Шылымның шырғалаңы

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1447
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Біздің ғасырды дамыған дәуір дейміз. Иә, дамуы дамып жатыр. Бірақ неге кей жастарымыздың санасы дамымай, уланып барады? Тек жастар ғана емес, үлгі тұтар үлкендеріміздің өзі көк түтінге малынып, маскүнемдікке салынып жүр. Жастарға үлкендеріміздің бұл үлгісі әсер етпей қоймайды. Неге десеңіз, жастар тым еліктегіш. 
Кез келген жерден темекісін бұрқыратқан ұл-қыздарымызды көреміз. Егер темекі тартса олар өздерін «ерекше» сезінетін секілді. Ал сол алдамшы сезімнің неге апаратынын олар ойламайтыны анық. Қаламыздағы кез келген жоғары оқу орнының қай-қайсысына бара қалсаң, бұрыш-бұрышта шылым шеккен қыздарды көреміз. Бұл әдеттің жаппай етек алғаны соншалық, сол шылым шегіп тұрған қыздарға төңірегіндегі адамдар ешқандай ескерту жасамай, бейжай қарайтын жағдайға жеттік.
Жастардың бір осал жері – өзгеге еліктеу. Бір-біріне еліктеп, түрлі жыртық шалбар, кіндігі көрінетін киімдер киіп алған. Қымбат ұялы телефон ұстамаса тағы да болмайтындай. Мұндай адамдарда өркөкіректік, өзімшілдік секілді кері мінез, қылықтар да орын алатыны ақиқат. Көк түтінге шырмалып, ұзын шашты кесіп, қысқа белдемше киіп алып, шетелге еліктегеннен еш пайда таппаймыз.
Әр уақыттың өз ағымы, үрдісі бар. Қазіргі қазақ қыздарына ұлттық киім, басыңа сәукеле, үстіңе қазақы көйлек ки деп жатқан ешкім жоқ. Тек өздерінің тұлғаларына сай, жарасымды, қонымды, бастысы, еліктемей, ұятты жерлерін жауып киініп жүрсе болғаны.

Кәусар ЛЕСКЕН