БЕЗБҮЙРЕК АНА

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 1773
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды емес пе? Тоғыз ай бойы жүрегіңнің астында жатқан, тар құрсағыңды жарып шыққан, түн ұйқыңды төрт бөліп саған аналық махаббатты сездірген, сені алғаш рет «ана» атандырған сәбиіңді қалайша қиып тастап кеттің? Ойланшы, әлі де кеш емес. Сен балапандарыңа керексің, сені сағынады, сені іздейді. Тасжүрек болмашы, аналық мейірімің қайда? Сені де ана өсірді емес пе? Кейін бәрі кеш болады, ол кезде уақытты кері қайтара алмайсың. Қателеспейтін адам жоқ. Олар сені кешіреді. Ошағыңа орал, құрбым. 

Жаманшылық атаулы жерде жатпайды, желдей есіп құлағыңа бірінші жетеді емес пе?  «Көршінің әйелі балаларын әкелеріне тастап кетіп қалыпты. Не өлі, не тірі екенін білмей ата-енесі уайымдап жүр» деген әңгімені құлағым шалып қалды. Естіген құлақта жазық бар ма? Ой, Алла-ай. О, несі? Шалыс естіп тұрған шығармын, мүмкін, күйеуіне ренжіп төркініне кетіп қалған болар, шеше деген баласын қалай тастап кетеді деймін. Баяғыда бір әйел самаурыннан су ағып кетті дегенді қағыс естіп, бүкіл ауылға Самарқанды су алып кетіпті деген өсек таратқан екен. Сол сияқты бір әйелдің қаңқу сөзі ғой деп мән бере қоймадым.

Арада біраз уақыт өткен. Күн жексенбі болатын, таңғы асқа көршім  келіпті. Екеуміз асықпай отырып шай ішіп, біраз сыр шертістік. Сөз арасында көршім: «Өсекті естіген шығарсың, расымен Самал кетіп қалыпты, ана кішкентай ұлы мамам қашан келеді деп жылап жүр екен, байғұс күйеуі күндіз-түні жұмыс жасайды, балаларына кім қарап отыр, не ішіп жатыр, обал болды-ау, соны уайымдап жүрмін», – деді.
– Қойыңызшы, тәте, оны сізге кім айтты? 
– Атам барып біліп келді. Ана қыздың (үлкендері аурушаң болатын) құжаттарын Астанаға апармақшы болып үйдегі бар ақшаны, онысымен қоймай ата-енесінен де ақша  алып кетіпті. Содан үшті-күйлі жоқ. Астанаға барғанын не бармағанын ешкім білмейді. Ұялы телефоны да сөндірулі. Сасқандарынан құмалақшыға барыпты, «уайымдамаңыздар, аман-есен, ешқайда кетпеген осында жүр» – депті.

Әңгімеміз  бітіп қалғандай екеуміз үнсіз отырдық та қалдық. Біршама уақыттың болғанын сезді ме, көршім орнынан ауыр көтеріліп «ал, жақсы» деген күйде  шығып кетті. Күні бойы жаңағы әңгіме ойымнан кетпей қойды. Бір ойым не үшін, кім үшін, кетсе балаларын неге алып кетпейді десе, екінші ойым ақымақ әйел күйеуін өзінше бір қорқытып алайын деген шығар дейді. Сонда да оны жамандыққа қимай, «қайда барады, ашуы басылған соң өзі-ақ келер» деп қойдым.

Жел соқпаса шөптің басы қимылдамасы анық, өткендегі алыпқашпа әңгімелер рас болып шықты. Қолдан келер шара бар ма, бас сұғып амандықтарын біліп қайтуға да бара алмадым. Онсыз да жер болған ер азаматтың еңсесінің түскенін көруге дәтім шыдамады. Тағдырына мойынсұнған әке қу тіршіліктің қамына кірісіп кеткендей. Аналарының жоқтығын сездірмеуге тырысады. Әйтеуір көштен қалмай, ошағының түтінін түтетуде.

Күнде аулада ойнап жүрген үшеуін көремін. Аналарының тастап кеткенін сезбейтін де болар. Қайтсін енді, арамдық дегенді білмейтін, жүректері махаббатқа толы бейкүнә періштелерім-ай! Үлкендердің қателігінен сендер азап шектіңдер-ау.

Бота НҰРАБАЕВА