Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер жастардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфон мен ғаламтордың қолжетімділігі артқан сайын, Instagram, TikTok, Facebook, және басқа да платформаларға тәуелділік күшейді. Жастар әлеуметтік желілерді тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, бос уақыт өткізу, ақпарат іздеу, өзін-өзі таныту және әйгілі болу мақсатында да пайдаланады. Бірақ, әлеуметтік желіге шектен тыс әуестік қоғам үшін өзекті мәселеге айналуда. Әлеуметтік желілер жастарға шексіз мүмкіндік ұсынады. Олар достарымен байланысып, жаңалықтармен бөлісіп, әлемдік оқиғалардан хабардар болып отырады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер шығармашылықпен айналысатын жастарға өз таланттарын көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, блог жүргізу, видео түсіру немесе өнер туындыларын жариялау арқылы танымалдылыққа ие бола алады.
Алайда осы артықшылықтардың кесірінен бірнеше қауіп-қатерге ұрынады. Күн сайын желілерде ұзақ уақыт өткізу жастардың психологиясына кері әсерін тигізіп, жалғыздық сезімін, күйзелісті күшейтуі мүмкін. Әлеуметтік желілердегі жасанды идеалдар мен әдемілік стандарттар өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне және мазасыздықтың артуына себеп болып жатады.
Мәселен, 1 мен 4 жас аралығындағы балалар әлеуметтік желіні көп қолданған соң тілдері кеш немесе өзге тілде шығады. Сонымен қатар ғаламторға тәуелділіктен психологиялық тұрғыда әлсізденіп, көп жағдайда қарсылық мінез-құлық көрсетеді. Ғаламтор қажет десек те көлеңкелі жақтары барын ұмытпайық.
Жастардың әлеуметтік желілерге деген тәуелділігін азайту үшін ата-аналар мен ұстаздардың, сондай-ақ, қоғамның қолдауы қажет. Ең алдымен, жастар арасында цифрлық сауаттылықты дамытқан жөн. Бұл оларға ғаламторды тиімді пайдалануды үйретіп, артық уақыт жоғалтудан сақтандырады.
Дене шынықтыру, спорт және шығармашылыққа көп көңіл бөлуге шақыратын іс-шараларды көбейту керек. Жастар өз уақыттарын пайдалы істерге жұмсауды үйренсе, әлеуметтік желілерге деген әуестік табиғи түрде азаяды. Интернеттің жастар өміріндегі орны айтарлықтай маңызды болғанымен, оны шектен тыс пайдалану қауіпті. Сондықтан жастарды желілерді тиімді пайдалануға, уақытты дұрыс жоспарлауға және өмірдің басқа салаларына көңіл бөлуге шақыру қоғам алдындағы өзекті міндет. Бұл тек жастардың емес, жалпы қоғамның болашағына әсер ететін маңызды қадам.
Елдана Жетпісбаева,
ЖУ-дің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенті