"Жетім" қарттар

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 1929
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өмірде қашып құтыла алмайтын екі жол болса, бірі – тағдыр, екіншісі – ажал. Себебі, мұнда түскендердің бәрі: «тағдыр солай болды», –  деп жауап береді. «Пенденің пешенесіне жазылған жазу осылай болғаны  да», – дейді олар тағы. Жыл өткен сайын Қазақстанда қарттарға арналған интернат үйі көбейіп келеді. Демек, сұраныс артты деген сөз. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес, әрине.

«Қарттар үйі, жетімдер қоғамы» деген ұғымдар бір кездері жат еді. «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, бұл үрдіс батыстан бастау алған. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары еңбекке жарамсыз, қамқорсыз қалған жандарға арналып салына бастаған ғимарат бүгінде қаншама жетім қарияларға мекен болуда. Соңғы дерек бойынша, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлердің саны 87-ге жетіпті. Бүгінгі күні 30 мыңнан астам қария осындай үйде тұрып жатыр. Қапшағай қаласындағы  қарттар үйі 1974 жылы салыныпты. Мұнда тұратын 151 адамның 97-сі әйел. Қаракөздердің саны – 73. 
Бұл үй мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, өзекті өртер өкінішке толы болғанымен, мұнда аяулы әже, ақ сақалды атаның ақ батасы бар. Мен бөлмеге кіріп келгенде сол жақта төсек үстінде отырған ақсары, толықша келген, жүзі жылы, басында ақ орамалы бар, жасы алпысқа таяп қалған ананы көрдім. Амандасып жөнімді айтқан соң: «Келе ғой, қызым, төрге шық», –  деді бірден емен-жарқын қарсы алып. Қарсы бетте отырған ақсақал да жаны қалмады. Бірақ ол кісі әңгімеге араласқан жоқ. Апа екеуміз бірден жақсы сөйлесіп кеттік. Асыл ана сәл күрсініп сөз бастады:            – Бақанастай көркейген жасыл ауылым бар. Ел қатарлы өмір сүріп келе жатыр едік. Орта жолда жолдасым қайтыс болды. 1992 жылы кеңес тараған уақытта балалар күнкөріс қамымен Алматыға кетті. Екі ұл, бір қыздың анасымын. Пойызда балық  сатып күн көрдік. Сондай күндердің бірінде 2002 жылы Отарда пойыз жүріп кетіп, мен асығып түсем деп аяғымды сындырып алдым. Гипс салып еді, дұрыс салынбай бір аяғым кем боп қалды. Міне, мынаған  сүйенгеніме он шақты жыл болды, – деп іргеде сүйеніп тұрған балдақты көрсетті. – Денсаулықтан айырылған жаман екен. Алматыда үйде отырып масыл болғым келмеді.  Бақанасқа қайта оралып, бір сіңлімнің үйінде біраз уақыт болдым. Қор болма деп сол сіңлім осындай үй барын айтып, құжаттарымды жасап осында әкеліп тастады. Жанашырым да өмірден озды. Мұнда келгеніме тоғызыншы жыл болады биыл. Балаларыма айтпай келдім. Олар ренжіп алып кетеміз деп сан мәрте келді. Ауыртпалық салғым келмеді. Тіпті, бір жылдай қатынаспай да қойды. Тағдырлы жандар бір-бірімізбен сөйлесіп, бір үйдің баласындай болып кеттік. Содан соң мына атаңмен бас қостым. Балалармен осы кісі арқылы татуластық. Демалыс күндері үйге барып тұрамыз, – деп езу тартты қарт ана. Осы арада ұзақ ойға шомған қария да әңгімеге араласты. – Қарағым, мен 1931 жылы дүниеге келдім. Қиын-қыстау кезде әке-шешеммен Қытайға көшіп кетіп, 1963 жылы елге  өттік. Жамбыл ауданы, Ұзынағашта екі-үш жыл мал бақтық. Жолдасымның