СУЫРЫЛҒАН СЕМСЕР СЕКІЛДІ

Уақыты: 29.12.2018
Оқылды: 1765
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ
Жастық шақ адамның дүниетануға, әлемді білуге деген құмарлығын арттырып, жалындаған күш-қуатын жарқырататын шақ. Бұла күші бойына сыймаған өскін басын бәйгеге тігіп, маңдайын тасқа соғуы бек мүмкін. Өйткені, дұрыс тәрбие, түзу бағыт алмаған жанның адасуы оңай, бағытынан жаңылуы жылдам. Оның ақыры тентіреткен жеңіл жүріске соқтырады. Осындайда: “Баланы – жастан”,  деген бірауыз сөздің ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы екенін аңғарамыз. Жастайынан даналықтың мәйегінен қанып ішкен бала есейе келе жеті жұрттың жоғын жоқтап, жазықсыз жапа шеккен мен қиянат көрген жанның мұңын мұңдаған. Қазекең ондайға: «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу!»  деп  талпынғанға қолдау көрсету керектігін ескертеді. Сол арқылы өмір жолына қадам басқан жастың жанына жалау, көңіліне демеу қажеттігін ұғындырады.
Бүгін сондай алғыр да қайратты, көреген де білгір жастар бар ма? Болса қалай тәрбиелеп жатырмыз? Әлде білімін шет мемлекетте жетілдірген жеткіншектеріміз ақшаның құлына айналып, мансаптың буына семіріп жүрген жоқ па? Сұрақ көп, жауабы да сан түрлі.
«Қалай болғанда  өз ұлың өзектен тепсең де кетпейді. Ділі, тілі қазақ қой», – деген ойға алданып отыра беруге болмас. Сол себепті де  ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп атауға ұсыныс тастады. Көпшіліктің көкейін тербеген бастаманың берері мол, тағылымы зор. Өйткені, ағаштың түзу өсуі шыбық кезінде көрген қамқорлыққа тікелей байланысты. Дәл сондай болашаққа деген мақсаты айқын, көздегені анық қыз-жігіттерді отаншылдық рухта тәрбиелеуіміз керек-ақ. Әйтпесе, өзгенің қаңсығын таңсық көретін, өркениетті елдер әлдеқашан жерінген жаман әдеттерге үйірсек ұл мен қызды орынсыз әлпештеп, көзге түрпідей тиетін жамандығын жасыра беруден опық жейтініміз анық.
Адам өмірінің әр кезеңіне баға беру, нақты мінез-құлқын сипаттау халқымыздың айтулы билері мен шешендері қалдырған мұра іспетті. Атақты Жиренше шешен: «Он бес жас – құйын қуған желмен тең, жиырма жас – дауыл ұрған көлмен тең, отыз бес – ағып жатқан селмен тең, қырық бес – аю аспас белмен тең, жетпіс бесте – өр көңілің жермен тең. Сексенде – селкілдеген шал боларсың, тоқсанда – сексенге де зар боларсың, жүзге келсең – дүние қызығынан күдеріңді үз: өлмей тірі жүргенге мәз боларсың», – десе Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау:
Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз,
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғылы–мұңлы күн екен,
Сексен деген жасыңыз,
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасында,
Ажалдан басқа жоқ екен
, – деп түйіндейді. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылуы тиіс қос ақсақал да жастық шақтың шуақты сәттері мен жұлдызды шақтары мол болатынын ескертеді. Бұл орта ғасыр – жоңғар шапқыншылығын көріп, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға куә болған даналардың айтқаны. Одан кейінгі кезеңге көз салсақ, Ұлы Даланың ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Жастықта бір күлгенің, мың қаралық», – деп жас кездегі қуаныштың құны жоғары екендігін ұғындырса, ғұмырын қазақ ақын-жазушыларының кітаптарының жарық көруіне арнап, Қазан баспасында еңбек еткен Бернияз Күлеев: «Суырған семсер секілді, жастықта жатпа, жайраңда!» – деп өскелең ұрпақты белсенділікке, еңбекқорлыққа шақырады. Одан кейінгі кеңестік идеологияның қазанында қайнап, Екінші дүниежүзілік соғыста қолбасшылығымен танылған әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы: «Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әзір болу керек», – деп түйсе, қазақ әдебиетінде өлмес мұра қалдырған қаламгер Ғабиден Мұстафин: «Жасында байқары жоқтың, өскенде айтары да жоқ», – деп өмір көрудің, тағдырдың басқа салғанынан ой түюдің тиімділігін меңзейді. Көзінің тірісінде «классик жазушы» атанған Ғабит Мүсірепов: «Жастықтың бойынан парықсыз паңдық емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы», – деп жастарға артылар сенімнің жауапкершілігін ұғындырады.
Қазақ поэзиясына алтын ұстын секілді асыл жыр қалдырған аяулы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі кейінгіге арналғаны анық. Оқыған сайын өзімізді сол сенім үдесінен көрінуі тиіс ұрпақтың қатарынан табамыз. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастардың барша қиындықты еңсеріп, ұлтының үлгілі ұланына айналарын сезген ақынның көрегендігін, болжампаздығын қалай айтпасқа?! Ендеше, шайырдың өлеңін тұрақты айдарға айналдырып, ел мен жердің өркендеуі жолында еңбектенген жас мамандарды түгендеуді, онда да қабілет-қарымымен ерекшеленген, тынымсыз еңбегімен көзге түскен жандар жайлы жазуды мақсат тұтпақпыз.
 
 
Мәди АЛЖАНБАЙ