ГАУҺАР ӘЛІМБЕКОВА ІСТІ БОЛДЫ

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 1675
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әйгілі әнші, композитор Гауһар ӘЛІМБЕКОВА алаяқтығы үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы "31" телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметі хабарлады.

Алматының Алмалы аудандық соты осындай үкім шығарды. Г.Әлімбекованың сот отырысына қатысқан інісі мен сіңлісі судья үкім оқығанша Гауһар ақталады деп сенімді болған. Алайда сот залынан әншіні қолына кісен салып әкетті.

Журналист Ләззат АХМЕТЖАН-ОМАН жәбірленуші Бақыт НАЗАРОВАМЕН сұхбаттасқан. Оның айтуынша, олар әншімен 15 жыл араласып дос болған. Қазақ эстрадасының белгілі өкілі «Ақкент» тұрғын үй кешенінен үй алып беремін деп 40 мың доллар алған. Алайда не үй әпермеген, не ақшаны қайтармаған.

«Баламның көлігін саттым. Зергерлік бұйымдарды өткіздім. Бірнеше несие алдым. Қателігін мойындап, тәубесіне келетін шығар деп күттім. Бірақ ол кінәсін мойындамады», — деді Бақыт Назарова.

Гауһар Әлімбекова Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша жауапқа тартылды. Мемлекеттік айыптаушы Дәурен ДҮНБАЕВ Әлімбекованың жазасы толық дәлелденді деп, судьядан сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бақыт Назарова  моральдық өтемақы ретінде 51 мың доллар мен 10 млн. теңге өндіріп беруді сұраған. Сот оны ішінара ғана қабылдап, айыпталушы жәбірленушіге 40 мың долларды қайтарсын деп үкім шығарды.

Сот Гауһар Әлімбекованы алты жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарып, орташа қауіпсіз мекемеде жазасын өтеуге кесті. Әнші кінәсін мойындамайтынын айтты. Сот отырысында эстрада әншілері бой көрсеткен жоқ.

Дереккөз: 31 арна