ЕҢБЕК БАҚЫТЫ

Уақыты: 06.10.2016
Оқылды: 3616
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бастауыш сыныпта ана тілі пәнінен «Екі соқа» деген мысалды мұғалімге мазмұндап айтып беруден жарысатынбыз. Қазір қарасам, егістік алқабында жер жыртатын және күннің көзінде қаңтарылып тұратын екі соқаның сол кездегі диалогы оқушыларға ғана емес, үлкендерге де терең ой салады екен. Таңнан кешке дейін жер жыртып, жұмыс істеуден танбайтын соқаның жалтырап, түрленіп кеткен бейнесін елестетіп, еңбек етудің адам өмірінде де маңыздылығын білдік. Алайда төгілген ащы тер мен адал еңбектің үлкен абыройға бөлейтінін бізге соқаның мысалынсыз-ақ көзі тірісінде көрсетіп кеткен Зылиха ТАМШЫБАЕВА еді. Ешбір ерге бергісіз қазақтың қайсар қызы балдәурен шағында тағдыр салған қиындыққа қарамастан бой жете еңбекті ту еткен жарқын өмірге бел шеше араласты. Әдетте қалаға түрлі кәсіби мамандықты меңгеруге алып-ұшатын жастар жоғары оқу орнына түспей қалса жасып, тауы шағылып жатады емес пе?! Ал бүгін есімін әйгілеп, рухына тағзым жасап, жастарға халық алдындағы адалдығы мен жауапкершілігін және бір паш етіп отырған ел анасында ондай кертартпалық жоқ еді. Керісінше, әкесінен дарыған әдептіліктің, анасынан қонған тектіліктің нәтижесінде еңбекке ерекше құлшынысы артып, өмірінің соңына дейін ел ішіндегі ынтымақ пен ұрпақтар сабақтастығын сақтау, бабалар қалдырған дәстүрді дәріптеу, жастарды еңбекке баулу жолында тер төкті.

Ұлы тұлғалар туралы тебіреніс әдетте жүріп өткен өмірбаянын өзінше өрнектеп, қал-қадірінше баяндап шығумен шектеліп жатады. Бірақ дәл осы қағида қазақтың даңқты қызы, нәзік те болса еңбектің ерен үлгісін паш еткен Зылиха Тамшыбаеваға келмейді. Соңғы демі қалғанша саналы ғұмырын  туған еліне арнаған ұлттың анасына биыл 80 жыл толып отыр. Егер ортамызда болса, әлі де талай асуды бағындырып, ауыл төрінде алтындай жарқырап жүрер еді. Оның жарқын жолын шағын жазбаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Десек те, кезінде Көксу ауданын жасыл желекке көмкерген, шалғайдағы ауыл-ауылдарда ғылым мен білімнің шамын жағып, мәдениеттің мектебін қалыптастыр­ған, жер-жерде жастардың өнерін дамытып, тұтас ауданды ғана емес, еңселі облысты өркениетке бастаған, ұрпақ тәрбиелеп, елді адал еңбек етуге баулыған батыр қызды Тәуелсіз Қазақстанның болашағына үлгі етпесек – бізге үлкен сын.
Даланы дүбірге толтырған Зылиха Тамшыбаеваның есімін ел жатқа біледі. Есімімен-ақ тұтас бір ұлттың қадір-қасиетін, өшпейтін өнегесін, мәңгілік дәстүрі мен салтын түсіндіріп тұратын тұлғалар сирек. Сол санаулы асылдардың қатарында жерлесіміз, өзендер өрнектеген Жетісудың мақтанышы, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Тәуелсіз Қазақстанның «Парасат», «Құрмет» ордендерін алған Зылиха Жанболатқызы бар. Кеңестік кезеңнің өзінде екі рет Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері атанып үлгерді. Сонымен бірге, еңбектен бақытын тапқан жерлесіміз Көксу және Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы атағын алып, ел абыройына бөленді. Оның елдің ертеңі үшін төккен терін есіме алсам, ол қалдырған еңбектің жарқын үлгісіне көз салсам, мұқалмас жігерді, таусылмас күш-қуат тасқынын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын алапат ынтаны байқаймын. Көзі тірісінде ел анасы атанған нәзік жан құт қонған киелі Көксу үшін даналықтың, даралықтың, адалдық пен тектіліктің мектебі тәріздес.
