткіздік. Құзырлы органдарға сұрау салып, бірқатар мәселенің басын аштық. Алайда, шырағын сөндірмей үрлеп, жалындатып жатқан шалғайдағы ауылдар да бар. Осы ретте Панфилов ауданының Шолақай ауылы туралы жазуды құп көріп, жолға шықтық.


Орталық мемлекеттік архивтегі құжаттардан Шолақай елді мекенінің бір топ тұрғынының Жетісу облыстық әскери губернаторына жазған хатын таптық. Онда: «1881 жылы, Сіздің мәртебелі мырза, Кұлжадан қоныс аудару кезінде және Шолақай ауылын құрғанымызда, Сіз бізге Дубин өткелінің паромшылары ретінде қоныстануға рұқсат беріп, Шолақайда үй салуға, жоңышқа егуге, егіншілік жерлерін және мал жайылымын бөліп бердіңіз. Бұл жерлерді бізден тартып алмау және басқаға бермеу туралы бұйырған едіңіз. Соның нәтижесінде біз бұл жерлерді егінге жыртып, жоңышқа тұқымдарын ектік...» делінген және Шолақай қонысының тараншылары атынан 7 тұрғын араб әрпімен қол қойған. 

Демек, Шолақай атауы 1880 жылдары болған деген сөз. Дегенмен өңірде сақталған тарихи ескерткіштер сан ғасырлар бойы сақтар мен ғұндар, үйсіндердің ұрпақтары жортып жүріп жол тапқан, Жібек жолының жібі үзілмеген керуен жолының бір сілемі болғанын дәлелдейді. Жалпы Жаркент өңірі соңғы бір ғасырда талай тарихи оқиғалар мен өзгерістердің куәсі болды. Шолақай ауылы да сол аумалы-төкпелі жылдардың өтінде атауын да, елді мекеннің аумағын да өзгертпей бүгінге жетті. 1930-1985 жылға дейінгі аумалы-төкпелі заманда атауын да, жер аумағын да толықтай сақтап отырғанының себебі, біріншіден – ауыл шаруашылығын өркендетуге қолайлы болғандығы, екіншіден – қоныстанған халықтың береке-бірлігі мен тату-тәтті тіршілік дәстүрінің тамырластығы, үшіншіден, тұрғындардың ауызбіршілігі мен ақсақалдарының көрегендігінен деп пайымдауға болады.
Бұл ойымызды Шолақай ауылының ақсақалдары да құптады. 

 – Атам Итақұн Шолақайда туған екен. Кейінгі аумалы-төкпелі жылдары арғы бетке өтіп, 1960 жылдары Қазақстанға қайта оралып, Жетісудың біраз жерін аралап жүріп, ақыры Шолақайға келіп біржолата қоныстанады. Оны атам: «Шолақайдың дәмі тартып тұрды» деп түсіндіретін. 1962 жылы Шолақайдағы орта мектептің бірінші сыныбына бардым. Ол кезде мектептегі сабақ қазақша, ұйғырша берілетін. Орта мектепті бітірген соң, әскери борышымды өтеп қайтқан соң Талдықорғандағы механизаторлар дайындайтын техникумды бітіріп, ауылға оралып, өндірістің сан саласында жұмыс істедім. Осы ауылда үйленіп, шаңырақ көтердім. Зайыбым ауылдық мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан балаларым шешелерінің тәрбиесінде білімді болып ержетті. Бүгінде өздері таңдаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарын бітіріп, еліміздің әр жерінде елге қызмет етіп жүр.  Қысқасы, бір әулеттің төрт буыны осы ауылға кіндігімізбен байланғанбыз. Оған өскен жеріміздің берекесі мен ауылдастарымыздың ауызбіршілігі сеп болды дер едім, – дейді Шолақай ауылының ақсақалы Әділ Низамдұнұлы.

Бүгінде Шолақай ауылында 5 мыңнан астам адам тұрады. Олар Шолақай, Диханқайрат, Жиделі елді мекендеріне орналасқан. Басым бөлігі ұйғыр. Олар қазақ, орыс, тағы да басқа ұлт өкілдерімен берекесі бекем, ынтымағы мығым. Әрине, ел іші болған соң ағайын арасындағы түсінбеушіліктің болып жататыны анық. Бірақ ондай жағдайда жастарды жөнге салып, тәртіпке түсіріп отыратын ауыл ақсақалдары бар. Бір айта кетерлігі, шағын ғана Шолақайда 141 «Алтын алқа», 76 «Күміс алқа» иегері атанған аналарымыз тұрады. 500-ге жуық зейнеткердің ақыл-парасатын біріктіріп отырған ауылдық ақсақалдар кеңесі жақсы жұмыс істейді. Сондай қадірменді ақсақалдың бірі, бүгінде 80-нен асқан Бердіқожа Жанаманов ұрпақ сабақтастығы мен ауылдастардың берекесі жайлы былай баяндады.

