​БІР ОТБАСЫН ӨРТТЕН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 1659
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бауырым Марат Райысбекұлы 2011 жылдың 12 қарашасында аяқ астынан жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Артында төрт баласы мен жолдасы Гүлзат және бауырлары жылап-еңіреп қалғанбыз. Арада 3 жыл уақыт өткеннен кейін келінім Гүлзат Бірлік ауылына көшіп кетті. Аталмыш ауылға қоныс аударғаннан кейін біреудің үйін несиеге алып, тұрып жатты. Кенет...

Ел-жұрт шырт ұйқыда. Далаға шыққан көршісі Кәкен Досымбек Гүлзаттың үйінің өртеніп жатқанын көреді. Кәкен түн ішінде бар дауысымен айғайлап, көршілерді ұйқыдан оятады. Барлық көршілері ұйқыдан ояна салып, Гүлзатқа көмекке ұмтылады. Бірақ үйді өрттен аман алып қала алмағандықтан, түгі қалмай жанып кетеді. Өртеніп жатқан үй ішіндегі төрт бала мен анасын Кәкен далаға аман-есен алып шығады. Кәкен өзінің өмірін қатерге тігіп, бір отбасын өлімнен аман алып қалды. Осы орайда Кәкеннің жасаған ерлігі мен батырлығын айтпай кету мүмкін емес. Қолымнан келсе, осындай ерен ерлігі мен қайсарлығы, батылдығы үшін оның кеудесіне төсбелгі тағар едім. Себебі, мұндай ерлік көптің қолынан келе бермейтіні де рас.

Барша Бірлік ауылының тұрғындары, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, сондай-ақ, ауыл жастары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары бірігіп, осындай қиын жағдайға тап болған Гүлзаттың өртенген үйінің орнына жаңа үй салып берді деп естіп, қуанып жатырмыз. Аталған ауыл тұрғындары ақшалай, малдай да көмектерін аямаған. Үйі өртеніп, баспанасыз қалған келінім Гүлзат көп ұзамай жаңа баспанаға ие болды.

Осы орайда Бірлік ауылының тұрғындарына айтар алғысымыз шексіз. Қайырымдылық пен адами қасиеттен аттамаған осындай халықтың ауызбірлігі көбейе берсін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы қуанышты жағдайдың орын алуына өз ықпалын тигізіп, ауыл тұрғындарының басын қосып, баспанасыз қалған келінім Гүлзаттан бар көмегін аямаған ауданның және облыстың Құрметті азаматы, «Бірлік» агрофирмасының директоры Әбдіжаппар Қыстаубаев еңбегінің ерекше екенін де айта кеткен жөн. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген мақалды ұстанған осындай арда азаматқа мың алғыс. Әбеннің осындай адамгершілігі мен қайырымды істері жайлы жиі естіп отырамын. Бір күннің ішінде далада қалған бір отбасы осындай азаматтың арқасында 90 күннің ішінде жаңа баспанаға ие болды. Келінім Гүлзат пен балапандарының қуанышында шек жоқ. Осы орайда Әбдіжаппар Қыстаубаевқа қайырымдылығыңыз бен жақсылықтарыңыз көбейе берсін дегім келеді. Сізден ауыл азаматтары үлгі алса екен. Жастарға жол бастап берді деп ойлаймын. Кәсібінен нәсібін теріп, өзінен бұрын ауыл жағдайын жоғары қоятын сіз сияқты жанашыр азаматтарымыз көп болғай. Кәсібіңіздің тасы өрге домалап, еңбегіңіз жана берсін. Қашанда аудан халқының шексіз алғысы мен зор құрметіне бөлене беріңіз. Сіздің отбасыңызға амандық, береке-бірлік, ең бастысы, зор денсаулық тілеймін. Отбасыңыз бен замандастарыңыздың алдында беделіңіз арта берсін!

Көмегін өзгеден аямайтын, қайырымдылығы мен адамгершілігі мол арда азамат «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына бірден-бір лайықты жандардың бірі дегім келеді.

                                                      Сәрсенбике ТЕРЛІКБАЙ

                                                       Балқаш ауданы