Зылиха Тамшыбаева өмір есігін ашқан сәтінен адал еңбек деп іңгәләп жатқан тәрізді. Өмірдегі қайсы қадамына көз жүгіртсек те, қиын да сынағы көп белес­терді бағындырғанын, сындарлы уақытта жол таба білгенін, туған елінің амандығы жолында жан аямағанын, ұрпаққа ұлағатты жол көрсетуде алдына жан салмағанын көреміз. Тарихы терең, өзегі өлең Көксу өлкесі үшін ақиқаттан айнымай ғұмыр кешкен ұлт анасы Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығы ел есінде мәңгі жаңғыратын ұлы мереке. Бүгінде дала төсіндегі дүбірге дүбір қосып, алқапты қызу еңбекпен көріктендіріп жүрген жетісулықтар отызға жетпей халық қалаулысы атанған аруды өнеге тұтады. Ортамызда болмаса да, жарқын бейнесі әрбір жетісулықтың жүрегінде жаңғырып тұр. Кезінде Зылиха Жанболатқызының қанатын қатайтып, еңбекке баулыған киелі мекен бүгін де жұмыс көрігін қыздырып келеді.
«Көктем гүлдің бағын ашады, басшы елдің бағын ашады», – дейді халық даналығы. Зылиха Тамшыбаева басшылық қызметте жүріп қарапайым мінезімен көпшілікке өнеге көрсетті. Тірісінде жастарды жігерлі болуға тәрбиелеп, адалдық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін айтып беретін. Оның анасынан ерте айырылған тағдырлы ғұмыры, асқар таудай әкесі екеуінің басынан өткерген қилы ауыртпалықтары бәрі-бәрі бізді бейжай қалдырмайды. Атақты еңбек ерінің әрбір соқпағы әсерлі, әрбір адымы бір-бір тарих, бір-бір кітап. Кітап демекші, қолымызға Зылиха Тамшыбаеваның «Жер туралы жыр» атты деректі хикаяты тигенде тебіреніп оқығанымыз жадымызда. Сонда автор ең алдымен туған жеріне тағзым жасап, туған елі туралы ой қозғайды. Балалығын еске алады. Әр сөйлемінде терең философиялық ой, тәлім-тәрбие, өнеге жатады. Өзінің қазақтың аққан жұлдызы, көрнекті тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов мәңгілік тыныс тапқан жері Алтынемел қойнауында дүниеге келгенін мақтанышпен жеткізеді. Кітапты оқыған кезде автормен бірге қуанасың, автормен бірге мұңаясың. Әсіресе, анасының ақтық сапарға аттанар шақтағы есінде қалған естеліктері жүректі тебірентеді. Көңіл тиектерін ағытады еріксіз.
«Анам менімен баласындай емес, құрбысындай сырласушы еді. Адамға тән үш сауап бар. Бірі – шөлден құдық қазу, екіншісі – жолға ағаш отырғызу, үшіншісі – өзенге көпір салу. Мен осыны анамнан алғаш естідім. Осы қағиданы өмірбақи жадымда сақтап қалдым», – дейді Зылиха Тамшыбаева өзінің естелік кітабында. Бүгінде қарап отырсақ, ұлтты ұлылыққа тәрбиелеген абзал ана осы үш игі істі орындап кетіпті. Ағаш та екті. Қаңырап қалған елді мекендерді гүлдендіріп, дала төсін дүбірге толтырды. Тақтайдай тегіс жолдар жасатты. Сөйтсек, еңбекті сүйген әйел өзінің анасы айтқан өсиеттен бір сәтке де қиыс басып, жаңылып көрмепті-ау.
Зылиха Тамшыбаева туралы сөз қозғасам, Елбасы ұсынған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын айтпау мүмкін емес. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның межесі. Келешекті кемел ету үшін қалыптасқан жарқын идеяның бірі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Сол жерде, дәлірек айтсақ, 88-қадамда Елбасы: «Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім, басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың – біздің заманымыздың батырларының дербес тарихын ескере отырып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын ілгерілетуге, индустрияландырудың және «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруға жауап бере алатын кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдығын насихаттауға бағытталады», – дейді.
