Не ексең, соны орасың...

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 1299
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ жастарына орыстың, ағылшынның мәдениетін, дәстүрін үйрету арқылы біз олардың санасын сол елдерге тәуелді етудеміз. Сананы отарлау процесі осылай жүретін жайында ойланып көрейікші. 

Көрші Ресей мемлекеті «ұлы көсем» Лениннің тапсырмасы арқылы бұратана халықты зорлық-зомбылықсыз отарлау саясатын жетпіс жылдан астам уақыт жүргізіп келді. Оларды ең бірінші тілінен, одан соң дінінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен біртіндеп ада етсең сенің айтқаныңды істеп, айдауыңа көніп жүре береді деп үйретті. Қасқабас көсемнің даналығы да, міне, осында! Осы тәсілмен бізді аз-ақ жылдың ішінде тілімізден де, дінімізден де белгілі бір дәрежеде ажыратып үлгерді. Соның салқынынан әлі құтыла алмай келеміз. Ал құтылудың жолдары қайсы? Өткенді айтып жылай бермей, енді осы жолды іздейік.
Ұлттық мақтаныштың негізі – тіл деп зиялы қауым әлі айтып келеді. Тіл арқылы уланған ұлттық сананы емдеуге болады. Батыстың, көрші Ресей мен Қытай мемлекеттерінің рухани құлдығынан бізді тек ана тіліміз ғана құтқара алады. Ана тіліміз арқылы жас буынға тарихымызды, ежелгі жазу мәдениетімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, ғажайып өнерімізді, дәстүрлі ән- күйімізді, қолөнерімізді, ешкімде жоқ айтыс, шешендік, жыраулық өнерімізді  кеңінен насихаттауымыз керек. Бұлардың бәрі кеңестік жылдарда саналы түрде жойылып кете жаздаған еді. 
Біздің тәлейімізге қызыл империяның ғұмыры қысқа болды. Қысқа болса да біздің бір буынымызды улап үлгерді. Сол буыннан тәрбие алған бүгінгі біздер ұрпағымызды да сол тәрбиемен өсірдік. Әлі де кеңестік дәуірді аңсайтын қарттарымыз немерелеріне отарлық сананың уын таратуда. Демек, біздің отарлық санадан толық азат ету үшін әлі де көп уақыт керек. 
Кезінде қазақ халқының әйелдерге деген құрметі ерекше болған. Әйелді бірінші анасы ретінде бағаласа, екіншіден, балаларының анасы, отанасы деп сыйлаған. Ол туралы көптеген аңызға айналған әңгіме, жыр, дастандар жеткілікті. Соның бірі әрі бірегейі осы заманға дейін «жұмақ анаңның табанының астында» деп балаларына шеше сыйлау жолдарын үйретіп келгендігі. Өздерінің ең қасиетті деп жанынан артық көретін асылдарын «Ана тілі», «Жер-ана» деп атауларында да көп мән бар. 
Кеңес өкіметі ер мен әйелдің құқығын теңестіру арқылы асыл аналарымыздың ата сыйлау дәстүрін барынша теріс бағытқа салды. Сол арқылы бүгінгі қазақтардың мінез-құлқын бұзды. Күйеулерінің отырған жерін дәретсіз баспайтын аналарымыз енді еріне қарсы шаптығатын, тіпті қол да көтеретін сорақы мінез тапты. Осыдан жалғызбасты әйелдер, жетім балалар көбейді. Айта берсе таусылмайтын мұндай өрескелдіктер қазақ менталитетін барынша өзгертті. 
Осы келеңсіздіктерді ауыздықтау үшін құлдық санадан құтылу жолдарын қарастырып, ана тіліміздің мәртебесін барынша көтеруіміз керек. Ол үшін барлық салада мемлекеттік тілге айқын басымдық берілуге тиіс. «Кеше біз қандай халық едік, енді қандай елге айналдық?» деген сұрақтың төңірегінде көп болып ойланып, батыл қадамдар  жасауға міндеттіміз. Бүгін біз ненің дәнін ексек, ертең соның жемісін жейтінімізді естен шығармағанымыз абзал. 

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,
 Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, Панфилов аудандық
«Қазақ тілі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы