СӘУКЕЛЕ АРУДЫҢ АРЫ ЕДІ

Уақыты: 13.01.2019
Оқылды: 4477
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлы Даланы мекендеген Мәңгілік Елдің келешегі үшін талай сұрапыл соғыс та, тағдыр тәлкегіне түсірген ашаршылық пен қуғын- сүргін де болды. Жалған жала жабылып, жазықсыз жапа шеккендердің саны тіптен көп.  Миллиондап қиылған жан мен төгілген қанның нәтижесінде қол жетпес сағымға айналған тәуелсіздік таңы атты. Міне, содан бері ширек ғасыр артта қалды. Соның ішінде экономикалық әлеуетіміз барынша артты, ал рухани болмысымыз ше? Ұлттық тәрбие мен мәдениетімізді сақтай алдық па?

Иә, қазақтың болашағына алаңдайтын әрбір жанды осы сауал мазалайтыны рас. «Біз түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – қасиетті Құран» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жарыққа шығарғанда-ақ терең тарихымызды зерделеуді мақсат тұтты. Күні кеше ғана жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы соның заңды жалғасы деп білеміз. Рас, ертеден темір өңдеп, алтыннан киім киген бабаларымыз әлем өркениетіне озық мәдениет дарытты. Бірақ...
Алты құрлыққа әмірін жүргізген Түрік қағанатының заңды мұрагері атанған қазақ рухани жағынан жұтаңданып бара жатқандай. Халықтың бүгінгі болмысы кейбір жағдайда көңіл алаңдатады. Түрі қазақ болғанымен тілі бөлек қандастарымыз атой салып жүр. Ыбырайлар мен Ахметтер үміт артқан кейбір жастардың жайы жаға ұстатады. Оларды Мағжанның «сенімін» ақтай алып жүр деу де қиын. Соңғы жылдары әлем назарын өзіне аударған белгісіз тілде ән салатын МС Сайлаубек, құлағын тесіп, шашын бояған жігіттерден құралған «Ninety one» тобы, қазақ қызының жалаңаштануын көрсетіп, айды аспанға шығарған Айжан Байзақова сынды әйгілі жандардың саны артып келеді. Оларды әйгілі қылған тағы өзіміз. «Атың шықпаса, жер өртенің» кебін киіп, қара «пиардың» шекпенін жамылғандарға тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Ғаламтордың ықпалы арқылы «Борат» айдарын тағынған елді жарты әлем жаңаша сипатта тамашалауда. 
Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қылаң беріп, Шырын Наршаева есімді «жұлдыз» шықты. Ұлттық әшекей тағынып, жалаңаштанған арудың суреті мен бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Оқырманы көп ақпараттық порталдар күн сайын жаңалық жариялап, жарнамалауын жалғастыруда. Оның Instagram парақшасындағы жазылушылар саны 200 мыңға таяп қалды. Тек әшекеймен шектелмей, қасиетті сәукеле киіп түскен суреті мыңдаған «лүпілге» ие етті. Наразылық танытқан жандардан кешірім сұрап, ортан терегін шошайтқан бейнежазбасын 800 мыңға жуық адам тамашалапты. Солардың ішінде балиғат жасқа толмаған жастардың санын елестетудің өзі қорқынышты. Тілі шықпай жатып смартфонға әркім үйір. Мектеп оқушыларының да қалтасында бір-бір телефон.  Қадағалап жатқандар жоқтың қасы. Осыны ескергенде «Мен қазақ қызымын» деп мақтанған аруға еріп,  үлгі, өнеге алушылар да жетіп-артылатыны айдан анық. Жақсыны жасырып, жаманды асыру деген осы шығар.
Сәукеле – қыздың ары, иманы мен жиғаны. Сайып келгенде, ұлтымыздың айнасы. Ұзатылған қыздың бағы басындағы сәукелемен бағаланған. Мыңдаған жылқының құнын иеленген киелі баскиімнің қадір-қасиеті осынша төмендегеніне сенгің келмейді. Он сегізге жаңа толған қаракөз қарындасымыз осындай көзқарас танытса, басқалардан не қайыр? Бұл әрекетіне ата-анасы мен туған-туыстары оң пікір білдірген екен. Қызды шешіндіріп, абырой таппасы олардың санасына сіңбесі анық. Сондықтан, «қызды қырық үйден тыйған» халқымыз қоғам болып атсалыспаса, ауырмаудың жолын емес, аурудың емін іздеп сан соғып қалармыз.
Әлеуметтік желілерде Шырын Наршаеваға қатысты жазбалар жазып, көпшілік наразылық білдіруде. Солардың бірі Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Арман Сқабылұлы өзінің Фейсбук парақшасында: «Анау төсін жалаңаштаған бәлекетке қатысты бірдеңе десеңізші депті өзім сыйлайтын бір қарындасым. Не айтам? Бұл «шайтандарға» назар аударып, бірдеңе жазған сайын құтыра түседі. Құтыртатын тағы өзіміз. Өткенде «Күйеуімнің көзіне шөп салдым» деп жаһанға жар салған біреуін жерден алып, жерге салып едік, ол тіпті жұлдыз болды. Баламыз, немереміз, өзіміз соның Инстаграмдағы парақшасына жаппай жазылып, жазылушыларын бәленбай миллионға жеткіздік. Байзақованы да солай аспандаттық. Енді мұндайға назар аудармаймын деп шештім. Туған-туыс, бауыр, дос, бала-шағаның барлығын «шайтандардың» парақшасына жазылмауға, байкот жариялауға шақырамын. «Мәдениет министрлігі қайда қарап отыр» дегенді де айтпай-ақ қоялық. Оның да төсі жалаңаш...», – дейді.

P.S Өскелең ұрпаққа Әлия мен Мәншүк, Ләззат пен Сабиралардан гөрі солардың аты етене таныс. Қайсар Қайраттың батырлығына емес, кәрісше киінгендердің болмысына қызығатындар артып барады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда түзелмей жатқан бесікті көріп, кеуденің сол жақ тұсы жиі шаншиды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,

"Жетісу"