Көрдіңіз бе, Мемлекет басшысы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру жолында еңбекте озат көрінген тұлғаларды насихаттаудың маңыздылығын меңзеп отыр. Осы тұрғыдан келгенде, жерлесіміз Зылиха Тамшыбаеваның жарқын бейнесі мәңгілік насихат, мәңгілік үлгі секілді. Жас буынға адал еңбекпен жеткен бақыт кілтінің қаншалықты қымбат екенін түсіндіруде Зылиха анамыздың қызметтік жолы расында да биік меже. Ең қызығы, жоғарыда жазып кеткенімдей, Зылиха Тамшыбаева өнер десе ішкен асын жерге қоятын еді.
Ұлт тұлғалары Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейі­товтың «Беу, қыздар-ай!» атты қойылымын естіген шығарсыз. Бәлкім, өнер ордаларының бірінен тамашалап қалуыңыз да кәдік. Сондағы Айсұлу есімді қыз тап осы Зылиха Тамшыбаеваның прототипі екенін біреу білсе, біреу білмес. Қанабек бастаған өнер тарландары Зылиханың ауылына талай қонақ болып, концерттік бағдарлама тарту етіп, аунап-қунап қайтатын. Сонда халық еңбеккер ананың тек бақытты жүзін көретін. Ол төрт перзентінің ғана емес, тұтас елдің анасы болып жүрді. Естелік кітабында балаларының жоғары оқу орнында жүргенде жазған сағыныш хаттарын қайта-қайта оқып отыратыны, жиі-жиі көзіне жас алатыны айтылады. Біз бұдан Зылиха Тамшыбаеваның жай ғана еңбек адамы, озат жұмыскер екенін біліп қоймай, кең жүректі, мейірбан ана болғанын тани түсеміз.
– Әркімнің туған жері – Мысыр шаһар. Менің Мысыр шаһарым – Жетісу. Ол – менің Отаным. Ол менің іңгәләп дүние есігін ашқан жерім, – дейді Зылиха Жанболатқызы кітабында. Қандай жүрек тебірентерлік сөз десеңізші?! Осы бірауыз жазбасынан туған жерге деген шексіз махаббаты аңғарылып тұрған жоқ па?! Зылиха жер жаннаты атанған Жетісудың тұрғындарын да сүйді. Қай-қайсысы болмасын көмекке зәру адамға аянып қалмайтын. Қол ұшын созғанды, жақсылық жасағанды құп көретін және сол сауапты ісінен жүрегі жай табатын. Ол басқарған Еңбекші ұжымын бүкіл Қазақстан таныды. Ұлттың анасын дүйім Алаш жұрты ардақтайтын. Ол барда Көксу ауданында жастар арасында кейде кездесіп қалатын тентектік, ауыл арасындағы ірілі-ұсақты қылмыс­тар сап тыйылып, ел бейбіт еңбек етуге көшті. Әсіресе, қоғамның жегіқұртына айналған, ел болып күресіп келе жатқан жемқорлық, жең ұшынан жалғасқан бармақ басты, көз қысты әрекеттер Зылиха басшылықта жүргенде түбегейлі тоқтады. Ұрлық-қарлық атымен азай­ды. Апайдың осындай ел байлығын еселеу мақсатындағы ұлағатты істері мені қайран қалдырады және алдағы уақыттағы қызмет бабындағы жұмыс­тарыма серпін береді. 
Зылиха басқарған ауыл қазіргі таңда да еңбегімен елеулі. Жетісудың төл дақылы қант қызылшасын өсіруде де алдыңғы қатардан көрінді. Соңғы екі жылда қызылша алқабының бағы қайта жанып, Елбасының тапсырмасына сәйкес, егістік көлемі артты. Облыс әкімі Амандық Баталов бұл істі өркендетіп, болашақта қант қызылшасын өсіруден, мол өнім алудан, отандық өндірісті дамытудан алдыңғы қатарға шығатынын тілге тиек етті. Зылиха Жанболатқызының басты ерекшелігі – еңбек адамдарын құрметтей білуде. Жергілікті кадрлардың еңбек ету мүмкіндігін арттырып, әрбір қызметкердің жұлдызын жаға білді. Қай кезде де ауыл ақсақалдарымен санасып, солардың алғысын арқалап жүрген анамыз 74 жасқа қараған шағында өмірден озды. Біз үшін онымен бірге бүкіл еңбектің туы құлағандай әсер еткені жалған емес.
