ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТ ЖЕТІСПЕЙДІ?

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 2492
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жүрсін ЕРМАН,
ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:

– Қазақта ұлттық намыс жоқ. Ол әр адамның бойына керек қасиет. Біз Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Мынау жаһанданудың жұмырында жұтылып кетпеу үшін өзімізді алға сүйреу керекпіз. Ұлы мақсатқа лайық ұлы намыс қажет. Тілдің мәселесін көп айтамыз ғой. Ол да сол намыссыздықтан туған індет. Жеке дара тәуелсіз ел атанғанымызға жиырма жеті жыл болып қалыпты. Бір қарағанда, аз уақыт емес. Бірақ осыған қарамастан, ұлты қазақ бола тұра әлі де тәуелсіздіктің мән-мағынасын ұғынбайтындар, әлі де қазақ тіліне мұрын шүйіріп қарайтындар кездеседі. Солардың ішінде ел келешегі жастардың бар екенін сезгенде көңіл құлазиды. Тек көңілге үміт ұялататыны «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген Елбасының сөзі. Бірақ, осы сөздерді біздің қазақтар естімейтін секілді. 
Ана тіл мен ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу – ұлттық намыстың бастауы. Бауыржан Момышұлы кезінде: «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам. Өз елінің бағасын білген пенде ғана басқа елді қадірлей алады. Өйткені, халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз ұлтына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді. Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын» деген. Өкінішке қарай, қазір кейбір қазақ бауырларымыз өзінің ана тілі – қазақ тілін білмейтініне ешбір намыстанбайды. Керісінше, «Қазақша неге сөйлемейсіз?» деп сұрай қалсаңыз, «тілі бөлек» болғанымен түрі мен есімі қазақы, өзіңмен қандас адам бір түрлі намыстанып, дүрсе қоя береді. «Менде шаруаң болмасыннан» бастап» «арандатушы», «ұлтшыл» сияқты небір пәле-жалаға ұшыратып, басыңызды дауға қалдырады. Сонда мұны намыстың қандай түріне жатқызамыз? Менімен қатар біраз ақын-жазушылардың ішінде балалары бір ауыз қазақша білмейтіндері бар. Қазақ тілін қазақтың өзі керек қылмай жатса, басқалар қайтсін? Бүгінде «Мен де аямай барымды саған беремін» деген Қасым ұстанымы әрбір қазаққа ауадай қажет-ау.

Жігер АУЫПБАЕВ,
эстрада әншісі:

– Қазаққа мінез жетіспейді. Біз гастрольдік сапарлармен көп жүреміз. Жер-жерді аралаймыз. Сондайда көзге көп шалынатыны – кейбір азаматтарымызға осы бір қасиеттің жетіспейтіндігі.
Жалпы толеранттылық деген сөз бар. Оны көбіміз төзу, шыдау, көмпіс болу мағынасында түсінеміз. Былайша айтқанда жұмсақ, жалпақшешейлік мінез деп ұғамыз. Сол толеранттылығымыз болар, еліміздегі 140 ұлтқа аса сыйластықпен қарайтынымыз. Бұл дұрыс та. Дегенмен талай жыл өзгенің табанында тапталып, басылып-жаншылып келген қазаққа бір мезгіл қожалық етер асау мінез де ауадай қажет сияқты.
Жасыратыны жоқ, қазақтар өзінің елінде, өз жерінде жүрсе де төменшіктеп, басқалардың алдында жасқаншақтап тұрады. Оның үстіне «орыстар мықты, немістер керемет, кәрістер іскер, шешендер күшті» деген қызылауыз жарнамалар жақсы айтылады да, қазақтың кемшілігі теріліп, мазақ етіліп, «бейшара екені» құлаққа сіңіріліп жатады. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. «Сөздің жаны бар» дейді, қазақтың мінін Абайдан асырып айтқан адам жоқ шығар, бірақ жұрттың бәрі Абай емес. Сол үшін үнемі өзімізді жерлей бергенше жігерлендіретін, рухын көтеретін, ел мен жердің иесі өзі екенін есіне салып отыратын сындарлы сөз көп айтылуы тиіс.
Тек сөз ғана емес, бізде өз жеріміздің қожасы екенімізді білдіретін тебінді әрекет те болуы қажет. «Албасты қабаққа қарай басады» деген. Керек кезінде ұлтты қорлап, қазақты мазақ еткендерді, шаңыраққа қарамай шікірейіп, аяғының астын көре алмай алшаңдайтындарды қабақпен ықтырып, сеспен жынын қағатын айбар мен қаһарға ие болуымыз керек. Себебі, құрметтегенді емес, қорыққанды сыйлайтындар көп. Сондықтан біздің буынға кешегі баһадүр бабаларымыздың мінезі керек сияқты.

Сажида ЗИЯТАЙ,
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің магистранты:

– Біздің қоғамға мейірімділік жетіспейтіндей. Қазір адамдар қатыгез болып бара жатқандай көрінеді маған. Абай хакім: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен» дейді.  Құс екеш құстың өзі бір-біріне мейірім таныта алады. Сондықтан біз де бойдағы асыл қасиеттерді жоғалтпай, кешіріммен, бірлікпен, мейіріммен бір-бірімізді түзете алсақ, бір-бірімізге жақсылық тілесек, біріміздің бойымыздағы асыл қасиетті көре білсек, «жоғымызды жасырып, барымызды асыра» алсақ, бар қиындықты жеңгеніміз.
«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген де сөз бар. Кейде жастар тәрбиесінде ағаттық кетіп жатса, жүректерінде ізгі қасиеттер жоғалып жатса, ол да мейірімнің жоқтығынан пайда болғандай әсер қалдырады. Мейірімділік дегеніміз не? Ол – басқалардың игілігі үшін қамқорлық таныту. Мейірімділік адамдармен арақатынаста ғана байқалмайды. Мейірімділік жануарлармен де, табиғатпен де тікелей байланысты. Күнде таңертеңгілік сүйген жарыңызға жылы сөз арнай алсаңыз, ол да мейірімнің бір бөлшегі. Балаңыздың қуанышына бірге қуанып, басынан сипай алсаңыз, бұл да мейірім. Кешкісін жұмыстан шаршап-шалдығып жығылған күйеуіңіздің көңілін жылы сөзіңізбен, жақсы көңіліңiзбен аулай алсаңыз да отбасының бірлігін сақтай аласыз. Отбасы құндылықтары деген осы. Құндылықтар сақталған кезде ғана күйзелістен, дерттен арыла аламыз.
 Мейірімді болсаңыз өзгені де мейірімге бөлейсіз. Кез келген жаратылысқа мейірімділік танытып, меселін қайтармасаңыз, жаныңызда ерекше рахат сезімі ұялары анық.