 – Бала күнімде ауылда 100 шақты үй тұратын. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болғасын ба, бір-бірімізді жақсы танитынбыз. Мен ес білгенде Диханқайрат, Куйбышев өз алдына бөлек ұжымшар болатын. Кейін Диханқайрат пен Шолақай бірігіп, бір ұжымшарға толықтырылды. Біздің кезімізде жастар арасында келіспеушілік болып тұратын. Бірақ қазақ, ұйғыр, дүңген, татардың ақсақалдары оның бәрін реттеп отыратын. Сол үрдіс бүгінде  сақталған. Әсіресе, ауылдастар ортасында бір жақсы дүние болса біріне бірі үйретсем, білдірсем деген таза ниет басым. Шаруасы шатқаяқтап тұрғандарды  белсенді, іскер азаматтар демеп, жебеп отырады. Сен ана ұлтсың, мен мына ұлтпын дейтін бөлінушілік жоқ. «бәріміз шолақайлықтармыз» деген ортақ ниет басым, – дейді Бердіқожа ақсақал.

Осындай жүрек жылытар әңгімелерді бірталай ата-апаларымыздың аузынан естіп, көңілденіп қалдық. Сол берекені бекем ұстаған жастар да көп екен. Ауылына спорт және өнер кешенін салып, ауыл жастарын саламатты өмір салтына бейімдеп жүрген Рашид Надыров атты кәсіпкер азаматпен кездескенде осындай ойға келдік.

– Осы ауылда туып-өстік, білім алдық, алғашқы еңбек жолымызды бастадық. «Кеден ісі» мамандығы бойынша білім алсам да бақытымды кәсіпкерліктен таптым. Басында ауылда тойхана салып, кәсіптің көзін бастадық. Бірақ, жұмысымыз жүріп, қаржымыз көбейгенмен көңілімізде бір бостық тұрғандай болды. Өйткені, ауыл жастарының қатары көбейген сайын оларды спорт пен өнерге жетелейтін орталық болмады. Талай дарынды жастарымыз болғанмен өз мүмкіндігін көрсете алмай жатты. Соны көріп, тойхананы қайта өзгертіп, спорт пен өнерге баулитын орталыққа айналдырдық. Міне, биыл  3 жыл болды, 300-ге жуық ауыл жастары орталықта спорт пен өнердің сан түріне жаттығады. Ауыл арасы шалғай болғандықтан балаларды арнайы автобуспен орталыққа әкеліп, қайтадан үйлеріне дейін жеткізіп саламыз. Қазір мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жетістігіміз де мол. Біраз жастарымыз спорт шеберлігіне кандидат болса, биші, күйші, әншілеріміз республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Ең бастысы – спорт пен өнер ұлтқа, дінге бөлінбейтін дүние. Қайта түрі, тілі басқа балаларды бір тәртіпке, ұйымшылдыққа, берекеге, ынтымаққа шақырып, ортақ мақсат жолында жұмылдыруға болатынын сезіндік. Себебі, экономикалық жағдайы әр түрлі, отбасылық тәрбиесі бөлек, мақсаты сан алуан балалар орталыққа келгенде бір тәртіпке бағына- ды, – дейді Рашид Надыров.   

Орталықты аралап, спортпен айналысып жатқан, өнерін өрлетіп жатқан балалардың ұмтылысына, бірлігіне тәнті болдық. Әсіресе, домбырадан күй төккен ұйғыр қызды, дутарды тамаша шерткен қазақ баланы, гитараның құлағында ойнаған қаракөз ұл-қыздарды көргенде көңіліміз көтеріліп қалды. Айта кетерлігі бұл ауыл мерекелік шараларда аудан, облыс орталығынан, алыс қалалардан әртіс іздеп әуре болмайды. Барлық іс-шараны осы орталықтағы өнерпаздар атқарады. 
Халқымызда: «Адам  адамнан үлгі, ағаш  ағаштан мәуе алады» деген нақыл сөз бар. Шолақайлықтардың көзге көріне бермейтін тағы бір жақсы қасиеті – біріне-бірі қарап бой түзейтіндігі, адал кәсіппен бәсекелесіп, нәпақа табуға ұмтылатындығы. Бұл жақсы қасиет олардың бойындағы еңбексүйгіштік пен табандылықты оятқан. Қысқасы, ауылда сенделіп жүрген адам жоқ. Бәрінің де жұмыстан қолы босамайды. Тіпті көрші ауылдың азаматтары да нәпақасын шолақайлық кәсіпкерлерден тауып жүрген жәйі бар.

