ШЕКТЕУСІЗ СЫРА мен ТЕГІН АРАҚ астарында не жатыр?

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 2969
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Басқа бизнеспен салыс­тыра қарағанда көңіл көтеретін орындардан табыс көбірек түсетін болса керек, үлкен қалаларда аяқ аттам жерден кафе мен сыраханаларды кез­дес­тіреміз. Көбігін көпіртіп, сыраны өкіртіп ішіп отырған сол өзіміздің қазақ жастары. Арасында арам су да, көк түтіннің көкесі – темекі де, басқасы да табылады. Жас­тарды осындай жағымсыз әре­кеттерге тартуда сырахана, кафелердің зияны шаш етектен деуге болады. Олардың кейбірі өзіне көптеп тұтынушы тарту мақсатында түрлі әрекеттерге де барады. Мәселен, Қабанбай батыр және Абылайхан көше­лерінің қиылысындағы «Ала­тау» кафесіндегі акцияға әрбір адамның көз тоқтата қарары анық. Онда «5000 теңгеге тап­сырыс берсеңіз бір бөтелке арақ сыйлыққа беріледі. Соны­мен қатар шектеусіз сыра: 990 теңге төле де қалауыңша іш» деп бадырайта жазылған. Бұл жазуға қарасаң, ойы тұнық жанның өзін ішімдік ішуге мәжбүрлеп шақырып тұр­ған­дай немесе адамдардың бәрі бірдей араққа тәуелді деген ұғым туып тұрғандай көрінеді. Арақ пен сыраны жарна­малау­дың бұдан артық сорақы көрі­нісі бола қоймас.

Ақшаның буы талайды түзу жолдан тайдырып, көр соқырға айналдырғаны анық. Бірақ, қалтаны қампайту үшін дәл осылай аз­ғын­дауға бола ма? Жар­­­­на­ма­ның табыс­тың тең­дессіз әрі тап­­тыр­мас жолы еке­ніне еш­кімнің де тала­сы жоқ. Дегенмен де, арақ пен сыра­ны жар­намалаудың ар­­тында адам тағ­дыры, жастардың бо­ла­шағы тұр­ға­нын неге ескер­мес­ке? Сонда ка­фе­нің иесіне мұндай ада­ми болмыс – қасиет, түсінік жат болып тұрғаны ма?

Талдықорған қала­сын­дағы «Мүшелтой» шағын ауда­нынан осыдан біраз уақыт бұ­рын ашыл­ған «Питница» деп жазы­лып, бірінші тұрған «и» әрпі үстінен түзетіліп «я»-ға ауыс­тырылып, «Пятница» де­ген ұғым беріп тұрған кафенің ата­уы да дүдәмал. Оның түп- негізі «пить» ішу деген сөзден шығып тұрғанының өзі ішімдік ішетін жер дегенді аңғартпай ма? Оның үстінде Чехия мем­леке­тінде «Pitnica» атты атақты сыраханалар желісі бар. «Пит­ница» атауының осыған сүйе­ніп аталуы әбден мүмкін. Ал оның «Пятница» деп өзгертіліп беруі мына ұғымды меңзеп тұр­ғандай, «жұма күні жұмыстан соң сыра­ханаға келіп, ішімдік ішіп, дем ал».

Жұма қазақ үшін қасиетті күн. Бұл күні көпшілік жұма намаз оқу үшін мешітке қарай ағылады. Сол мешітке жақындау жерде орналасқан «Пятница» кафесі кейбіреулердің жақсы ойын өзіне бұрып, еріксіз шақы­рып тұрғаны жасырын емес.

Мұнымен айтпағымыз, кафе, сыраханалардың иелері мұндай істе өз қамынан бұрын ұлттық мүддені жоғары қою керектігін жеткізу еді. Кафе иесі екенмін деп өз мақсаты үшін орынсыз іске бармауы қажет. Бұған заң­дық тұрғыда да шектеу қоюдың тетігі болуы тиіс. Елімізде алко­голь, темекі өнімдерін жарна­малауға тыйым салынғандығы белгілі. Десек те, астыртын түрде болса да осындай іс-әре­кетке жол беріліп, сырахананың дүдәмал атаулары бой көтеріп жатқандығы жасырын емес. Онда тегін арақ пен шектеусіз сыраның берілетіндігі де ішім­дікті жарнамалаудың бір жолы емес пе? Әсіресе, сыралардың жарнамасына ешбір тоқтам жоқ. Әрбір жерде бой көтерген «алко­гольсіз сыра» деген жазулар ХХІ ғасыр ішімдігін ашықтан-ашық насихаттау болып табылмай ма?

Алкогольді сусындарға жар­­нама жасауға қанша тыйым салынса да өндірушілер оның сан түрлі жолын табуда. Осыдан біраз уақыт бұрын айтулы кәсіп­орын табиғи суға жарнама жаса­мақ болып өтініш берген. Ал судың жарнамасына «Хуторян­ка» арағының суреті жапсы­рылған. Бірақ мәтіні толығымен табиғи су жайында. Сондағы берген жауаптары– «арақ та су емес пе?» болған.

Мұндай тапқырлар саны күн санап артуда. Спирттік ішім­діктер табиғи таза суретін­де, сыра атаулының барлығы жал­ған «алкогольсіз» тіркесін тір­кеп алып, жарнамасын шал­қайтуда. Сонда бұл заң бұзу­шылардың ісіне тосқауыл болар дәр­мені­міздің болмағаны ма? Бұ­лай жалғаса берер болса, ақша­ның буымен арақты – сүт, сыра­ны – қымыз деуіміз де ғажап емес. Жарнаманың астарында бола­шағымызға қауіп төндірер осын­дай іс-әрекеттердің жат­қаны анық, оған бей-жай қара­мау қажеттігін ескергеніміз абзал.

Алма ЕСЕНБАЕВА