Рас, өмір өлшеулі. Бірақ кім қалай өмір сүретіні ерекше маңызға ие. Саналы ғұмырын адал еңбекке сарп етіп, бейнетінің зейнетін көрген анамыз шын мәнінде бақытты жан еді. Өзін қартайдым деп тастап жіберген жоқ. Жаспын деп өрендердің алдын кескенін тіпті көрмедік. Зылиха анамызбен бірге үзеңгілес Зәкария Сейітованың, Битай Тәтенованың есімдері де қатар аталады. Көне замандардан бері тартсақ, Ескелді мен Балпықтай билеріміз шыққан киелі өлкенің кейінгі перзенттері де тарих алдында төмен қарай алмайды. Зылиха Тамшыбаева­дай ерен еңбектің үлгісін қалыптастырып, тәрбиенің мектебін салып кеткен аруларымызбен мақтанады бұл жер. Ел үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен халқының аяулы қызы ешқашан ұмытылмайды.
Көксу – жұпар ауалы Жетісуда аққан жеті өзеннің бірі. Күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын нұрлы Көксудың жағалауын мекендеген ел үшін Зылиха Тамшыбаеваның орны ерек қашанда. Ұлтының мақтанышы бола білген тұлға туралы алдағы уақытта талай естеліктер жазылар. Еске алу кештері де толастамас. Бір нәрсе анық: қазіргі де, кейінгі де ұрпақ ұлт анасының жарқын жолын жалғастырып әкететін жастардың екпініне еріксіз сүйсінеміз. Жастар аман болса, солар еңбекке араласса, алдыңғы буыннан өнеге ала білсе, әлі талай Зылихалар тарихта ойып тұрып орын алары сөзсіз.
Ұлт анасының 80 жылдық тойы тек аста-төк ысыраптың дастарқаны, думандатқан жиын емес, керісінше, бүгінгідей еңбектің көрігі қызып тұрған шақта өнегелі, мерейлі басқосу. Біз осы бір ғана тоймен, бір ғана еске алумен қаншама жастың жүрегіне сәуле құямыз десеңізші. Сырт көзге байқалмағанымен, уақыт осы мерейлі жиынның нәтижесін кейінгі жастардың өмірінен жарқ еткізіп шығаратынына сенімдімін. Осы думанға қатысқан әрбір жетісулықтың санасында адал еңбектің қаншалықты мәртебелі екенін, жауапкершіліктің қандай биікке жетелейтінін пайымдайтын түсінік қалыптасады. Біз Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығы арқылы ұлтымыздың мақтаныштарын көрсетеміз. Тәуелсіздігіміздің іргетасы осындай еңбек адамдарымен, экономикамыз осындай асыл жандармен нығая түсетінін паш етеміз.
Қазақстан, оның ішінде Талдықорған өңірі қызылша өсіріп, қант өндіруден Азия­дағы ең мықты әлеуетке ие. Бір кездері алыс-жақын шетелге атағы жайылған Жетісу өлкесі туралы әңгіме шертіле, барлығы қант қызылшасының жай-күйін сұрайтын. Демек, сонау кеңестік жылдардың өзінде Талдықорған аймағындағы басты бренд қант қызылшасы болды. Егемендіктің алғашқы жылдары экономикалық уақытша қиындықтарды еңсеріп, бұрынғы көрсеткіштерден көз жазып қалғанымыз жасырын емес. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Жетісуға жасаған сапарында аталған кемшілікті дер кезінде байқап, қазіргі Ақсу, Сарқан және Көксу, Ескелді аудандарында қант қызылшасын қайта жайқалтуды тапсырды. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы, міне, аз жылдың ішінде жемісті нәтижесін көрсетті. Жуырда ғана Мемлекет басшысы біздің өңірге келіп, қант қызылшасын өңдеу, өндіру жұмыс­тарымен танысты. Жоғары бағасын берді. Байқасаңыз, Зылиха анамыздың заманында жаңғырған еңбекті Елбасымыз қайта қалыпқа келтірді. Қызылша өсіру қайта қолға алынды. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Жылдан-жылға тәтті түбірдің көлемі артып келеді. Меніңше, осыншама игі бастаманың, осыншама қыруар жұмыстың түп қазығында, әуелгі бастауында Зылиха Тамшыбаева тұр.