 – Әр кәсіптің өз бастауы, өркендеу кезеңі болады. Басында қиын болғанмен кәсібің ретке түсіп, өз жолымен жүре бастағанда басқаларға көмегің тие бастайды. Өзім аспаздық өнімдермен 1990 жылдары айналыса бастадым. Басында мектептердің шағын тамақтану орындарын жалға алып, таң атқаннан кеш батқанша тынымсыз еңбектендім. Жүре келе тәжірибе жинап, табысым еселене түсті. 2002 жылдан бастап ғимараттарды жалға алып, қосымша жұмысшылар жалдап, кондитерлік өнімдер шығара бастадым. 2010 жылы Шолақай ауылынан «SANAM» кондитерлік цехын салып, жұмысымыз ауқымданды. Қазір екі ауысымда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның көбі көрші ауылдан келіп жұмыс істейді. Зейнетақы және медициналық төлемдері ай сайын аударылады. Нақты жұмыс істеген  22 жылдан бері бірге жұмыс істеген 4 шеберіміз осы орыннан зейнетке шықты. Қазір инновациялық технологиялармен жұмыс істеуге көшіп жатырмыз. Менің жетістігімді көріп, осы саладан кәсіп ашып жатқан ауылдастарым да көбейіп келеді. Осындай бәсекелестіктің болғаны дұрыс. Өйткені, бәсекелестік болған жерде өркендеу де, даму да болады, – дейді «SANAM» кондитерлік цехының директоры  Санам Тұрсынқызы.

Абай атамыздың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылына сай кәсіптен нәсіп тауып отырған Санам ханым сияқты  ауыл тұрғындарының тіршілігін сезіндік. Әрине, өз тапқаны өзіне жетіп жатқан адамның үкіметке алақан жайып, болмаса басқаға телміріп отырмайтыны белгілі.

 – Шолақай ауылында бұрыннан қалыптасқан өмір сүру тәсілі бар. Ол – бала ат жалын тартып мінгеннен бастап еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын үйрететін ұрпақ сабақтастығы. Ауыл егін және мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы жерге орналасқан. Суы жеткілікті, мал жайылымы мол, төрт жолдың торабында жатыр. Іргесінде шегара базары бар. Ауылда орта мектеп, балабақша, амбулатория, медициналық пункт, пошта, мәдениет үйі, кітапхана, спорт және өнер мектебі жұмыс істейді. Әр отбасының айналысатын қосымша кәсібі бар. 2021 жылы осы ауылға сайлау арқылы әкім болып келдім. Содан бергі 3 жылда үйім жоқ, күйім келіспей жүр деп бірде-бір адам алақан жайып келген жоқ. Қайта анадай кәсіп ашсам, мынадай бизнес бастасам, халыққа қызмет ететін нысандар салсам деген жоспарын айтып, заңдық немесе құқықтық тұрғыдан көмек сұрап келетіндер көп, – дейді Шолақай ауылының әкімі Айдос Арсаламов.

Ауыл тұрғындарының тынысты тіршілігін көргеннен кейін ауыл әкімінен көп нәрсені сұрастыруды құп көрмедік. Өйткені, біз іздеген сұрақтың жауабын Шолақай ауылының заманауи келбеті, әрбір үйдің қақпасынан ауласына дейінгі жайлы тіршілігі, жайқалып өскен егіні, өрісі толы малы, бір үйдің баласындай сыйластығы, бірін-бірі қолдап, демеп жатқан татулығы өзі айтып тұрды. Жасыл желекке толған түзу-түзу көшелердің екі жағына орналасқан сәулетіне сәні сай салынған тұрғын үйлер көз қуантты. Бірақ ауылдың осынау берекесіне ұйытқы болып отырған ауыл әкімдігі орналасқан  ғимараттың жұпыны көрінісі, тозыңқы түрі көзімізге оттай басылды. «Шіркін-ай, осы ғимаратқа тым болмағанда ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді» деп ойладық. Бұл сұрақты ауыл әкіміне қойғымыз келмеді, оны аудан тізгінін ұстағандардан сұрағанды жөн көрдік.
 

Қажет АНДАС