денсаулығы болмай, өмірден өтті. Өзім физика-математика пәнінен сабақ бергенмін. Нарынқолда мұғалім болдым. Ел ішінде біліміммен адал қызмет істедім. Тек тағдырдың талқысы деген осы, бірінен кейін бірі бес бала көз жұмды. Кейіннен Қарғалыда фабрикада жұмыс істедім, «Еңбек ардагері» деген құрметке де ие болдым. Соңғы баламды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп келе жатыр едім, әбден толысып жігіт болған шағында әскерге кетіп опат болды. Сол кезде Ауғанстан соғысына қатысып, әуеде ұшқан ұшақта болған екен. Түгел қырып салыпты. «Басқа түскен баспақшыл» деген, қарағым. Басыңнан бақ кетпесін де. Әйтпесе, кімге дұшпан болыппыз, кімнің ас-суын тартып алыппыз? Шәкірт тәрбиелеп білім бергеннен басқа елге зияным тимепті, –  деп таусылған қария жанарына жас алды. – Адамның қартайған шағындағы жалғыздығы жаныңа батады. Үлкендер дейтін олар да қалмады. Бауырларым қайтыс болып кетті. Туыстардан кейінгі жас балалар мен жас келіндер. Жалғыз қалғандықтан, науқас болып қалмай тұрғанда, аманымда есімді табайын деп осында келдім. Үлкен атам молда болған. Сол кісінің қасиетінен болар, мен арақ-шарапқа, темекіге жастайымнан әуес болмадым. Мұнда келгендердің басым көпшілігі ішімдікке салынғандар. Алғашында сондай адамдармен бір бөлмеде жатқанда қиын болды. Жөні түзу болса, әйел адаммен шығысып тұрайын деп осы апаңмен танысып, көңіл жарастырып бірге тұруға бел байладық.  Апаңның балаларымен тұра алмайтын басты себебі олардың  басында  үй жоқ, бір бөлме пәтерді жалдап тұрады. Олардың балалары бар. Тар бөлмеде мына жағдаймен қалай өмір сүреді? Қызы күйеуде, – деп әңгімесін сабырлы тиянақты жеткізді ата.
Тағдыр талқысы деген осы. Біріншісі – амалсыздық, екіншісі – жалғыздық. Бірақ жарым көңілді жандардың табысуы – тағдыр. Ақтап алатындай жағдай дегенмен қабылдау қиын. Әдетте біздер ата-анасын қарттар үйіне жөнелтетін жастар көп деп кінәлаймыз. Себебі, қазақтың қанында болмаған бұл жағдай тасжүрек қоғам қалыптасып жатыр ма деп қатты алаңдататын. Дегенмен, мұнда келгендердің басым көпшілігі ішкілікке салынып, далада қалған соң жеткізілген. Кейбір қазақтың қарияларынан қадір кеткенін осыдан байқайсың. «Бейнетінің зейнетін көріп, бала-шағасына ақыл айтар шақта ескі әдеттен арылмаған олар балаларының да өмірін ойран етері сөзсіз. Не болмаса ешкімі жоқ баспанасыз жалғыз қалғандар мен мүгедек жағдайында тапсырылады», – дейді мұндағылар.  Тағдыр талқысына түскендер барар жері, басар тауы жоқ болып далада жалғыз қалып, көмусіз кетуден қорыққан соң осы жерді паналап жатады. 
Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мекемесінің деректері бойынша Еуропа елдерінде қарттар үйлерінде көбінесе ешқашан некеге тұрмаған немесе балалары жоқ әйелдер тұрады. Испания мен Грекияда 15-20 адамға арналған қайырымдылық қорлар мен жеке адамдар ашқан кішігірім интернаттар құру кеңінен тараған. Данияда 2002 жылдан бастап қарттарға арналған интернаттар салынбайды. Бұлардың орнына егде адамдардың қажеттіліктеріне бейімделген жеке тұрғын-үйлер салынады. Ал Ресейдегі қарттар үйі дегеніміз, шипажайға барып демалып қайтқанмен тең. Қарттар үйлері арасында бәсекелестік деп айтсақ та болады. 

Мақпал Мыса