«Қазіргі заманның жорығы – еңбек. Адамды ер атандыратын – еңбек. Еңбексіз өмір – сөнген көмір. Мен өмірді осылай түсіндім де, балғын, албырт шағымнан еңбекке араласып кеттім. Осы бір ұлы жорықта адам болып қалыптасуға талпындым. Жорық үстінде мен талай дауылды түндерді, бұлтты күндерді бастан кешіппін. Менің бар өмірім Жетісу өңірінде өтті. Оның табысына да, қалысына да, қуанышына да, қайғысына да мен ортақпын. Еңбек қуған қазынаға жолығады. Мен қазынаға Жетісу жерінде жолықтым. Сондықтан, Жетісу – менің өмірім, жырым, таусылмайтын әнім!» – дейтін еді еңбек ері өзінің өмір жолы туралы толғанғанда. Туған жеріне деген шексіз махаббаты менмұндалап жатыр ғой. Мұны оқығанда қалайша тебіренбессің, қалайша жарқын жүзді анамыздың мейірімін сағынбассың?! Өзі айтқан еңбек жолындағы дауыл жауқазынның сабағын сілкілегенімен, өзегін қозғай алған жоқ. Тамырын теңселт­кен емес. Қайта өмірдің өкпек желі бұрқасындатқан сайын нәзік тамыр тереңдеп, діңгегі беки түсті.
Өкініштісі, біздің қоғамда еңбек адамы десе еленбей жүрген қара күш иесі, мардымсыз жұмыспен жан баққан әлдекім елес­теп жатады. Расында бұл – қасірет. Қазақ халқында: «Еңбек етсең емерсің», – деген мәтел бар ғой. Одан қалса хакім Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген әлемге әйгілі даналық сөзінің өзі неге тұрады?! Осындай нақылдар санамызда сайрап жатса, қара жұмысты намыс көретін, адал еңбек етуден гөрі алдап соғуға, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейім келетін қоғамдағы кейбір жағымсыз көріністерді байқағанда еріксіз қынжылады екенсің. Сонда біз ұлыларымыздың ұлағатынан, бабалар аманаттаған рухани мұрадан алыстай бастадық па деп те қауіптенесің. Мұндайда Зылиха анамыз болса, ауыл-ауылдағы жастардың басын қосып, жалған намыстан алшақ жүруді, адалдық әрқашан алға оздыратынын насихаттар еді. Жаппай қалаға кетіп жатқан жастарға жаңа жол сілтеп, берекелі еңбектің қадірін білуге, барға қанағат етуге, жоққа сабырлы болуға шақыратын көркем әңгімелердің тиегін ағытатын-ды. Алдына келгеннің өтінішін жерге қалдырмай, бір оңтайлы шешімін таппайынша байыз таппайтын ел анасының ақиқатында жауапкершілігі мол жан екенін қазіргі күнде екінінің бірінен естиміз. Атадан ақыл, анадан терең тәрбие алып өскен қыздың көпке өнегелі ісі осы емес пе?! Бүгінгі буын кешегі еңбектің шамын жаққан аналардан, ақсақалдардан тереңірек тағылым алса екен деймін.
Еңбекте даңқы шыққан адамның абыройы тек егістікте тер төгумен таразыланбайды. Немесе жыл сайын межені асырып орындап, жоспарды артығымен өткізу ерлігімен өлшенбейді. Әл-Фараби бабамыздың тәрбиесіз берілген білімнің өте қауіпті екенін ескерткені сияқты еңбек етуде де көркем мінез, өнегелі ой, тектілік, парасат, терең ақыл-ой ерекше маңызға ие. Бұл байламды Зылиха Тамшыбаеваның қасында жүрген, жан-жақты таныған замандастары, етене араласқан үзеңгілестері де құптайды. Өйткені, біз әңгіме етіп отырған еңбек ерінің өмірі ең алдымен бабалар өсиетіне бейжай қарай алмаған тектілігінен басталады. Ұят пен арды жоғары қойған тәрбиесінен, ақсақалдардан ақыл алып, жауапкершілікті үйренген парасаттылығынан өрбиді.
