Сырттанов жазған ата заң

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 2289
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған үш жүзден шыққан 300-ден артық қайраткердің қай-қайсысы болса да, Алаштың алдаспаны болғаны анық. Олар ұлт мұратын, баба аманатын орындау үшін аянбай еңбек етті. Соның нәтижесінде тұрақты атты әскер ұстаған, партиясы һәм бағыты айқын көрсетілген айбынды Алаш өкіметі өз деңгейіндегі ұлы істерге жол ашты. Қылышынан қан тамған патша өкіметі қаһарынан қаймықпай, Әлиханы мен Әлімханы көзінің қарашығындай қорғаған қазақ топырағы әлі байтақ. Ахметі мен Міржақыбы «Қазақ» газеті болып атсалысқан өнер-білім, ғылым, мәдениет шырағы да жағулы бүгін. Бұл тізімді бүлдірмей тізсең, бүтін бір кітапқа жүк болатыны тағы анық. Ал қазақ даласында тұңғыш конституцияны қалыптап, көшпенді зәузәтына жаңа дәуір заңының парағын парақтатқан Барлыбек Сырттанов ше?

Әсілінде, Барлыбек ту­ралы бәтуәлі сөздің бір парасын газетіміздің өт­кен сандарының бірінде «Алаштың арманы» деген атпен жарияласақ та, оның сол кездің өзінде Еуропа конситуциясынан кем түс­пейтіндей етіп жазған «Қазақ елінің ус­тавы» біздің қайта ай­налып соғуымызға се­беп­кер болғаны рас. Өйткені бұл заң алғаш рет көш­пенділік тұр­мысқа негіз­делген бұрынғы заңдарға басқаша өң беріп, оты­рықшылық мәдениетке үйлесетін жаңа ба­ғыт­тарды айқындап берді. Құжатта жаңа озық идея­лар көрініс тауып, ұлттық автономия құру, сай­лау­дың жалпы сипаты, мем­лекет билігі мәселелері егжей-тегжейлі баян­далады.

Мұнан сырт, уставты түзген Барлыбек Сырт­та­нов туралы шәкірті М. Ты­ныш­паевтың: «Теңдікке қолы жет­пегендер Бар­лыбек, Тұрлы­бекке жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді, ешкімді я жылатып, я жы­латпауға Барлыбек, Тұрлыбек се­бепкер болған емес. Бұ­лай болған соң бүтін бір облыс орыс, қазақ-қыр­ғыз Барлыбек, Тұр­лы­бек­тің сөзінен ешуа­қытта шыққан емес», – деп жа­за­ды. Мұның өзі біздің бұл заңға барынша ден қойып, әр бабына дейін шұқшия үңілуі­мізге се­беп­кер болды. 

28 баптан, 4 бөлімнен тұ­ратын әйдік еңбектің айтары да оқшау. 1911 жылы жазыл­ған уставқа бүгінгі заңгер, құқық­та­ну­шылар да таңдай қағыса таңғалысады. Қарап кө­рі­ңіз. Барлыбек әкей тұң­ғыш конституцияның кі­ріс­пе сөзінің өзінде «Қа­зақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының та­мыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұр­пақ жалғастырудан         7 мил­лионға жетті. Саны­мен Россияда үшінші орын­да тұрды», – деп бір түйеді. Бәзбіреулер «сіл­тепті» деді. Тіпті, мұны шек­тен шығып «ас­қан­дық» пен «тасқандық» деп айыптап, тасада тұ­рып тас атуға, дұшпан ниет­терді айтақтауға тал­пынғандар да табылды. Бәлки, Барлыбек туын­дысының түбіне жет­кен­дер де солар ма екен?

Әрмен қарай қазақтың басынан өткен шырғалаң тарих пен тарғыл тағ­дыр­ды суреттей келе: «...Өз алдына ел болуды көз­деумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жет­кізу үшін уставты кіргі­зеді» деп жазады. Демек, бұл құжаттың маңыз­ды­лы­ғы сол – ол қазақ елі­нің егемендігі, тәуелсіздігі туралы толық қамтыған әрі ашық білдірген еңбек еді.

Сырттановтың уставы бойынша елде үш билік болуы тиіс-тұғын. Олар жеке-жеке заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Бұған қоса онда үш би­лік­тің бір-біріне ба­ғын­бай­тыны тәптіштеледі. Мұндағы төрт таған принцп те сол – бас­сыздыққа жол бермеу. Осылайша парламенттік ел басқару үлгісін ұсын­ған кемел заң қазақ елін азаттыққа бастайды.

Әрине, бұдан бұрын да бұл далада Күлтегін, хан Темірші, Қасым хан, Есім хан, әз Тәуке жар­лық­та­рының құзыреті жүріп, құ­ді­реті мойындалғаны екі­бастан. Дегенмен, заман та­лабы, дәуір шындығы тұрғысынан келгенде «Қа­зақ елінің уставы» қазақ халқының бүгінгі күнге дейін өзектілігін сақтап келе жатқан мә­селелерін қаузап ке­т­кен­дігімен ерекшеленеді. Әсі­ресе, ІІІ бөлімнің бап­тары қазақ жерін сақтап қалуға негізделген бо­латын.

Мәселен сол бап­тар­дың бірінде «Судья­лар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеу құқы бар», – дейді          Б. Сырт­танов. Енді ойлап қа­раңызшы, тіл мәселесі бү­гінде өзекті болып тұр­май ма? Бақсаңыз мұнда су­дья­лар қазақ тілін білуі ке­рек дейді. Тіл мә­се­ле­сіне келгенде неге ал­ды­мен судьялар таңдалды деп ойлайсыз? Себебі, сол кездегі қоғам үшін сот билігі басынан тұ­натын бұлақпен бірдей-тын. Күш те, ықпал да, қаласа байлық та со­лардың қолында бол­ды. Ал судьялар тілі қа­зақ­ша «шықты» деген сөз – қазақ тілі мем­ле­кеттік тілге айнал­ды­ру­дың ал­ғашқы баспалдағы еді. Мұның арғы жағы беп-белгілі: біртұтас қа­зақ елі идеясы мен­мұн­да­лайтын мұннан.   

Енді оның өзектілігі туралы ойды тағы өр­бітсеңіз, біздің қазіргі Ата Заңымызбен үндес тұ­сын танисыз. Яғни, бүгінгі ел конституциясының І бөлім, 7-бап, 1-тар­ма­ғында «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы мем­ле­кет­тік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген.

Осы ретте Сырттановтың қазақ даласындағы арғы-бергі тарихтағы заңдарға қанығып, саралап, салмақтап барып аталмыш құжатты дайындағанын, ал сол уставтағы дербес ұлттық егемен мемлекетті қалыптастыру идеясының бүгінгі Ата Заңымызда көрініс тапқанын ескерсеңіз, біз «тұтынып» жүрген заңның қаншалықты тамыры терең екенін бағамдар едіңіз. Әрі сол арқылы дала заңдарынан бастау алған бүгінгі конституциямыздың да ертеңі қаншалықты

берекелі екеніне көз жеткізесіз.