Ұстазы қайсы, оқушысы қайсы?

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 2711
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кезінде мектепте әр дүйсенбі сайын 1-11-сынып оқушылары сап түзеп, жиын өткізетін. Онда апта бойы кеткен кемшілік көпшіліктің көзінше айтылатын. Кезекші болған сынып сабақтан кешіккен, тырнағы мен шашы өскен, кір-қожалақ жүрген, екі алған оқушылардың тізімін қабырға газетіне қы­зыл қаламмен жазып, іліп қоятын. Ол қабыр­ға ешқашан босамай­тын-ды.

Соңымыздан ерген іні-қа­рын­дастар мен алдыңғы буын аға-әпкелер үзіліс сайын сол жерге жиылып: «Осы жолы кім шықты екен?» – деп жанталасып оқитын. Үлкен сыныптағы бау­ыр­ларымыз: «Газет бетіне шы­ғып қалмаңдар. Дұрыс жүріңдер. Фамилиямызға кір келтір­мең­дер», – деп күндіз-түні айтудан жалықпайтын. Сондай бір жиын­да мектеп басшысы ортаға шығып: «Кімде-кім тізеден жо­ғары белдемше киіп, шашын жайып білім аламын деп мек­тепке келсе, ол адамға білім есігі жабылады. Сонымен қатар, қыз балалар биік өкше аяқкиім киіп келсеңіздер, сіздерге басқаша жаза қолданатын боламыз. «Қыз­дар жиынында» бұл мәселе ата-аналарыңыздың алдында қаралатын болады. Ұстаздар қауымы әрбір оқушының тәртібі мен үстіне киген киіміне сіздер жауап бересіздер», – деген еді. Директордың осы бірауыз сөзі қанша жыл өтсе де менің есімде әлі күнге дейін сақталып қа­лыпты. Сол сәт кеше ғана бол­ғандай. Ол кезде ұстаз беделі осындайымен де биік болатын. Ал қазір ұстаз қайсы, оқушы қайсы, ажырату әсте қиын.

 Күнделікті мектепке бара жатқан кез келген қыз балаға көз салыңызшы. Шашы жайылған, көзі боялған, ерні қызарған күйі сөмкесін асып, тап бір кешкі жиынға кетіп бара жатқандай. Бірақ олар «Бір Аллаға сыйы­нып, Кел балалар, оқылық» деп маңдайшасында жазылған киелі ордаға бара жатқандарын өздері де сезінбейтін секілді. Ал олар­дың үстіне ілген киімдерін айту үшін терең тыныстап алған жөн. Тізенің үстінен келмек түгілі қыз баланың санын жабуға да жет­пейтін алақандай матаны олар «юбка» деп киеді. Оларға қарау үшін көзіңіздің ұяты жібермейді. Енді айтылған ойды өзіңіз сал­мақтай беріңіз. Бұғанасы бекі­меген мектеп оқушыларының арасындағы түрлі жағдайларды еске алыңызшы. Партада оты­рып, ақ бантик тағып жүрген оқушының жүкті болуы бүгінде бір мектептің, ата-ананың ғана емес, қоғамның маңызды мәсе­лесіне айналуда. «Құдай сақ­тасын. Өзімен кетсін», – деп сөзбен ғана әрекет етіп жүрген ата-аналар жайына тоқтала кет­кенді жөн санадық. Жас күнінде қиыншылықтың дәмін татуын­дай татып, енді бүгін: «Мен жемегенді осылар жесін, кисін. Көрмегенімізді көрсін. Балалар үшін өмір сүріп жүрміз ғой», – деп шығатын әке-шешелер бала­лары үшін ақтық демі қалғанша күресетіні заңдылық. Дегенмен, ата-ананың аузынан бір мезгіл: «Тәйт. Олай істеуге болмайды. Сен әлі жассың», – деген сөз де ара-тұра айтылса артық болмас. Баласы не айтса да заң деп қабыл алып, соңында бармағын тістеп жатқандар да бар қазір. Бұл – үлкен қателік.

Жаздай демалған баласын ата-анасы қолынан жетектеп, базарға алып барады. «Маған мынандай киім ұнайды. Елдің бәрі киіп жүр ғой. Оны кигім келмейді», – дегеніне көніп, тыртиған киімге маңдай термен тапқан қып-қызыл ақшаны тө­лейді. Саудагердің міндеті – тауарын өткізу. Қалғаны әркім­нің өз таңдауы. Су жаңа киімді киіп алған қызына: «Мына киім саған құйып қойғандай. Өте жарасып тұр. Менің қызым сондай әдемі болып кетті ғой. Енді сабаққа дайынсың», – деп одан әрі дем береді. Олар оны білім алуға емес, көшедегі сан­сыз жігіттің көзіне түсірудің алғашқы қадамын жасап жат­қандарын қаперіне де алмайды. Ол туралы, тіпті, ойланбайды да. Кейін: «Мама, маған опа, далап және әтір керек», – деп қыздары қыңқ етсе, тілегенін іздетпей-ақ тауып береді. Қыс­қасы, не ішемін, не киемін деп бас қатырып жатқан оқушы жоқ.

Мұндай өзекті мәселенің шиеленісіп кеткеніне тек ата-ана ғана емес, мектептің жүре­гіне айналған ұстаздар да кінәлі. Неге десеңіздер, бұған да жауап беріп көрейік. Жақында қала­дағы бір мектепте айтыс өтті. Соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Шынын айту керек, өнерлерін ұялғанымыздан әрең көрдік. Біздің алдымызға оқу­шылар емес, түнгі клубта өнер көрсететін қыздар шыққандай әсер алдық. Олардың үстіндегі бір елі көйлектеріне ұстаздар қауымы тым разы секілді. Оны қос қолдап шапалақ ұрған ықы­ластарынан аңғардық. Бұл азғын­даудың бастамасы болса керек. Соңында білім бөлімінен келген маманға оқушы киімінің дәл білім ордасына сай емес­тігін айтқанымызда ол бірден: «Енді өздері келісіп тіккен шығар. Ең бастысы, жарасып тұр ғой. Жарайды, басшы­лар­мен бұл туралы сөйлесемін», – деп біздің пікірді жақты­рың­қырамады. Бұл тақырыпты қоз­ғады ма, жоқ па, ол жағы бір құдайға ғана аян. Сонда білдей бір білім бөлімінің қызметкері осындай жауап айтқанда, басқа­сынан не қайыр. Сонда жарасып тұр екен деп қысқа, ашық-шашық киімнің бәрін оқушылар үстіне іле берсе не болғанымыз? Міне, ақыл айтар ата-ананың, білімнен бірінші тәрбиеге мән беріп, жөн сілтер ұстаздың кейпі осындай болса ертеңіміз не болмақ?!

Еңлік КЕНЕБАЕВА