Әке мен ана өсиетін құлағына құйып өскен қаршадай қыздың тектілігі ауылдағы оқу үйіне жетекшіліқ қызметке тағайындалғанда-ақ байқалады. Соғыстан кейінгі сұрқай кезде оқу үйі тұрмақ жай баспаналардың өзі жермен-жексен болып жататын. Оқу үйі орналасқан әлгі жұпыны ғимаратты қалпына келтіріп, аз күнде Зылиха анамыз ауыл мәдениетін қалпына келтіреді. «Бір ғажабы сол, ол кезде қазіргідей арақ ішілмейтін. Той-томалаққа бара жүре сылқия арақ ішкендерді сирек көретінбіз. Ілуде біреулер ішкілікке салына қалса, бүкіл ауыл болып бей-берекетін кетіретін едік. Мұндай талқыдан соң ондай адамдар арақ көрсе, алды-артына қарамай безіп кететін», – деп еске алады анамыз көзі тірісінде алғашқы еңбек жолын. Оқу үйінде жап-жас Зылиха ауылдағы өнерпаздардың басын қосып, қыстың көзі қырауда тезек жағып, майшаммен спектакль дайындайды. Сөйтіп, елді еңбекке жұмылдырып, рухани серпіліс сыйлап жүреді. Бойжеткеннің бұл бастамасын, еске алған әңгімесін тектілікке теңемей не дейміз?!
Еңбекпен даңқы шыққан Зылиха Тамшыбаева өнер адамдарының бел ортасында жүретін. Даланың қарбалас жұмыстары қаншалықты көп болса, ол өнер әлеміне де соншалықты жақын еді. Ел аралаған театр майталмандарын күтіп алып, шығарып салу, көрермендердің талғамын арттыру, қойылымнан тағылым алу секілді жұмыстардың бәрін жерлесіміз бір өзі атқарып тастайтын. «Өнерпаз адам ортаңа келсе, қуанышың тасып, қайғың жасып қалғандай болады. Қалың елдің алдымен іздейтіні – нан, сонан кейінгісі – ән», – деп ақтарылады еңбектің анасы. Зылиха өмір жайлы көп толғанған адам. Оның мәнін түсінуге, бақыттың кілтін табуға ұмтылған жан. Бұл ұлы мақсат орындалды да. Үнемі өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз іске асырып, адамдық атына дақ түсірмеуді мақсат етіп келді. Әсіресе, әкесінің оңашада айтқан ақылы өмір бойы жадында сақталып қалды. «Бақытты алып жүре алмаған адам адам ба? Баққұмар болып, кім көрінгенмен бақталасып жату – оспадардың ісі. Нағыз бақыт еңбекте ғой. Неге жеткізсе де сол жеткізеді», – депті әкесі. Хал үстінде жатқанда асқар тауы: «Адам кейде тегіс жерде келе жатып та сүрінеді. Кейде көлден жүзіп өтіп, тайызда суға кетеді. Өзгеге қуаныш сыйласаң, олардан қайтарымына бақыт аласың. Өзгеге өшікпе. Кешірімді бол», – деп өсиет айтып кетіпті.
Зылиха анамыздың өміріне көз жүгіртсек, әкесі айтқан өсиетке кір жұқпағанын білеміз. Сол заманның өкілдері, сол дәуірдің жас буындары асқақ жігермен, қайсарлықпен, адал еңбек етумен есейді. Бәлкім, оған замананың соққан дауылы, саяси қыспақ әсер еткен шығар. Соғыстан қалған сыз ешкімнің санасынан өшпеген. Титықтаған ел тек еңбекпен ғана тұрмысын түзейтінін түсінді. Содан да болар, миллиондаған отбасы балаларын жалқаулықтан арылтып, ерте есеюге, тезірек үйдің қолқанаты болуға тәрбиеледі. Зылиха дәл сондай тәрбие алған бір отбасының жалғыз қарлығашы еді. Нәзік жанына тым ерте қаяу түсіп, тағдырдың тезіне көндікті. Небәрі тоғыз жасында көз алдында анасы, кейіннен есейген жылдары әкесі жас жауқазынды ағы мен қарасы арпалысқан өмір теңізіне тастап кете барды.
