Обал. Сауап. Ұят

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 2314
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Тек, олай жасама, көрші-көлеңнен ұят болады». Бұрындары үлкендер бала-шағаны  осылай тезге салып отырушы еді. «Әлсізді басынба, обалына қаласың». Осы сөздің де арғы жағында үлкен мағына жатыр. Кінәсіз  жанды ренжітсең, обалын көтересің, яғни, өзіңе жамандық шақырасың. «Обалын көтерме» сөзі өзгеге қиянат жасамағаның, өзіңді қырсықтан сақтағаның дегенді меңзейді. 

Дана ата-әжелеріміз: «Қиналғанға қол ұшыңды бер, шөлдегенге сусын ұсын,  сүрінгенді деме, сауабы шаш етектен», – дейтін.  Ащы да болса шындық, бүгінде адами қасиеттерге шөліркеп жүрміз. Айтар ауыз жоқ па, тыңдар құлақ жоқ па?  Сауал көп, жауап мардымсыз. Кейбір ата-аналар балаларына: «Сабырлы бол, бірден білегіңді сыбанба», – деудің орнына: «Есеңді жіберме, ол бір соқса сен екі соқ, мұрнын қан жалат», – деп қайрап отырады. Бұрын балалар ұстазды сыйлайтын, полициядан тайқитын. Қазір ше?  Балам не бүлдірді деп ойланудың орнына: «Кім ол сонша менің балама сөйлейтін?» – деп әкіреңдеп шығамыз. Осындай қолпаштаудан кейін өмірге әлі көзқарасы қалыптаспаған  жас өрен ұр да жық, өзімшіл, сөз түсінбейтін болып қалыптасады. 
Жақында балалар инспекторынан сұхбат алдым. Ол:   «Осыдан 15-20 жыл бұрын жастар бұзықтық жасаса кінәсін түсінетін.  Кешірім сұрайтын. Түзелуге уәде беретін.  Түзеліп, қоғамнан орындарын тапқандарын көріп қуанатынбыз. Кездескенде сол кездегі қылығы үшін ұялып, бүгінгі жағдайын айтып мақтанатын. Біз де тәртіптің нәтижесін көріп масаттанатынбыз. Ал бүгін қылмыс үстінде ұстап алсаң, бірден өзіңе қарсы шығады. Сол жерде әкесіне, көкесіне телефон шалып,  жауапкершіліктен құтылып кетудің жолын іздестіреді. Жігіттер тұрмақ, қыздар ертеңгі күндерін ойламайды.  Жеңіл жүріс, көлденең табысқа әуес», – деп қынжылды тәртіп сақшысы. 
Бүгінде осы қасиеттерге шөліркейміз. Қоғам, жалпы адамзат қайырымсыз, қатыгез болып бара жатқандай. Есіркеген адамың жақсылығыңды өтеудің орнына,  һакім Абай айтқандай, ішіне қулық сақтап, әуре етеді. Ақкөңілділігің мен адамдығыңды ақымақтыққа балап, барыңды қанжығалап, мұрныңды қан етеді. Аяған адамың – алаяқ,  өзің – сайқымазақ болып шығасың.  Содан кейін қайырым жасап көр.  Екінші жолы  басына күн түскен жанға қол ұшын беруге жүрексініп,  бір бармағыңды бүгіп қалып, ар алдындағы адалдығыңмен арпалысып жүргенің.   Осылайша, обал, сауап, ұяттың қадірі қашып барады.  Адамдық қасиетті жоғалтқаның – өзіңді жоғалтқаның. Ендеше, ұяттан алыстамайық. Ата-бабамыздың: «Қызыл ет қашады, қызыл бет қалады», – деген тәмсілін ұмытпайық.

Гүлжан Тұрсын