ЭСТРАДАНЫ ҚАЙТЕЙІН ЕСІРГЕН МЫНА

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 1490
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ
Өткенде бір досым үйлену тойына шақырды. Бала күнімізден бірге өскендіктен үстімізге барымызды киіп бардық. Өмірде бір-ақ рет болатын қуанышы ғой, елге танымал, тәуір деген эстрада әншілерін жалдапты. Әкесі сондай дәулетті кісі еді. Дүрілдетіп өткізді екі жастың мерекесін. Құдды жиналған ағайындары үйлену тойына емес, концерт көруге келгендей. Айқай-шу, келімді-кетімді кісі, әртістерді қаумалаған халық тойдың берекесін кетірді. Оны қойшы, мәні жоқ әндерді естіп етіміз үйренді ғой, кішкентай қарындасымыздың әрекеті тіптен ұят болды. Ағасына арнап Ерке Есмаханның «Қайда?» деген хит әнін орындады ортаға шығып.
 
Тыңдарманның жүрегін бірден жаулап алған бұл туындының сөзін сіздер де жаттап алған шығарсыздар?! Радиодан да, экраннан да түспейтін бұл әуен адамға тәрбие беретін қасиеттен ада. Айтпаса да белгілі, мәтінінде жас қыздың жігіт іздеп, жер-көкті шарлайтыны баяндалады. Қаның қайнамай қайтсін, қазақ қызы теңін іздеп жер кезетіні дәстүрімізде жоқ таным. Оны әлі бесіктен белі шықпаған бүлдіршіннің аузынан естігенде тіптен ауыр тиеді екен! Бұл балаға жарасар қылық па, тәйірі?! Өз-өзімді әрең ұстадым. Ата-анасы құлынының ән айтқанына, туыстарының алдында абыройын көтергеніне шат. Бірақ не айтып жатқанында шаруасы жоқ. Әйтеуір бармақтай өнерін бағалап, басына көтеруде. Баланың не кінәсі бар? Айтпа демейміз, айтсын. Барлық мәселе әке-шешесінің таяз ойында болып тұр ғой. Айтам десе қазақтың әйгілі сазгерлерінің балаларға арнап жазған базарлығы толып жатыр. Бірін орындаса өзіне де, өзгеге де өнеге. Ойына шырақ, санасына шуақ сыйламақ. Оны үлкендер білмейді емес, біледі. Тек осындай жеңіл де жалаң әндерге жандары құмар. Айтуға оңай, биге тартып тұрады. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей, ішімнен тындым да отырдым. Шыны керек, мұндай мағынасыз әндердің сонша халықтың сұранысына ие болғаны ұлттық болмысымыздың бүлінгені емей немене? Әлде менің талғамымның жоқтығы ма!? Жасырдың не, жала жаптың не, ащы болса да шындығы осы.
 
Қандыкөйлек досым болғандықтан тілек айтпай, тойдан кетіп қалуға болмады. Не де болса думан біткен соң ата-анасына өкпемді жеткізермін деп отырған орнымнан тапжылмадым. Әйтсе де, бекер-ақ істеген екенмін. Тойдың екінші жартысында төрге қарай қара домбырасын қолына алып, бір қара домалақ беттеді. Даусының зорын-ай! Үкілі Ыбырай мен Біржан салдың өрелі әндерін нақышына келтіріп, кезек-кезек орындады. Қайран қалдым! Құдды өткеніміз қайта жаңғырғандай өре түрегелдім. Алақаным ауырғанша қол соқтым. Эмоцияға қатты берілгеніме ыңғайсызданып, айналама қарасам, әркім өз әңгімесімен әлек. Бағанағы у-шу жайына қалған. Бағалап жатқан бірі жоқ. Күл болмасаң бүл бол дегендей. Орындаушы жігіт жұрттың ойынан шықпағанына налыды ма, тойдан тайып тұрды. Не болғанын түсінбей мен де артынан жүгірдім. Күнкөріс үшін той кезіп жүрген жан ба деймін, сұхбаттасуға үзілді-кесілді қарсы болды. Кейін досымнан сұрап едім, жұмыссыз жүрген осы өңіріміздегі дарындылардың бірі екен. Қайтейін, қол қысқа, жәрдемдесуге жүрексіндім. Сол сәтте есіме ақын Қалқаман Сариннің мына бір шумақтары оралғаны:
 
Қасиетіңнен айналдым, 
кешір, домбыра!
Шанағыңды шаң басып, 
кесір қонды ма?
Есі кеткенше билейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына?!
 
Иә, қазақ – қашанда ұлттық өнерін, сол ұлтының үні болған төл аспабын қадір тұтқан халық. Асыл бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған қасиетті домбыраға қазіргі кезде құрмет азайып бара жатқандай. Соны ойласақ көкірегіміз қарс айырыла жаздайды. Жүрегімізді қобыз сарыны тектес әлдебір мұң тілгілейді.
 
Өкінішке қарай, қазір радиодан, теледидардан, тіпті көптеген концерттік бағдарламадан домбыра үнін сирек еститін болдық. Есесіне ертеден кешке дейін сөзі мен сазы байланыспайтын есерсоқ, даурықпа әндерді тыңдауға мәжбүрміз. Ал той-томалақта шуылдақ музыкадан құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Қолына домбыра ұстайтындар некен-саяқ. О заман да бұ заман, жаңа түскен келіннің бетін музыкалық синтезатормен ашқан асабаларды да көз көріп жүр. Біз мұнымен қасиетті қара домбырамыз қолданыстан шығып қалды деуден аулақпыз, десек те, тұрмысымыздан дәстүрлі өнеріміз шеттеп бара жатқаны рас.
 
Тойдан ерте қайтуыма тура келді. Мұнда қазақтың қадірі жоқтай сезілді маған. Өкінішіме көмілдім де үн-түнсіз кете бардым. Есерсоқ эстрадалық шимай-шатпаққа еліккен жұртты көріп, көңілім қатты құлазыды. Жазушы Дулат Исабек мұндайда не деуші еді!? «Сөз бар, құлақ жоқ, құлақ болса құлық жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз». Жөн сөз.
 
Мұхтар КҮМІСБЕК