Ел ішінде ақылман ана атанған абзал адам Жетісудағы қызылша өсіруді жаппай дамыту үшін де ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Қызылшаның тарихын терең білетіндігі оның әр жылдарда мерзімді басылымдарда берген сұхбатынан, шыққан кітабынан анық аңғарылады. Тәтті түбірді өсіруге деген махаббаты да, жерге, елге деген махаббатынан кем түспейтіні әр сөзінен, әр ісінен байқалады. Қазақтың арғы қағаны Шыңғысханның өзі дәл осы тәтті түбірді емдік мақсатта қолданғаны туралы алғаш ой айтқан да осы Зылиха Тамшыбаева екен. Қызылшаның қанттылығын арттыру мақсатында айтқан ойлары да көңілге қонымды, тәжірибелі маманның пікірі. Осыдан 30-40 жыл бұрын айтылған Зылиха Тамшыбаеваның қант қызылшасы туралы пікірлері қазіргі таңда да өзекті. Маман жабайы және қолда өсетін қызылшаның айырмасын атап, түбірдің салмағын ауырлату жолдарын талдайды. Бір сөзбен айтқанда, Зылиха анамыз сан қырлы маман әрі білікті басшы бола білген үлкен жүректің иесі еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа еңбегін жариялады. Мемлекет басшысының қаламынан туған ойтолғаныстар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз. Президентіміз жаңа еңбегінде ел мен жер туралы тебіреніп, тәуелсіздіктің құндылығын түсіндіреді. Халқының алдында басын иеді. Балалық шаққа саяхат жасап, сағынышын жеткізеді. Сол кезден бері келе жатқан ұлттық дәстүрді, әдепті, бірлікті, татулықты тілге тиек етеді. Елбасы да еңбекпен есейген, қарапайым металл қорытушыдан әлемдік деңгейге көтерілген көреген басшы ғой. Жаңа ойтолғамында: «Халқымыздың қадірлі қасиеттері ұшан-теңіз. Олар ата-баба дәстүрлерінен бастау алады. Қазақ – ойшыл халық, ақын халық. Сәби жүрегінде желкілдеген арман мен үміт, қиял мен ой көкірегінде сәулесі бар қазақ баласын өлең өлкесіне алып келеді. Халқымыздың ақынжандылығы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәңгілік мектеп. Телегей- теңіз ауыз әдебиетінің қайнарынан сусындаған ұлтымыздың ұлы тарихындағы ұлағатты белестер бұған нақты дәлел. Біз тарихын тілмен де, ділмен де жазған халықпыз», – деп жазады.
Зылиха Тамшыбаева Елбасы айтқан осынау бабалар дәстүрін кеңестік қыспақтың өзінде берік ұстанды. Халықтың, елдің анасы ретінде талай жанға басу айтып, ара ағайындыққа түсті. Шекіскендердің арасын бекістіріп, әкесі аманаттаған кешірімді, рақымшылықты өзгеге де айтты. Сөзімен емес, ісімен, көп арасындағы игілікті бастамаларымен дәлелдеді. Ешкімнің ала жібін аттамады. Сондықтан да шығар, бәлкім, еңбек анасының есімі бүкіл елге таралып, шетелге шығып жатты. Оған жан-жақтан түрлі тақырыпта жазылған хаттар ағылатын.

Мұнша танымалдылық Зылиха Тамшыбаеваны асқақтатып жіберген жоқ. Ол алқызыл алмасы пісіп, үзілгелі тұрған жеміс ағашындай жұмсақ болды. Мейірімді мінезімен-ақ мыңдаған тағдырды түзу жолға салғаны әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді. Талай жанның жанына демеу, көңіліне медет болып, бұл өмірде аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысты. Талай тұрмыста кездесетін түйіндерді бейбіт жолмен шешіп, даналықтың, парасаттың үлгісін көрсетті. Мұны біздің көксулықтар бүгінге дейін үлгі етеді. Болашақта да адал еңбек ету жолында мәңгілік бойтұмар етпек. Біз Зылиха Тамшыбаевамен мақтанамыз, осындай ел анасын туған қазақ халқымен бірге қуанамыз. Әйгілі Еңбек Ерінің 80 жылдығы – барша Алаш жұртының тойы, мәнді мерекесі, тағылымды шарасы. Зылиха анамыздың есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалғаны ақиқат.


Алмас ӘДІЛ.
Көксу ауданының әкімі.