Қазақ қалай амандасқан?

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 2230
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ақиқатқа мақау қоғамда ағынан ақтарыла сөйлеп алысқа шаппасың анық. Десе де, кей уақытта қабырғалы мәселелер кеудеңе беріш боп қадалып, жаныңды жай таптырмайды. Ал, кейде көзбен көргеніңді сөзбен жеткізе алмай дал боласың. Дал болғанда да сондай қолайсыз, айтуға ауыз бармайтын жайттар кездеседі ғой. Ондайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Қалам тартайын десең, сөздің оғы қазаққа барып тиетіндей, тартпайын десең, бұған қашанғы көз жұмып қарай береміз деп ойлайсың.

Кеше көшедегі еңгезердей екі жігіттің бет сүйіп амандасқанын байқап қалдық. Бұл жолғы сәлем-сауқаты әдеттегісінен бөлек. Жүзі таныс адамдар болған соң бізді таңырқатпай қоймады. Әлгі екеуі құдды бір-бірін жаңа көргендей өбісіп, қызша үзіліп тұр. Қылықтары күлімсіреген еркекке емешегі құрып, есі кетіп қалатын желқуық ұрғашыдай. Олай дейтін де өз себебі бар. Соғыстан аман келген баласын туған анасы аймалап жатушы еді ғой. Бұлардың бұл әрекеті соған да ұқсас. Басында қызтекелердің бірі шығар деп мән бермегендей болдық. Артынан қазақтың қара домалағы екеніне көз жеткізген соң, көңіліміз күпті болды. Ағатай-ау, қай атаңнан көрдің, қолың бермей бетің тосқанды. Батыстың қаңсығы бізге таңсық бола бастаған ба, әлде соның жетегінде кетіп бара жатқанымыздың бір көрінісі ме бұл?!
Өзінікін жатсынып, жаттың жылтырағына жармаса кететін жастардың әрекеті жаға ұстатты. Бүгінгі алуан мәдениет өзара әсер еткен тоғыспалы заманда, xас салтымызды менсінбей нас дәуірдің жылымына түсіп, өзіне-өзі жат болып бара жатқан жасөспірімдердің жалбағайлығы жанымызға қатты батты. Бұл сол жаһандық жасанды, тұрпайы мәдениет пен теріс тәрбиенің жемісіндей көрінеді бізге. 
Иә, қазір не киімі келіспейтін, не аузында «бисмилләсі», не тұла бойында көз тұрақтатар сәні жоқтарды да көріп келеміз. Айдаладағы Боратқа өкпелеп жүргенде, айналамыздағы Бораттар қаптап кетті. Жасыратыны жоқ, міне, солар өзге жұрттың қаңсығын жел ұшынан жалғап, өз басымызға қоқыс төгіп жатқандай.
Қазақ қалай амандасқан? Әлмисақтан бері қанға сіңген дәстүр бойынша екі кісі жолыға қалғанда алдымен жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сә-лем береді. Жасы үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қатады. Содан соң мал-жан амандығы сұралады.
Ислам дінінде де сәлемдесу әдептіліктің белгісі екендігі айтылып, қасиетті Құран Кәрімде: “Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қайтарыңдар”, – делінген. Себебі, амандасу өзара сыпайылық пен татулыққа, мәдениеттілік пен парасаттылыққа апарар жол емес пе?! Тағы бір айта кетерлік жайт, қазақ келіншектері ата-енелеріне, қайнағалары мен абысындарына ерекше ілтипатпен, кішіпейілдікпен сыпайы түрде иіліп сәлем берген. Ал үлкендер жағы болса, “Айналайын, жамандық көрме!”, “Үбірлі-шүбірлі бол!”, “Көп жаса, балам!” деп жылы лебіздерін білдіріп, баталарын берген. Ал қыздар мен жігіттер болса жылы- шыраймен ымдасып күлімдескен, кей кезде ақырын үнмен “Сәлем” деп амандасса, қыз-келіншектер бір-бірімен көріскенде құшақтасу әдебінің шегінен шықпаған. 
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен “Ассалаумағалейкүм!” деп бірен-саран ақсақалдарымыз амандаспаса, кейінгі уақытта тіпті оны естуден қалғандаймыз. Алпысты алқымдаған кейбір ағаларымыз “Қал-жағдайың қалай? Жұмысың орынша ма?” деп саулық сұрасып жатса, жастар жағы “Қалай жағдай?” деп қол берісіп, шапалақты шарт еткізулері әдептілік емес. Қол берісу кезінде бір-бірінің қолын қысып, оны ауырту да әдетке айналып кеткен. Қазір жас жігіттердің үлкен адамдарға бір қолын ұсынуы да көңілге кір келтіретіні рас. Бұл осы ма, жастар шетелдің киноларын көріп, соған еліктеушіліктен бе, әйтеуір бір-бірімізбен “Привет” деп бетімізден сүюді шығардық, қыздар болса тіпті еріндерінен сүйіп амандасатын кейіпке жетті. Сондай-ақ, мектептегі оқушылар немесе университет студенттері сабақтан нашар баға алып қалса, әлгі пәнді оқытатын мұғаліммен амандаспай, оны өтірік көрмегенситіндер де кездесіп жатады. Соңғы уақытта бір-бірін жек көретін адамдар амандаспай жүре беретін болып кетті. Бір-бірімізден амандық сұрап, сыпайы сөйлеуден қалып бара жатқандаймыз. Ал бұл біздің халқымыздың әдебіне жат қылықтардың бірі.
Мұндай тұрпайы жайттар қазағымның данагөй қариялары мен ес білген азаматтарына, намысты қолдан бермес жігіттері мен ибалы қыздарына жараспай-ақ тұр. Дамыған отыз елдің қатарына қосылып, жаһандану көшіне ілесеміз деп жүргенде салт-дәстүрімізден ада болып қалмайық, ағайын! Аманшылық амандасудан басталады, одан жаңылуға да, жалығуға да хақымыз жоқ!

Қабыл ИСА