Қисынға келмейтін теңеу

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1788
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Абай дана, Абай дара... Ұлы ақынның артында қалған мұрасы – бүгінгі күнгі рухани азығымыз. Қара сөздері екі ғасыр өткенімен еш құндылығын жоймаған, тіпті бүгінгі кезеңге арнап жазылғандай. 

Иә, тарих қойнауынан сыр шертіп, әсем сөзбен айшықтала жазылған әңгіме-повестер, жыр дастандар мен өлең шумақтар көп ақында баршылық.  Бірі Абайға дейін өмір сүрсе, бірі замандас болған, енді бірі одан кейінгі кезең заманының күйін кешкен. Алайда солардың қайсысын Абайға теңесті деп айта аламыз? Абайдың даралығына ешкімнің күмәні жоқ. Әйтсе де, өкінішке қарай, оған күмән келтірушілер бар. 
Жақында ғана «Абай осы кезеңде өмір сүрсе, әрі кетсе «блогер» болар еді» деген  кәсіпкер Нұрлан Байділдәнің сөзін оқыдым. Оқи келе тұңғиық ойға шомдым. Мұны қазағымның дарасының, данасының еңбегін тәлкек  ету деп түйдім. 
Жаппай жаһандану жүріп жатқан заманда желі парақшалары кітап пен өзге де құндылық көздерін ақырындап ысырып келеді. Бүгінгі күні самсап тұрған вк, инстаграм, facebook және тағы да басқа әлеуметтік желі парақшаларында өмір жайындағы сан түрлі жазба бар. Орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде жазылып, артында сурет қойылған бейнелерді барлық желі пайдаланушысы күнделікті оқиды. Мұндайды кез келген адам жаза алады.  
Блогер деген кім? Сан адамда әртүрлі пікір болады, әрине. Интернет парақшасында блогерге мынадай анықтама береді: «Блог ағылшын тілінен аударғанда «желі журналы немесе оқиға күнделігі», яғни ұзын емес жазбалардан, суреттерден, таспалардан тұратын мәнді мағлұматы бар торап. Блогшы деп блог жетекшілерін атайды. Ғаламтордағы барлық блогтар жиынтығын «блогосфера» дейді».  
Меніңше, блогер әлеуметтік желіде баршаға тез тарайтын бір реттік хабарды жеткізіп, басқа жаңалыққа ауысып кететін ақпараттың иесі. Содан кейін де әлем бойынша сан тілге аударылып, ұрандай жатталған, тіпті, мақал болып кеткен афоризмдердің иесі Сократ, Абай, Марк Твен және басқа да ойшылдарымызды тек «блогер» деп атау қисынға келмейді.
Әр заманның өз ерекшелігі болады. ХІХ ғасырды дәл қазіргі жаһанданып, сәт сайын дамып жатқан кезбен салыстыруға да келмейді. Ол кезеңде халықтың басым көпшілігі көп ретте күнделікті күйбең тіршілікпен жүретін. Қазіргі уақытта өркениетті дамытып, көп тіл үйренуге, өзге елдердің мәдениетімен танысуға, жаңалықтарға жаны құштар азаматтар легі молайып келеді. Бұл – Абай мен Мұхтарлар  арман еткен заман туды деген сөз.
«Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», деген Абайдың әлемін Әуезов арқылы теңіздің тамшысындай болса да танып білдік. Дәулетті отбасында туған ақын күпі киген қазақтың қамын ойлап күй кешті. 
Ал бүгінгі блогерлердің мақсаты не? Барлығына топырақ шашпаймын, десек те атақ үшін нетүрлі адамдардың жеке өміріне араласып, не болмаса бір затты жарнамалап, жеке басын күйттейтіндерге Абайды теңеуге бола ма? 
Қазақтың кім екенін білгің келсе, Абайды оқы. Абай мұрасын жаттап, насихат еткен жолымен жүр. 
Әр жақты дамығанымыз дұрыс шығар. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, заманға сай өмір сүруіміз керек. Алайда, ғасырлар бойы құнтталып келе жатқан құндылықтарымыздың да қадірін біліп, аяқасты етпейік.  

Зере САЙЛАУ